Заңгерлер тұрғын үй сатылымы кезінде құжаттардың заңды екендігін анықтап, сатылымдағы үйге қатысты алаяқтық істердің бар-жоғын тексеру қажет екендігін айтады. Алайда, нақты іске келгенде көпшілік нотариустың көмегімен тұрғын үйді сату және сатып алу туралы екіжақты өзара келісімшарт жасаумен шектеліп жатады. Тіпті, кепілақы төлемін еш куәгерсіз рәсімдеп, артынан опық жеп жататындар да жоқ емес. Сонымен қатар, үйді күрделі жөндеуден өткізгенде кейбір тұрғындар үйдің техникалық жоспарын өзгертіп
жібереді. Мұның арты неге әкелуі мүмкін? Үйдің жобасы өзгергеннен кейін оны сату кезінде қандай қиындықтар орын алып жатады? Осы ретте «Тұрғын үй сатылымындағы тараптар құқы» мәселесі жөнінен құқықтық сауатыңыз болғаны абзал. Осыған байланысты заңгер нотариус Райхан ҚУАНТАЕВАНЫҢ кеңесіне жүгінген едік.
– Үй сатып алу үшін құжаттардың заңды екенін қалай тексеруге болады? Яғни, баспананы сатар тұста немесе сатып алар кезде қандай құжаттар тиянақты әрі толық болуы тиіс?
– Сатып аларда немесе сатар кезде жылжымайтын мүліктің барлық құжаттары түпнұсқа екенін тексеріп алыңыз, яғни мүліктің құқықтарын білдіретін: сатып алу-сату шарты, сыйға тарту шарты, мұраға құқық туралы куәлігі, жеке меншікке беру куәлігі, салынған үйдің заңдастырылған актісі және т.б. құжаттары болуы керек. Осы құжаттарда бірінші – нотариустың немесе құжатты берген мекеменің көк бояулы мөрі және сатып алушы мен сатушының, жауапты орындаушының қолы қойылған болуы керек, екінші – мемлекеттік тіркеуден өтті деген мөрі немесе мемлекеттік тіркеу туралы электрондық хабарламасы болуы міндетті. Сонымен қатар, мүліктің техникалық жоспары, жер телімінің мемлекеттік актісі болуы шарт. Егер сіз сатып алушы болсаңыз, үй иесімен нотариусқа, немесе халыққа қызмет көрсету орталығына барып, құжаттарыңызды көрсетіп, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтарды) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтаманы алып, құжаттардың орталық базада дұрыс тіркелгенін тексеріп алғаныңыз жөн.
– Пәтердің қолдан-қолға жиі өтуі орын алып жатса, ал риелторлар оны «инвестициялық» мақсаттағы пәтер деп сатуға ұсынып отырған жағдайда сатып алушы қандай құжаттарға баса назар аударуы керек?
– Жылжымайтын мүліктің қолдан-қолға жиі өтуі орын алып жатса, ол «инвестициялық» мақсаттағы немесе «заңсыз тұстары бар, криминалды» болуы да мүмкін. Мұндай жағдайда сатып алушы жылжымайтын мүлікті жан-жақты, яғни көршілерінен, КСК арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тексеріп алғаны дұрыс және жоғарыда айтып кеткендей, жылжымайтын мүліктің құжаттары түпнұсқа екеніне көз жеткізуі қажет.
– Егер сатып алушы құрылыс компаниясынан үй сатып алғысы келсе, ақшасын бөліп төлейтін болса, онда қандай келісімшарт жасалады? Үлескерлік келісімшарт жасалса, қарызын өтеп болғаннан кейін қосымша шарт жасала ма әлде сол жеткілікті ме?
– Сатып алушы мен құрылыс компаниясы арасында алғашқы жарна төленгеннен кейін үлескерлік келісімшарт жасалады. Содан кейін үй салынып бітіп, құжаттар толық тіркеуден өткеннен кейін, егер сатып алушы пәтердің құнын толық төлесе келесі келісімшарт, яғни меншікке беру келісімшарты жасалады және бұл келісімшартты аудандық әділет басқармасына барып тіркеуден өткізу қажет болады, сонда ғана сатып алушының алған жылжымайтын мүлкі толық меншігіне өтеді.
– Жылжымайтын мүлікті сатып алар кезде ақшаны берудің қауіпсіз тәсілдері қандай? Үйді сатушы банк арқылы есеп айырғысы келсе, онда келісімшарт қай кезде жасалуы тиіс? Ақша аударылуға дейін бе, әлде кейін бе? Егер алдымен ақша аударылса, оған куәгер керек пе, ал сатушы қолынан ақша алғандығы туралы растама қағазы қажет пе?
– Жылжымайтын мүлікті сатып алар кезде, немесе ақшаны беру кезінде қасыңызға жақын туыстарыңызды ертіп алғаныңыз дұрыс. Ақшаны меншік құқығы ауысу шартын жасаған кезде қолма-қол бергеніңіз жөн. Сондай-ақ, сатып алушы қолынан ақша алғандығы туралы растама қағаз алуыңыз қажет. Сатушы банк арқылы есеп айырғысы келсе, онда келісімшартты жасар алдында ортақ бір шешімге келіп алған дұрыс. Егер алдымен ақша аударылса, әрине, куәгердің болғаны жақсы. Мүмкін болса, келісімшарт жасағанға дейін банкке өтініш беру арқылы шотқа бұғау салып қойған жөн, және сатушы қолынан ақша алғандығы туралы растама қағаз алу қажет. Егер келісімшартты ақша аударылуға дейін жасаған жағдайда, келісімшартыңызда төлемақы банкте жасалды деп көрсеткеніңіз дұрыс болады.
Арман ОКТЯБРЬ,
журналист
АЛМАТЫ