– Өскемен қалалық жол-патрульдік полициясы батальонында қазір кадр тапшылығы қатты сезіліп отыр. Батальон құрамында бүгінде 341 қызметкер бар. Әр ротада елу шақты полиция жол, көше қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Дәл бүгінгі күні бізге 47 полиция қызметкері керек, осыншама полицияның, яғни бүтіндей бір ротаның орны бос тұр, – деді Өскемен қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметінің басшысы Александр Соколовский жақында Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен жиында.
Жергілікті полиция қызметі басшысының айтуынша, мамандардың тапшылығына басты себеп – олардың алатын еңбекақыларының мардымсыздығы. Мәселен, қатардағы батальон полицияларының жалақысы бар-жоғы 60 мың теңге көрінеді. Александр Соколовский бұл қызметте негізінен аудандар мен ауылдардан келген жастар еңбек ететінін, алайда, олардың баспана мәселесі шешімін таппай отырғанын, үй жалдауға тапқан жалақыларының жетпейтінін көлденең тартты.
– Міне, қазір 30-40 адамның жұмыстан кетуге орай жазып берген өтініші алдымда жатыр. Оның бәрін қоя берсек, мүлде мамансыз қаламыз. Пәтер жалдау ақысын төлеуге жеңілдіктер беру жағы қарастырылмай келеді. Қызметке тұру үшін жас жігіттердің әскерде болуы да басты шарт, – деді ол.
Маман мәселесі шешімін таппай отырса да, өскемендік жол полициялары өз міндеттерін мүлтіксіз атқарып келеді. Мәселен, қаладағы жол жүру ережесін бұзу фактілері биыл былтырғы жылмен салыстырғанда біршама төмендеген. Қаңтар айының қорытындылары Өскеменде өткен айда жол жүру ережесін бұзу фактілері 2016 жылдың аталған мерзімімен салыстырғанда 24,3 пайызға азайғанын көрсетіп отыр. Өскемен қалалық жол-патрульдік полициясы батальоны құрамы былтыр қаңтар айында 4 883 жол ережесін бұзу фактісін анықтапты, биылғы көрсеткіш – 3 697.
Жақында облыстық әкімдікте өткен жиындардың бірінде Шығыс Қазақстан облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Дулат Қазақпаев 2016 жылы өңірде орын алған қылмыстық көрсеткіштерге тоқталып, облыс орталығы – Өскемен қаласының облыста қылмыс жасаудан көш басында тұрғанын тілге тиек еткен-ді. Оның айтуынша, аймақта 202 бейнебақылау камералары орнатылған, соның арқасында 255 қылмыстың ізі суымай ашылып, 20 236 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған екен. Жергілікті полиция қызметінің бастығы қоғамдық орындар (3,3) мен көшелерде (14,8) орын алатын қылмыстардың деңгейі біршама төмендегенін де атап өткен болатын сол жиында.
Бұл деректерді бекерге келтіріп отырған жоқпыз. Біз сөз етіп отырған жол-патрульдік полициясы тек жол-көлік ережелерін бұзғандарды анықтаумен ғана емес, қала көшелеріндегі, тұрғын үйлердің аулалары мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысатыны да белгілі. Ендеше, қылмыстық көрсеткіштер бойын-
ша өңірде көш бастап тұрған Өскемен қаласының құқық қорғау органдарындағы маман жетіспеушілігінің түйінін тарқату кезек күттірмейтін өзекті мәселе екені анық.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН