07 Наурыз, 2017

Өскеменде аруларға көшеде гүл шоқтары таратылды

350 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Өскеменде әйелдер қауымының асыға күтетін мерекесі алдында әдемі акция ұйымдастырылды. «Сүйіктіңе гүл сыйла» деп аталатын дәстүрге айналған шара Өскемен қалалық әкімдігі мен Жастар ресурстық орталығының қолдауымен өтті. Акция барысында бүгін таңертең әкімдік қызметкерлері жастармен бірге көшеге шығып, нәзік жандыларды мерекелерімен құттықтап, гүл шоқтарын сыйлады. -Халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында жыл сайын шаһардағы аналарымызға, аруларымызға гүл шоқтарын тарту етіп келеміз. Қаланың барлық аудандарын қамтуға тырыстық, - дейді Өскемен қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Ринад Ахметжанов. Белсенді жастар әдемі безендірілген көліктермен шаһардың орталық көшелері саналатын Республика алаңынан «Император», «Альшемали» сауда орталықтарына, Орталық базар маңына және Жібек маталар комбинаты ықшам ауданындағы Ана мен бала орталығына арнайы барып, бұрымдыларды құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, танымайтын адамдардың гүл ұсынғанына таңырқай қарап, әуелде бас тартқан кісілер де болыпты. Бірақ көпшілігі тосын сыйды ерекше ықыласпен қабылдап, алғыстарын білдірген көрінеді.  Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН