07 Наурыз, 2017

Астанада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шара өтті

319 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Астана қаласындағы «Хан Шатыр» СОСО-да «Қазақстан зағиптар қоғамы» мен «Ахыска» түрік этномәдени орталығының ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қайырымдылық шарасы өтті. Халықаралық әйелдер күніне арналған шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, эстрада жұлдыздары, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты. "Көктемнің алғашқы мерекесінде нәзік жандылар ерекше бір сыйлықты күтетіні белгілі. Мүмкіндігі шектеулі жандар да қоғамның бір бөлшегі.  Өзіммен бірге зағип немеремді ертіп келіп отырмын. Екеуіміз барша қыздарға арнап ән шырқадық", – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Зухра Саяпова. Қайырымдылық шарасы алты жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдем көрсету. Биыл да өткен жылғыдай Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын жүзеге асыруға бағытталып отыр. Жиын сондай-ақ, жұлдыздар мен әртістер ұйымдастырған мерекелік концертке  жалғасты.