09 Наурыз, 2017

Күлімдеген көктемдегі шуақты кездесу

819 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Гүл-көктемнің күлімдеген күні­мен бірге келіп жеткен арулар мере­кесіне орай, Елбасының жыл сайын нәзік жандар қауымының өкіл­дерімен жүздесіп, құттықтауы дәс­түрге айналған. Биыл да өнерімен, еңбегімен еленіп жүрген арулармен Мемлекет басшысының «Көктем шуағы» атты кездесуі өтті. Президент кездесуге келген қыз-келін­шектердің әрқайсысына көңіл-бөліп, емен-жарқын әңгімелесті. – Қымбатты ханымдар! Жыл сайын Ақордада дәстүрлі «Көктем шуағы» дәл осы кезде өткізіледі. Оны өздеріңіз біле­сіз­дер. Алдағы келе жатқан мереке – Әйел­дер күні баршаңызға құтты болсын! Бақ-бе­ре­ке, жақсылық тілеймін! Бүгін біз­­дің орта­мыз­да әйел азаматтардың әр са­ла­­да қыз­мет іс­теп жүрген өкілдері бар. Көп бала­лы ана­лар, депутаттар, ғалым­дар, сот, диқан, кә­сіп­кер, өнер­тапқыш, дәрі­гер, әнші, жур­на­лист, актриса, спорт­шы, жауын­­­герге дейін арамызда отыр,– деген Ел­­­ба­­сы елі­мізде әйелдердің рөлі­не әр уа­қыт­­та назар аударылып келе жатқанын айтты. – Біз – ананы, әйелді әр уақытта құр­меттеп, жоғары бағалаған халықпыз. Батыр аналарымыз ел басына күн туған­да ер-азаматтармен бірге қолына қару алып, Отан қорғаған. Ел үшін ер-аза­мат­тармен бірге жауға шапқан Бопай ханым, Хиуаз Доспанова, Әлия, Мәншүктер өшпес ерліктерімен елдің санасында қал­ғанын бәріміз жақсы білеміз. Қазақ әйел­дерінің арасында зор құрметке бө­лен­ген үлкен аналарымыз Домалақ ана, Айша бибі, Айғаным ханша, Зере әже­лері­міз парасаттың символы болып сан­алады. Бүгінгі Қазақстан әйелдері – сол па­расатты жалғастыратын, аңызға айналған ан­алары­м­ыздың жолын жалғайтын ізба­сар­лары. Біз әрқашан «Әйел – үйдің қазы­ғы» деп әйелін құрметтеген халықпыз. «Қыз өссе елдің көркі» деп қызын құрметтеген халықпыз. Ұлы Далада қилы заманнан келе жатқан игі дәстүр қазір де жалғасуда, – деді Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы өз сөзінде әйелдер қауымының Қазақстан қоғамын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқанын айтты. Нәзік жандылар бүгінде қол қусырып қарап отырмай, ел экономикасының барлық саласында, мемлекеттік қызметте, ғылымда, жеке кәсіпкерлікте, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында еңбек етіп жатыр. Бүгінде мемлекеттік қызметкерлердің 55 пайызын арулар құрайды. Білім беру саласында – 65 пайыз, денсаулық сақтау ісінде 75 пайыз әйелдер жұмыс істейді. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын жандардың тең жартысына жуығы нәзік жандылар, шағын және орта бизнестің 42 пайызы әйелдер қауымының қолында. «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде білім алған 12 мыңнан астам жастың жартысы қыздар. – Біз қасиетті Тәуелсіздігіміздің үшін­ші мүшеліне аяқ бастық. Осы жыл­­дарда мемлекеттігіміз нығайып, аяғы­на нық тұруына әйелдердің қосқан үлесі ерекше. Елімізде еңбек ететін аза­мат­тардың тең жартысынан көбі қыз-келін­шектер. Әйелдер Үкімет құра­мын­да, Парламент қабырғасында, түрлі дең­гейдегі әкімдіктерде табысты жұмыс ат­қаруда,– деді Елбасы. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазіргі таңда елімізде еңбек етемін, табыс табамын деген жанға барлық жағдай жасалып жатыр. Ең бастысы, ел іргесі тыныш, татулық пен тұрақтылық бар. Бұл ең маңызды мәселе болып табылады. – БҰҰ мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде жер жүзінде 1 миллиардқа жуық адам аштықтан азап шегуде, 3 миллиард адам тақыр кедей, 16 миллион адам құлдықта өмір сүреді. 65 миллион адам босқын болып, шыбын жаны үшін жат жерде бас сауғалап жүр, оның жартысы жастар мен сәбилер. Осындай алмағайып заманда еліміздің бейбітшілікке бөленуі бірлік пен берекеге ұйып, татулықты ту еткенінің ар­қасы. Елімізде жыл сайын мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылып жатыр. Еңбек етемін деген жанға барлық мүмкіндік жасалу­да. Біз – тәубесінен жаңылмаған ел­міз. Барды бағалап, көз­дің қарашығындай сақ­тай білген халық­пыз. Әрі қарай да осыны сақтай білуі­міз керек. Тату елде тақсірет болмайды, – деді Президент. Елбасы сөз еткендей, Қазақстандағы өмір стандарты орташа әлемдік көрсет­­кіштен асып түседі. Еліміздегі тұрғын­дардың адами сұраныстарының, қажет­тіліктерінің артуы қалыпты құбылыс. Бұл туралы Президент Синга­пур­дағы жағдайды мысалға келтіріп өтті: – Сингапур әлемдегі бай мем­лекет­тер­дің бірі саналады. Мен елді ұзақ уа­қыт басқарған бұрынғы басшысынан «Сіз­­дер­де бір адамға 60 мың доллардан ке­ле­ді. Халықты баспанамен қамтамасыз ет­ті­­ңіз­дер, бәрі күйлі-қуатты тұрады. Олар­дың сұраныстары бар ма?» деп сұрадым. Ол: «Әрине, болғанда қандай. Пәтер­де тұ­ра­ты­ндар жеке үйлі болғылары келе­ді. Тойо­та мініп жүргендер Мерседесі бол­ға­нын қалайды», деп жауап берген еді. Бұл дұ­рыс та. Адамның ынтызарлығы жұ­мыс іс­теуге, ақша табуға итермелейді және бү­кіл қоғамды ілгерілетеді, –деді Мем­ле­кет басшысы. Н.Назарбаев еліміздегі демо­графия­лық саясат аясында аналар мен балаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінетініне де тоқталып өтті. Осы кездесуде айтылған­дай, биылғы жылы Президенттің тіке­лей тапсырмасы бойынша 2030 жыл­ға дейінгі Отбасы және гендерлік сая­сат тұжы­рым­да­масын жүзеге асыру бас­та­лады. Шіл­де айынан бастап дүниеге келген сәби үшін берілетін жөргекпұл 20 пайызға артады. Жыл сайын аналар мен балаларды қар­жы­лай қолдау үшін бөлінетін шығын көлемі 160 миллиард теңгені құрайды. Тағы 120 миллиард теңге ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры­нан төленеді. Соңғы он жыл ішінде елі­мізде аналар өлімі – 3,7 есеге, ал балалар өлімі 1,5 есеге төмендеген. Сөз жоқ, ана­лар мен бала­лар­дың өмірін ұзартуға қол жеткізу – аса маңызды мәселелердің бірі. Нұрсұлтан Назарбаев аруларға елі­міз­дегі гендерлік саясатты нығайтуға бағыт­талған бірқатар міндетті айқындап берді. Оның ішінде отбасы институтын нығайту басты міндеттің бірі болып саналады. Бұл орайда, Елбасы Қазақстанда ерлі-зайыптылардың жауапкершілік арқалауға дайын болмауының салдарынан некеге тұрған әрбір үшінші жұптың ажырасып жатқаны жөнінде мәлімет келтірді. – Қазір елімізде ата-ананың тек біреуі­нің ғана асырауындағы толық емес жарты мил­лион отбасы бар. Бұл мәселені шешу жө­нінде шаралар қабылдау қажет, – деді Пре­зидент. Сонымен бірге, Мемлекет бас­шы­сы балаларға қатысты кез келген зор­лық-зомбылықты жойып, өскелең ұр­пақ тәрбиесін арнаулы үйірмелер мен меке­ме­лерде патриоттық сезімді күшейту арқылы қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Елбасы айтып өткендей, алдағы уақыт­та төрт жылда бір рет Олимпиада жеңім­паздары жетекшілік ететін Бүкіл­қазақ­стан­дық балалар олимпиадасын өткізу мүм­­кіндігін қарастыруға болады. Тағы бір мә­селе – әйелдердің орташа кіріс деңгейі е­ркек­термен салыстырғанда әлі күнге де­йін үштен бір мөлшерге төмен. Мұндай жағ­дай­дың орын алуының басты себебінің бірі – Үкімет бекіткен Әйелдер еңбегін қол­дануға тыйым салынған жұмыстар тізімі. Елбасы гендерлік саясаттың басым­дығы бар бір бағыты ретінде аналар мен бала­лар үшін қолайлы орта қалыптас­тыру, сондай-ақ анаға деген сыйластық мә­де­ние­тін жандандыру қажеттігін айтып өтті. – Бәлкім, балалар үшін жалпыұлттық ашық есік күндерін өткізіп отыру керек болар. Құрметті ханымдар, сіздердің қолдауларыңызбен біз барлық жоспарымызды іске асыра аламыз деп үміттенемін, – деді Мемлекет басшысы. Жыл сайын Ақордада 8 наурыз мереке­сіне орай өтетін кездесуге әр салада ел өмі­ріне елеулі еңбек сіңірген қыз-келіншектер келетіні белгілі. Биыл­ғы жүздесуге келген арулардың арасын­да да экономика, өнер, спорт, демогра­фия, денсаулық сақтау сынды сан түр­лі салада сүбелі еңбек сіңіріп жүрген нәзік жандылар бар. Атап айтар болсақ, кездесуге Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты, Бала құ­қық­­­тары жөніндегі уәкіл Зағипа Ба­лиева, ға­­лым-микробиолог, «Болашақ» бағ­да­р­­ла­масының түлегі, «Үздік жас ға­лым-2014» байқауының жеңімпазы Әлия Ер­­на­­зарова, жуырда Алматыда өт­кен Уни­вер­сиа­да-2017 чемпионы Анна Шев­чен­ко, ҚХА мүшесі, ауыл мектебінің дирек­торы, қазақ тілі мен әдебиеті пән­дерінің мұ­ға­лімі Ирина Седова, «Жас Атамекен» жас кә­сіп­керлер клубының президенті За­рина Көкжанова, ақын, «Шабыт» халық­аралық байқауының лауреаты Тол­қын Қабылша, әнші, халық­аралық бай­қау­лардың жеңімпазы Мария Галицкая, «Те­ңіз­шевройл» ЖШС адам ресурстарын бас­қару бас менеджері Шол­пан Алты­баева, аудандық ау­ру­­хана­ның бас дәрігері, аудандық мәс­ли­хат депутаты Қарлы­ғаш Рәзиева, Ұлт­тық эко­номика вице-министрі Мәдина Әбіл­қасымова, «Астана-Балет» театрының же­тек­ші балеринасы Милана Буканова, көп балалы ана, «Күміс алқа» иегері Ок­сана Мұқашева, қобызшы, халықаралық бай­қау­лар­дың лауреаты Ақерке Тәжібаева, Ас­тана қалалық кәмелетке жасы толмаған­дар ісі жөніндегі мамандандырыл­ған ауданаралық соттың төрайымы Назилия Раззақ, Абай атындағы Мемлекеттік ака­де­­мия­­лық опера және балет театрының со­ли­сі Оксана Давы­денко, Қазақстан Респуб­ликасы Қару­лы Күш­терінің Парашютпен секіруге да­йын­­­­дау орталығының аға маманы Рим­ма Рама­­занова, белгілі актриса, эстрада ән­шісі Салтанат Бақаева, журналист, рес­пуб­лика­лық байқаулардың жеңімпазы Венера Мир­ланқызы сынды танымал жандар болды. Елбасымен жүздескен нәзік жандылар алғашында толқыныстарын баса алмағаны байқалып тұрды. Олар Елбасына деген лебіздерін білдіріп, шексіз алғыстарын жеткізді. Мемлекет басшысы оларды ықыласпен тыңдап, әдемі әзіл, мағынасы терең тәмсіл айтып отырды. Солтүстік Қазақстан облысы Возвы­шенко орта мектебінің директоры, ұлты неміс, балаларға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретіні жоғарыда айтылған Ирина Седова осы кездесуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа домбыра сыйлады. – Бізді алыс-алыс ауылдардан, еліміздің түкпір-түкпірінен шақырып, осындай шуақты кездесу ұйымдастырғаныңыз үшін Сізге алғысым шексіз. Бұл – біз үшін ұмытылмас тарихи оқиға! Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, менің қазақ тілін білуім тағдырыма ерекше әсер етті. Қазір­гі таңда өзім білім алған мектептің дирек­торымын әрі сонда қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беремін. Енді ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Мемлекеттік тілді білу әрбір азаматтың парызы десек, өзге тілді білу өзің үшін керек. Сондықтан Сіз­дің үш тілді білім беру туралы баста­маңыз­ды қолдаймын. Аса құрметті Ел­басы! Қазақтың шаршағанын басатын да, жан сарайын ашатын да – қасиетті дом­быра. Сіздің домбыраны жақсы тарта­ты­ны­ңызды бәріміз де білеміз. Мен сізге 9 пер­несіне Қазақстандағы 9 миллион әйел­дің өзіңізге деген ықыласы сыятын дом­быра сыйлағым келеді, – деді Ирина Седова. – Мемлекеттік тілді білесің, орыс тілін білесің. Өзіңнің ана тілің – неміс тілін де білесің. Жарайсың!– деген Елбасы сыйға тартқан домбыраны қабыл алып, бір-екі рет шертіп те көрді. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» деген қызылордалық ақын Толқын Қабылша ел Президентіне арналған өлеңін оқып берді. – Өзіңіз Алаштың анасына балаған Сыр өлкесінің, қасиетті Қызылорда хал­қы­ның ыстық сәлемін ала келдім. Бүгін­гідей шуақты мерекеде жүздесу, дидар-ғанибет болу біз үшін айрықша мәртебе, зор қуаныш деп білемін. Рұқсат етсеңіз, бүгінгі аяулы мерекеде жүрекжарды жырымды оқып берейін: Жан болып өстім ибалы, жетелеп игі ой-арман, Отанның сұлу дидары, нұрына таңның боялған. Ерке өстім еркін елде мен, аялап азаттығымды, Паш еттім барлық жерге мен, жасампаз қазақтығымды. Арманды сол бір тіледім, ақиқат қылған жолдасын, Қазақтың әрбір жүрегін, Тәуелсіз қылған Елбасым, Алып та туар анадан, тәмсілді осы ойға алдым. Елбасын туған дара адам, анадан Сіздің айналдым. Отанды ұлы байтағым, көркейткен Сізге арысым, Иіліп рахмет айтамын, ұрпағым үшін, бәрі үшін, – деді ақын қыз. Өз кезегінде Елбасы Толқын Қабыл­шаға: «Ақын қыздарымыздың жолымен жүріп келе жатырсың. Табысты бол, әруақытта өркенің өссін! Шабытың таси берсін!» –деп тілегін білдірді. Белгілі әнші Марина Галицкая осы кездесуде қазақтың танымал композиторы Бекен Жамақаевтың «Махаббат вальсі» атты танымал әнін шырқап берді. Мемлекет басшысы әнші қыздың өнеріне риза болып, тағы бір ән орындауын өтінді. Марина да Президенттің өтінішін қабыл алып, тағы бір ән орындады. Осы кездесуде Мемлекет басшысы көп балалы ана, «Күміс алқа» иегері Ок­сана Мұқашеваны арулар мереке­сі­мен құт­тықтап, «Алтын алқамен» мара­пат­та­ды. Оксана Анатольевна Мұқа­шева Се­­мей қаласындағы емханада мед­бике бо­­лып жұмыс істейді. Серік Мұ­қашев есім­­ді ұлты қазақ азаматына тұр­мыс­қа шық­­қан. Мұқашевтар отбасы бала­лары­ның ал­ды бүгінде оқу озаты, каратэ кеоку­шин­кай сынды спорт түрінен облыс­тық, респуб­ликалық жарыстарда топ жарып жүр екен. – Бар болғаны 38 жаста, «Батыр ана» атағының иегері. Төрт ұл, үш қызды тәрбиелеп отыр. «Алтын алқаны» үлкен ықыласпен табыстаймын,– деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Көктеммен ілесіп келген арулар мере­кесінде әр салада еңбегімен еленіп, елдің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген нәзік жандылармен жүздескен Елбасы олармен емен-жарқын әңгімелесіп, еліміздің бар­лық әйелдер қауымына тілегін айтты. Жүз­де­суге қатысқан арулар да осы кез­де­су үшін Мемлекет басшысына алғыс­та­рын жеткізді. Өздерінің кәсіби және күн­­де­лікті өмірдегі жетістіктерімен бөліс­ті. Кез­десу соңында Президент аруларға Ақор­да ғимаратын аралатып, экскурсия жүргізді. * * * Ақордадағы салтанатты шарадан кейін жылдағы дәстүрмен Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концерт өтті. Ақ жаулықты аналар мен қырмызыдай қыз-келіншектердің құрметіне арналатын осы концерт мол әсерге, махаббат пен шапағатқа, мейірім мен шуаққа толы бола­тынын көзіміз көріп жүр. Бұл жолы да әйел­дер күні мерекесіне арналған бас­ты кон­церт Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өтті. Небары бір сағатқа жуық уақытқа созыл­ға­нымен, көрермендер салтанатты бағ­­дар­ламаның куәсі болды. Олар балалар­дың аналарына арнаған жүрек сырларына елжіреді, отандық өнерпаздардың заманауи және дәстүрлі әндері мен операны да сүйсіне тыңдады. Шарада Сүндет Бай­­ғожин, Алтынай Жорабаева, Қарақат Әбіл­дина, Айқын Төлепберген, «Жігіттер» тобы және та­ны­мал әншілер мен би ұжымдары әсем ән мен биден шашу шашты. Айта кете­йік, «Әлемнің жарығы» деген атпен ұйым­дас­тырыл­ған концертке осы күні Ақордада Пре­зи­денттің қабылдауында болған, қо­ғам­дық өмірдің әр саласында табысты қыз­мет ат­қарып жүрген 18 қыз-келіншек қатысты. Арнұр АСҚАР, Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан» Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды  

Лебіздер легі

Өте тамаша атмосферада өткен мағыналы, мазмұнды әрі көңілді кездесу болды. Президент бала­­ларға қамқорлық жасау­ға ерекше тоқтал­ды. Себебі, біздің атқарып жатқан жұмыстары­мыздың барлығы балалар үшін, келешек ұрпақтың игілігі үшін жасалуда. Сол үшін Елбасына көп рахмет! Маған Президент тарапынан балалардың құқын қорғауға қатысты көптеген тапсырмалар берілді. Шынында да, бүгінгі таңда балдырғандарға қатысты шешілуге тиісті мәселелер аз емес. Өкілетті өкіл ретінде, барлық саяси ерік-жігер мен барлық құрылымдардың мүмкіндіктері бүлдіршіндерді қорғауға, олардың жағдайын жақсартуға жұмсалып жатыр деп айта аламын. Болашақта біздің еліміз бірінші кезекке балалардың құқын қорғауды қоятын мемлекет болады деп ойлаймын. Зағипа БАЛИЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Парашютпен алғаш секіргеннен гөрі, екінші рет секіру қиын болды. Себебі, алғаш секіретін кезде көп ойланбайсың. Екінші рет секіретін кезде қорқыныш күштірек болады, менің тізем дірілдеп кеткенін де мойындаймын. Ұшу құрылғысының бортынан соншама биіктен өз еркіңмен секіру кім-кімге болса да оңай тимейді. Бірақ, бүгін мен парашютпен секіруге қарағанда, Президентпен кездесу қиынырақ екенін түсіндім. Бұл – менің өмірімдегі ең толқынысты сәт. Қуаныштан көзіме жас келді. Римма РАМАЗАНОВА, Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің Парашютпен секіруге дайындау орталығының аға маманы Осы кездесуге қа­тысқаныма, ел Пре­зи­дентінің алдында ән шыр­қағаныма өте қуа­ныш­тымын. Мұндай мүм­кіндік өмірде бір-ақ рет берілуі мүмкін. Сондай мүм­кіндік маған берілгеніне қалай қуанбайын?! Белгілі композитор Бекен Жамақаевтың әнін орындауға алдын ала дайындалғанмын. Бірақ бәрібір бүгін ерекше толқыдым. Әнді Президент те, кездесуге қатысқан басқалар да жақсы қабылдаған сияқты. Екінші әнім тым салмақтылау секілді көрінді, бірақ ол да ұнады ғой деп үміттенемін. Өзімді бақытты сезініп тұрмын. Мені тәрбиелеп өсірген, оқытқан, өнеріме қолдау көрсеткен жандарға рахмет! Бүгінгі кездесуге шақырған жандарға да алғысым шексіз! Марина ГАЛИЦКАЯ, әнші Өз басым бүгінгі кез­десуден қатты әсер­лендім. Президент еліміздің даму барысында аналар мен балаларға жасалып жат­қан мемлекеттік қолдау­лар, қоғамдағы әйелдер қауымының рөлін арттыру туралы баяндады. Бүгінгі кездесуге қатысып, Елбасымен жүздескенім үшін өте қуаныштымын. Мерекеге орай, Қазақстандағы барша әйелдер қауымына мықты денсаулық, сарқылмас қуаныш, мол бақыт тілеймін! Әр отбасында татулық, қайырымдылық, молшылық болсын! Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА, Ұлттық экономика вице-министрі Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»