Көктем келген сайын жігіт атаулыға гүл тасытып, жылып сала берген күнмен бірге қабағы жіпси қалатын Алматыны көрсең – Аналар мерекесінде көр!.. Алматы десе, «Ару қала» деген тіркестің тілге орала беретіні несі екен... Сөйтсек, Тәуелсіздікті құндақтап бесікке бөлеген Алматы – Еркіндіктің анасы екен ғой. Қазақ баласы сонау Желтоқсанда ер-азаматпен қатар тұрып, елім деп ұран салған қыздарға қарыздар. Қазақ қызының сол кездегі ерлігі қысылтаяңда туа салған кездейсоқ әрекет емес, бабаларға жар болған, батырларға ана болған әжелер бойындағы қасиет пен намыстың ғасырларды көктей өтіп, ұрпақтың қанында бүлк еткен бір сәтінің көрінісі еді. Алматы-Ана соған куә болыпты...
Ұрпақ жалғастығы, дәстүр сабақтастығы деген бүгін ғана айтылып жүрген кеп қой деймісіз, елдік жолында ер-азаматқа тірек болған, сын сағаты туғанда гүл ұстайтын қолына қару алып, майданға кіруден де тайынбаған алып аналардың бейнесі әр заманда өзінше үлгімен қастерленіп, қасиеттеліп келіпті. Дәтіңіз жетсе, мәңгі тарихтан ойып тұрып орын алған Қазақ қызын санап тауысып көріңіз!
Осындай тарихи тұлғаларды бүгінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында Алматы қалалық мәдениет және архивтер басқармасы және Алмалы аудандық әкімдігінің қолдауымен Women of Kazakhstan бейкоммерциялық ұйымы мен «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» «Қазақстанның танымал ханымдары» тақырыбында көрме ұйымдастырды. Көрмеге 25 портрет (суретші Лидия Дроздова салған), бірнеше тарихи-деректі еңбек, ашық хаттар, 1930-жылдардан бері қазақ әйелдері алған бірқатар төсбелгілер, Тәуелсіздік жылдарынан бері қазақ қыздарының құрметіне арнайы шығарылған маркалар, конверттер, күнтізбелер қойылды.
Шараны ұйымдастырушы Women of Kazakhstan ұйымының директоры Динара Асанованың айтуынша, көрмеге қойылған заттардың бәрі оның атасына тиесілі. Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Шора Сарыбаев көп жылдар бойы араласқан, көзін көрген, дос болған тұлғалардың фотосуреттерін, қазақ қыздары алған әртүрлі медаль, орден, маркалар мен конверттер коллекциясын жинаған. Көрмені ұйымдастыру идеясы да осыдан шықса керек. Динара атасы бастаған істі ресми түрде қолға алып, жақында Қазақстан Ұлттық кітапханасында үлкен көлемде көрме өткізіпті.
– Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған көрмеге жалпы қордағы материалдардың он пайызы ғана ұсынылды, – дейді Динара Асанова.
Ұйымдастырушылар 1950- жылдардан бері жиналған материалдардың қорын ұлғайтуды жоспарлап отырған көрінеді. Ал, негізгі мақсат – алдағы уақытта Қазақстанда әйелдер музейін ашу.
Көрменің тағы бір артықшылығы – ұлттық өнер мен әдебиетке, қоғам мен ғылым-білімге орасан үлес қосқан қазақ қыздары туралы жан-жақты мәлімет беруді мақсат еткені. Көрмені тамашалаушыларға ақын Сарадан бастап Әлия, Мәншүк, одан бері тартқанда әлемді жалт қаратқан моңғолиялық бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқа дейінгі аралықтағы қазақ аруларының өмірбаяны, жетістігі, әдеби-мәдени мұралары жайлы мағлұмат берілді.
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ