Қазақ киносындағы ана бейнесі туралы ой қаузағанда, ең алдымен, қазақ киносының анасы – Әмина Өмірзақованың «Тақиялы періштедегі» – Тана, «Ана туралы аңыздағы» – Ана, «Гауһартастағы» –Тастанның анасы, Хадиша Бөкееваның «Тұлпардың ізі» фильміндегі – Тұрардың анасы, ал қазақ келіні десе, «Тұлпардың ізіндегі» – Жаухаз (Фарида Шәріпова), «Гауһартастағы» – Салтанат (Жанна Қуанышева), қазақ қызы дегенде, «Қыз Жібектегі» Жібек рөлдері көз алдымызда тұра қалады.
Осы фильмдер жарық көргелі бері қанша уақыт өтсе де, бұлар қазақ әйелінің кинодағы эталоны болып қала бермек. Мұның қандай құпиясы бар? Осы ретте бүгінгі қазақ киносындағы әйел бейнесінен біз кімдерді көреміз, жадымызда жатталар қандай жандар бар десек, ә дегеннен осынау перизат кейіпкерлердей еске түсетін немесе есте қаларлықтай бейнелер кезіге ме деген сұрақтың көлденең тартылары сөзсіз. Әрине, уақыт бір орында тоқтап тұра бермейтіні заңдылық, мұнымен бірге көрермен талғамы да, кино түсіру технологиясы да, кейіпкерлер де жаңғырып, басқаша сипат алатыны, заманауи талапқа сай өзгерістерге ұшырайтыны – өмір талабы. Бірақ, мәселе тек осымен ғана шектеле ме?
Бірде студенттермен шығармашылық кездесу барысында белгілі кинорежиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Кардиограмма» фильміндегі Жасұланның анасы рөліндегі актрисаны қалай кездестіргенін баяндап бергені бар еді. Вокзалдың күту залында отырған режиссер кенет ту сыртынан естілген әйел адамның даусына назар аударады. «Жүзін, түр-тұлғасын көрмей-ақ, оның жұмсақ үнінен жылылық пен мейірім сезіліп тұрды. Бейтаныс әйелдің даусында адам баласының жүрегіне ортақ, асыл аналарды еске түсіретін бір ерекше құдірет бар болатын» деген еді режиссер.
Шын мәнінде, режиссер осы ойы арқылы экранда адамның кескін-келбеті ғана емес, тіпті, дауыс ырғағы мен табиғи бояуына дейін өте маңызды рөл атқаратынын меңзеп отыр ғой. Тіпті, кейіпкердің үнсіз қалпының өзін айна-қатесіз мүсіндейтін, кісінің жан дүниесін, бітім-болмысын сырттай баяндаусыз, бір ауыз сөз айтқызбастан-ақ жанарындағы жарқылмен, езуіндегі күлкімен, жүзіндегі мейірім нұрымен жан-жақты ашып көрсете білетін экранды құдды бір рентген дерсіз. Егер мұндай шынайы көркемдік пен түпкі мақсат ондағы әртістің табиғи болмысынан есіп тұрмаса, көрерменді ешқандай гриммен де, сөзбен де, мың құбылған дауыспен де иланту қиынның қиыны-ау.
Жоғарыда аталған фильмдерді көрген сайын Дәрежан Өмірбаевтың жас мамандарға ескерткен сондағы қағидасы жиі еске түседі. Шын мәнінде, «Тақиялы періште», «Ана туралы аңыз», «Гауһартас», «Тұлпардың ізі», «Қыз Жібек» фильмдеріндегі ақ самайлы аналар мен ибалы қыз-келіншектердің бейнесін сомдауға дарыны мен шығармашылық қарымы жеткілікті басқа да әртістер болмады емес, болды ғой. Бірақ режиссердің таңдауы дәл осы әртістерге түсуі бекер емес. Осы тұста фильм авторларының экран тілін шебер меңгергендігін, тұлғаларына көкірек көзімен үңілгендігін айқын аңғарамыз. Мысалы, «Гаухартастағы» Ананың бейнесін алып қараңызшы. Бір қарағанда, фильм оқиғасының алдыңғы қатарында Тастан, әкесі, Салтанат, тағы да басқа кейіпкерлер тұратын секілді көрінеді. Алайда, Әмина Өмірзақова апамыз ойнайтын кейіпкер бейнесі осылардың арасында фильмнен соншалық көп орын ала қоймайтынына қарамастан, экрандағы оның әрбір қимыл-қозғалысы, аналық мейірімі мен жарқын келбеті сол отбасының жылуын сақтап, рухани ауанын ұстап отырған Ана екенін сездіртіп тұрады. Фильмде оның аузынан шығатын сөздері санаулы-ақ. Тіпті, үнсіз деуімізге болады. Артық іс-әрекет те байқалмайды. Бірақ, әрқайсымыз ол кейіпкерді өзіміздің Анамыздай қабылдаймыз, арманымызға асқақ үмітпен алаңдаған аяулы жанның иісін сеземіз. Осыдан соң-ақ ол біз үшін фильмдегі басты кейіпкерлердің біріне айналып сала береді. Мәселенің бәрі осы сезіну мен қабылдауға келіп тіреледі ғой. Ал оны экранда өзінің өнерге шексіз махаббаты арқылы бірден-бір сездірте алған Әмина Өмірзақованың тұлғалық қасиеті мен таланты кейінгі ұрпақ үшін, болашақ аналар мен асыл жарларға әманда өнеге мектебінің міндетін атқармай ма?
Соңғы кездері бүгінгі қазақ киносында сәтті шыққан әйел бейнесі жоқ, мүлдем кездеспейді деген сыни пікірлер жиі кездеседі. Осының бір себебі біз жоғарыда қайта-қайта назар аудартып өткен экранның рентгендік қасиетіне келіп тіреледі. Өкінішке қарай, осы бір қарапайым қағида жиі ескеріле бермейді. Есесіне, әйел кейіпкерлеріміз бірде америкалық, бірде еуропалық, енді бірде қытай ма, әлде корей ме, әйтеуір шет ел киносының кейіпкерлеріне ұқсаңқырап кетіп жатады. Бүгінгі қазақ фильмдеріндегі бойжеткен, ана, келін, ене бейнесі мүлдем өзгерген. Әйел кейіпкерлердің бойынан жан жылуы сезілмейді, өңдері – суық. Бөтендік сезім басым. Олардың сырт тұлғасы сымбатты, көрікті болғанымен, жанынан табиғи жылу тарамайды. Дәл осы кейіптегі әйел бейнесі бір фильмнен екінші фильмге көшеді де жүреді.
Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ,
кинотанушы,
өнертану кандидаты