09 Наурыз, 2017

Жаһандық бәсекеге жаңаша көзқарас

394 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы еліміздің әрі қарайғы дамуын айқындап берген маңызды құжат болды. Бұл жөнінде Ақмола облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Гүлмира Әкімова айтып берді. Жалпы, Жолдау еліміздің 25 жыл­­­да жеткен жетістіктерін тү­йін­­деп, жаһандық бәсекелес­тікке қабілеттігімізді арттыруға бағытталған маңызды құжат болып табылады. Еліміздің ең басты жетістіктері дегенде, Г.Әкімова жыл басынан Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануын және Ор­талық Азияға ғана емес, ТМД кеңіс­тігінде де айтулы оқиға са­на­латын ЭКСПО-2017 халықара­л­ық мамандандырылған көрмесін өткізу екендігін ерекше атады. Қазіргі таңда Қазақстан әлем­нің дамыған 30 елінің қатарына қосылуға ұмтылып келеді. Бұл ретте, «Нұрлы жол» және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының арқасында біз алғашқы кезеңнен сүрінбей өттік. Олай болса, ел эко­­номикасын әрі қарай өркен­дету­ге, сонымен қатар, бизнесті қолдауға мүмкіндігіміз бар. Және де 200 мыңнан астам жұмыс орындарының құрылуы осының нақты көрінісі болып табылады. Әлемдегі жағдай түбегейлі өзгеріп келеді. Бұл жаңа жаһан­дық ахуал, сондықтан да біз оны қабылдауымыз керек. Тарқатып айтқанда, әлемде Төртінші өнер­кәсіптік революция басталды. Сондықтан да, Президент алды­мызға Қазақстанның Үшінші жаңғыруы міндетін қойып отыр», деді Гүлмира Мұталайқызы. Бұ­дан кейін ол бес басымдықтың маңызын ашып берді. Жалпы, Қазақ­стан Дүниежүзілік эконо­ми­калық форумның (ДЭФ) Жаһандық бәсекелестік индексі (ЖБИ) рейтингінде 2007 жылы 61-ші орыннан 2016 жылы 53-ші орынға дейін көтерілді. Ал Doing Business рейтингі бойынша 59-шы орыннан 35-ші позицияға ойысуымыз жақсы нәтиже. Г.Әкімова ДЭФ-тің Жаһан­дық бәсекелестік индексі 114 көр­сет­кіш бойынша бағалана­ты­нын, соның 34-і халықаралық ұйым­дардың статистикалық мәлі­м­еттеріне негізделсе, ал 80-і орта және ірі кәсіпорындар бас­шыларының пікірлеріне сәй­кес жүргізілетінін жеткізді. Бұл тұрғыдан алғанда, ДЭФ ЖБИ-дегі барлық көрсеткіштеріміздің жақсара түсуі мемлекеттік ор­ган­дардың осы бағыттағы жұмы­сының оң нәтижесін білдіреді. Әділет министрлігі 4 индикатор бойынша жауапты атқарушы болып табылады. Жалпы, әділет саласындағы жетістіктерге кеңінен тоқталған Гүлмира Мұталайқызы Ақмола облысында 18 мемлекеттік қыз­мет көрсетілсе, соның 17-сі тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсетумен байланысты екенін, ал 1 қызмет түрі сот актілерін орындауға қатысты екенін алға тартты. 2016 жылы көрсетілген мемлекеттік қызмет облыста 95 541-ге жетсе, мерзімі өтіп кету сияқты фактілер тіркелмеген. Сондай-ақ, төраға орынбасары мемлекеттік қызметтің 23 093-і электронды форматта көрсетілгендігін жеткізді. Бұл – 2015 жылмен салыстырғанда 13 пайызға артық. Сонымен қатар, өткен жылы 9 497 азаматқа тегін заңгерлік көмек көрсетілгені де атап өтілді. Және де сот ат­қару­шылар тарапынан 2016 жылы атқарушылық санкциялар­ды орындаудың нәтижесінде рес­пуб­ликалық бюджетке 38 мил­лионнан астам теңге түсіпті. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы