Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Бішкекте Еуразиялық Үкіметаралық кеңестің кезекті отырысына қатысып сөз сөйледі, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
ЕАЭО екі жылдан астам уақытта тиімді интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасты. Дегенмен, бұл жылдар біздің елдеріміз үшін оңай болған жоқ. Сыртқы қозғаушы күштердің ықпалы, жаһандық қаржылық және тауар нарықтарының тұрақсыздығы байқалды. Осыған орай, Одақтың ІЖӨ көлемі 0,7%-ға, өзара сауда айналымы 11%-ға төмендеді, деп атап өтті Б.Сағынтаев.
Осындай кезеңде өзара іс-қимылды нығайту, елдер арасындағы сауданы дамытудың жаңа тиімді құралдарын қалыптастыру бойынша ортақ күш-жігерді шоғырландыру маңызды.
Осы қызметтегі маңызды бағыт кедергілер мен шектеулерді жою болып табылады. Бұл жұмысты жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүргізген жөн. Аталған бағытта мемлекеттердің сарапшылары мен комиссия едәуір жұмыстар атқарды. 60-тан астам кедергілер мен шектеулердің тізілімі үйлестірілді. Алдағы уақытта оларды жоюға байланысты жол карталары әзірленетін болады. Бұл біздің кәсіпорындарымызға ортақ нарықтарға шығу жолын жеңілдетіп, сонымен қатар, олардың дамуына қосымша жағдайлар жасайды.
Одақта өзара іс-қимылды нығайтудың тағы бір элементі мемлекеттердің тауар өндірушілері мен бизнесі үшін ең қолайлы жағдайларды жасау болып табылады. Бұл туралы Қырғызстан Президенті А.Атамбаев Мемлекет басшыларына үндеуінде мәлімдеді, деп жалғады сөзін Б.Сағынтаев.
ЕАЭО кәсіпкерлері ықпалдасудан, ортақ нарықтар құрудан елеулі, жақсы нәтиже күтеді. Сол себепті де біз «ойынның ортақ ережелері» деп аталатын бірыңғай реттеуді жүзеге асыруға өзіміз келіскен салаларда бизнеске қажетті сапалы, тиімді әрі ауыртпалық түсірмейтін реттеу тәжірибесіне қол жеткізуіміз қажет.
Осы орайда, біздің елдеріміздің бизнесіне кедендік ресімдерді жеңілдету, посткедендік бақылауға екпін түсірілген электронды мағлұмдауды жеңілдету ережелерінен тұратын Кеден кодексінің жылдамырақ қабылданғаны керек. Біз жақын арада барлық ел кодекске қол қойып, жыл соңына дейін ол күшіне енеді деген сенімдеміз.
Сонымен қоса, біз кедендік тазарту саласында туындайтын мәселелер кешенін бірлесіп шешуге ниеттіміз. Кедендік қызметтердің бағалауы бойынша, Қытай тауарларының транзитпен Қырғыз Республикасының аумағына өтуі кезінде кедендік әкімшілендіру деңгейі жеткіліксіз болуына қатысты мәселе орын алуы мүмкін. Бұған Қытайдан автокөлікпен 2016 жылы транзиттік тасымалдардың 9,5 есеге артуы дәлел.
Біздің ойымызша, ЕАЭО-ның цифрлық мәселелер тізімін дамыту бойынша бастамаларды қарастыру кезінде де жүйелік тәсіл орнығуы керек. Біздің жүйелердің бір-бірімен түйіндесуге мүмкіндіктері болуы керек екені сөзсіз. Бұл әкімшілік кедергілерді жоюға, жаңа экономиканы дамыту үшін босалқы дайындама құруда тетіктерді тиімді іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, цифрлық мәселелер тізімін мұқият қарастырған жөн. Осы саладағы ұлттық бағдарламаларды жүзеге асыру жұмыстарын оқшаулауға жол бермеу керек.
Жаңа жобаларды іске қосу сыртқы нарықтарға қолжетімділіктің қолайлы жағдайларын жасау жұмыстарымен тиімді қамтамасыз етілуі қажет. Осыған орай, ЕАЭО-ның халықаралық күн тәртібін іске асыруға баса назар аударылады. Қазіргі таңда бірқатар мемлекеттермен сауда-экономикалық келісімдерге қол қою туралы келіссөздер жүргізілуде. ҚХР, Үндістан, Иран, Сербия, Израиль, Моңғолия, Сингапур секілді елдермен түрлі дайындық деңгейінде ынтымақтастық мәселелері шешілуде.
Келіссөздер жүргізудің қарқынына қарамастан, біздің салалар мен кәсіпорындардың сұраныстары қанағаттандырылуы керек. Бұл ЕАЭО елдерінің экономикаларына инвестициялар тарту мен экспорттық әлеуетті іске асырудың негізі болмақ.
Біз интеграциялық бірлестігіміздің табысты болуы үшін әр ел ширақ әрі қарышты дамуы керек деп есептейміз. Сол себепті біз Қырғыз Республикасының ЕАЭО жағдайларына бейімделуіне қолдау көрсету қажеттігін құптаймыз. Біз желтоқсанда Қырғыз еліне тиісті көмекті көрсетуге қатысты келісім мен хаттамаға қол қойдық.
Бұдан өзге, Қазақстан арқылы транзитпен жүк тасымалдау кезінде сәйкестендірілген темір жол тарифін мерзімінен бұрын ұсыну туралы келісімге қол қойдық. Ол биылғы жылдың қаңтар айында күшіне енді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, келісім нормаларын мерзімінен бұрын қабылдау қырғыз жүк жіберушілеріне шамамен 60 млн долларды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Биылғы 1 қаңтардан бастап, Қазақстан аумағы бойынша Қырғызстаннан Ресейге өткізуге рұқсат етілген тауарлар тізімі 86 қосымша тауарлар тобына ұлғайтылды. Бұдан өзге, биылғы ақпан айынан бастап Қазақстанның барлық аумағына ветеринарлық бақылауға тиісті 46 тауар тобын тасуға рұқсат берілді және Қазақстанның 5 облысының аумағына тасуға рұқсат берілген тауарлар тізімі 39 топқа дейін ұлғайтылды. Осылайша, Қазақстанға кіргізуге рұқсат берілген ЕАЭО кәсіпорындарының тізіліміне сай Қырғызстан кәсіпорындарында шығарылған өнімдер тізімі 85 тауар тобына дейін ұлғайтылды.
Біз, сондай-ақ, Қазақстанға өз өнімдерін жеткізуге ықыласты Қырғызстан кәсіпорындарының тізімін белгіленген тәртіпте ұлғайтуға дайынбыз.
Өзара қолдау көрсету, ымыраға келу, тиімді шешімдерді табу қағидаларына сүйенген біздің өзара қарым-қатынасымыз Одақты нығайтуға, оның әлемдік қоғамдастықтағы тартымдылығын арттыруға мықты серпін беретініне сенімдімін, деп түйіндеді сөзін Қазақстан Үкіметінің басшысы.
ЕҮАК отырысы барысында ЕАЭО-дағы интеграциялық үдерістерді одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа және өзара сауданы кеңейтуге, АӨК-ті дамытуға және ауылшаруашылық машинасын құрастыруға ерекше көңіл бөлінді.
Отырыс қорытындысы бойынша өзара сауда мәселелеріне, интеграциялық әлеуетке ие экономика салаларына, сауда келіссөздері нәтижелеріне және басқаларына қатысты бірқатар бірлескен құжаттарға қол қойылды.