Халықаралық маңызы жоғары мейрам
Мен үшін Халықаралық әйелдер күні – кезекті демалыс, сонымен бірге, көңіл көтеретін айрықша мереке. Әрине, жұрттың бәрі құттықтап, жақсы тілектер айтып жатқанына қуанамын. Президентіміз де жыл сайын әйелдер қызметінің қоғамдағы маңызын көрсетіп, оларды құттықтап, қабылдау жасап, сый-құрмет көрсетеді. Дегенмен, 8 наурыздың тарихын да жастардың біліп жүргені дұрыс. Өйткені, ол үнемі айтыла бермейді. Қайдан шыққан мереке, не үшін қабылданған деген сұрақтарды жастар өздеріне қоймайды. Бұл мереке әйелдердің теңдігін талап еткен қозғалыстың нәтижесінде өмірге келген. Ең алғашқы қозғалыс 1908 жылғы 8 наурызда Американың Нью-Йорк қаласында болған. Сол күні әйелдер теңдігін талап етуші ұйымдардың басшылығымен 15 мыңға жуық адам әйел теңдігін талап етіп, шеруге шыққан. Оған дейін әйелдердің сайлау және сайлануы құқы болмаған. Осы кезден бастап дүние жүзінде әйелдер қозғалысы жанданып, оның дауысы естімеуге болмайтын жоғары деңгейге жеткен. Сондықтан барлық ұлттық заңнамалар әйелдер теңдігін арнайы бап ретінде өздерінің заңдарына енгізген. Ал 1910 жылы Данияның астанасы – Копенгагенде болған халықаралық конференцияда 8 наурызды әйелдер күні деп жариялауды алғаш рет ұсынған неміс коммунисі Клара Цеткин. Бұл ұсынысты көптеген ел қолдап, өздерінде атап өтеді. Ал кейбір мемлекеттер оны «Аналар күні» деп өзгертіп алған. Қалай десек те, бұл – халықа- ралық деңгейде аталатын үлкен мереке. Мен әріптестерімді, бүкіл Қазақстан әйелдерін осы айтулы мерекемен құттықтап, оларға барлық жақсылықты тілеймін. Людмила ПОЛТОРАБАТЬКО, Парламент Сенатының депутатыЕл іргесін нығайтудағы үлестері зор
Біз бала кезімізде осы мерекені асыға күтетін едік. Аналарымыз бен мұғалімдерімізге сыйлықтар әзірлеу үшін қатты дайындалатынбыз. Бір қызығы – мұғалімдер, соның ішінде тіпті әйел мұғалімдеріміз бұл мерекеге соншалық дайындала қоймай, біздің әбігерленіп жүргенімізге бей-жай қарайтын сияқты көрінетін. Соған қарағанда, көктеммен бірге келетін осы мереке тек жастар, соның ішінде балалар арасында барынша танымал әрі әсерлі болды ғой деп ойлаймын. Жұрттың бәрі дайындалатын Жаңа жылдай емес, мына мереке сонысымен де ерекше еді. Әйелдер күні ер азаматтарға да үлкен сын. Олардың өздерінің жан-жарларына, аналары мен қыздарына, әріптес қыз-келіншектерге сыйлық жасау қамымен қатты ойланып жүргені сезіледі. Жауапкершілігі мықты, өз ісіне мығым, тиянақты жігіттер мұндайда ерекше көзге түсуге тырысып, бұрын болмаған айрықша сыйлықтар жасап жатады. Осы істен олардың көңілдерінің қаншалықты шынайы екені байқалатын. Сондықтан мерекеде барынша жақсы көрінуге тырысатын жігіттер көп болатын. Еліміздің іргесінің нығайып, тәуелсіздігіміздің берік орнауына әйелдер өлшеусіз үлес қосып келеді. Бүгінгі күні өмірдің барлық саласында мақтан тұтар қыздарымыздың есімдерін көреміз. Олар Отанымызды өрге сүйреп, басқа елдермен тереземіздің тең болуына атсалысып жүр. Әйелдер мерекесінде маған осындай ойлар келеді. Бүгінгі қуанышта мен барлық әйелдер қауымын, соның ішінде аяулы аналарымызды, алтындай қыздарымызды, келісті келіндерімізді, әріптес қыз-келіншектерді шын жүректен құттықтаймын. Бәрінің денсаулықтары мықты болып, еркін еліміздің аясында табыстары мол болып, өмірлерінің шаттыққа тола беруін тілеймін. Меруерт ҚАЗБЕКОВА, Парламент Мәжілісінің депутаты