Сыр еліне толағайлар келді. Әлемнің бар темір-терсегін басынан асырып тастай салатын саңлақтар Қызылордада ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының кубогы мен чемпионатын сарапқа салды. Ел шеңберіндегі ең елеулі жарысқа әйелдер мен ерлер құрамасының барлық өкілі қатысты.
Бес күнге созылған жарыста Астана, Алматы қалаларынан және облыс орталықтарынан 14 команда келіп, 150 зілтемірші кімнің мықты екенін анықтады. Жылдағы дәстүр бойынша 105 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған спортшыға ақшалай сыйлық пен Илья Ильин атындағы кубок табысталды. Биылғы бәсекеде бұл аталымды қызылордалық Рүстем Сыбай жеңіп алды. Солайша, ол кубок пен сертификат иегері атанды.
Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте Алматы облысының ерлер құрамасы топ жарды. Ал Қызылорда облысының командасы екінші орын иеленсе, Шығыс Қазақстан облысы үшінші орынды еншіледі. Әйелдер арасында Алматы қаласы жеңімпаз атанса, қалған орындарды Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысының командалары өзара бөлісті.
Жекелей жаттығуларда 48 кило бойынша алматылық Юлия Потасова жеңімпаз атанды. Ол жалпы есепте 145 кило салмақты көтеріп дара шықты. Одан кейінгі орындар да оңтүстік астанадан келген қыздарға бұйырды. Гүлнұр Ыбырай мен Наталья Бердиктің арасын бір ғана кило бөліп тұрды. 53 кило салмақ дәрежесінде Әсел Амангелді алтыннан алқа тағынса, Александра Лачкова күміс, Ақмарал Үргешбаева қола жүлдені иеленді. Сәуле Сәдуақасова, Лидия Ануфриева мен Мәдина Астамировалар 58 кило салмақтағы жүлделерді бөлісті. 63 килода қызылордалық Әсем Садықова жеңімпаз тұғырына көтерілсе, одан кейінгі орындарға Екатерина Долгих пен Елизавета Белоусова жайғасты. 69 кило дәрежесінде Майра Файзуллаева қарсыластарынан қара үзіп шықты. Ол жалпы қорытынды есепте 210 кило салмақты бағындырды. Екінші орынды алған Анжела Чалкарова 193 килоны көтерді. Екатерина Быкова болса, 178 киломен үшінші орынға тұрақтады. 75 килодағы Раушан Мешітханова тіпті үлкен нәтиже көрсетті. Ол 212 кило зілтемірді басынан асырып тастай салып, алтын жүлдеге қол созды. Одан кейінгі орынды иеленген қызылордалық Диляра Піржанова 152 кило салмақты ғана бағындырды. Өскеменнен келген Анеля Сумбембаева 146 киломен қола жүлдені қанағат тұтты.
Есесіне 90 килодағы қыздар қол соғарлықтай нәтиже көрсете алмады. Бұл салмақта бірінші орынды алған Валерия Дежина бар-жоғы 185 кило салмақты көтере алды. Екінші және үшінші орынды иеленген Нұрай Қасеналы мен Индира Кеңесбекованың да нәтижелері бұдан әлдеқайда төмен. Аса ауыр салмақтағы қыздардың бәсекесі біршама шиеленісті болды. Нәтижесінде, Оңтүстік Қазақстан облысының атлеті Александра Аборнева 240 кило қорытындысымен жеңіске жетті. Алматылық Айзада Мүптілда мен Данагүл Исапа жүлделі орындарды өзара бөлісті.
Ерлер арасындағы бәсеке адам қанын қыздыратын, жанкүйерлердің делебесін қоздыратын негізгі сын ғой. Сондықтан, жеңіл салмақтан бастап жігіттер жарыс көрігін қыздырып сала берді. 56 кило салмақта қызылордалық Алмат Асанханұлы топ жарды. Ол 203 килоны бағындырды. Қостанайлық Аян Байзақов қарсыласынан бір килоға ғана кем көтеріп, күміспен күптелді. Өскемендік Рахат Бисембаев қола жүлде иегері атанды. 62 кило салмақтағы Сыр елі үміт күткен спортшылардың бірі Әділбек Балахаев алматылық Игорь Соннан 10 кило кем көтеріп, екінші орынға тұрақтады. Бұл салмақтағы қола жүлде де қызылордалық Ерболат Жоламановқа бұйырды. 69 кило дәрежесінде Михаил Дроздов, Александр Ким, Айдос Тұрсынбай үштігі жүлдегерлер қатарынан көрінді. 77 килода Альберт Линдер алтын алса, Айдар Қазов күміс, Андрей Снегуров қола жүлдені қанжығасына басты. 85 кило дәрежесінде тағы бір Линдер әулетінің баласы Семен топ жарды. Ол екінші орын алған Медет Жүндібаевтан 34 кило салмақ артық көтерді. Бұл салмақта қарағандылық Кирилл Староверкин 290 киломен үшінші орынды иемденді.
94 кило салмақта Айбек Жәнібеков дара шықса, Аят Әмірбеков пен Дәулет Мырзахметов одан кейінгі орындарға тұрақтады. Даңқты Илья батырдың салмағында Рүстем Сыбайдың ерекшеленгенін сөз басында айттық. Ол 377 кило салмақты көтерді. Әлихан Шайхиддинов 341 кило, Ильдар Миннияров 330 килоны бағындырып, жүлдегерлер қатарынан табылды. Аса ауыр салмақтағы бәсекеде Ибрагим Берсановқа жетер ешкім болмады. Жалпы, қорытынды бойынша 367 кило салмақпен бірінші орынды иеленді. Дегенмен, бұл өзінен салмағы жеңіл Рүстем Сыбайдың көрсеткішінен 10 килоға төмен екенін айта кеткен жөн. Евгений Колесников пен Игорь Полозовтың да нәтижесі көңіл көншітерліктей емес. Бірақ, екінші және үшінші орынды иеленуге мүмкіндіктері жетті.
Сонымен, бес күн бойына созылған байрақты бәсеке өз мәресіне жетті. Енді жеңімпаздардан жасақталған ел құрамасы Ашғабадтағы Азия чемпионатына дайындықты бастап кетті.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА