Тұрғын үй құрылысы рекорд жаңартып жатыр. 2017 жылдың қаңтар айында құрылыс компаниялары былтырғыдан 1,37 млн шаршы метр артық салды. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 80 пайызға көп. Бұл туралы energyprom.kz сараптама қызметі жазады.
Сайттың хабарлауынша, инвестиция ағымының көптігі де алдағы уақытта бұл саланың қарқынын жоғалтпайтынынан хабар береді. Қаңтар айында салаға салынған капитал көлемі 59 млрд теңге болған.
Жаңа салынған үйлердің көптігі жағынан Алматы көш басында. Қаңтар айында салынған 475,4 мың шаршы метр құрылыс өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 3,6 есе артық. Алматыдағы құрылыс жалпы елдегі салынған пәтерлердің 34,8 пайызын құрайды.
Ал екінші орындағы Астананың үлесіне елдегі пайдалануға берілген пәтер көлемінің 22,2 пайызы тиесілі. Мұндағы салынған 302,9 мың шаршы метр былтыр осы айдағы көрсеткішпен салыстырғанда 71,5 пайызға артық.
Жалпы үй құрылысының 47,9 пайызын құрылыс компаниялары салса, 44,5 пайызын халық салған. Ал 7,6 пайызы мемлекеттің үлесінде. Айта кетерлігі, мемлекеттің құрылыс салу көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда 12,6 пайызға азайған.
2017 жылы "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша, 10 млн шаршы метрден астам үй салу жоспарланған. Сонң ішінде 1,6 млн шаршы метр (28 мың пәтер) мемлекеттік инвестиция есебінен салынса, тағы 8 мыңдайы алғашқы баспана алу үшін ипотекалық қарызға, қалған 600 мың шаршы метрі құрылыс компанияларының несиелерін субсидиялау есебінен салынбақ.
Көпжылдық көрсеткішке қарайтын болсақ, елдегі құрылыс саласы жыл сайын рекорд жаңатып келеді. 2016 жылғы салынған үйдің жалпы аумағы (10,51 млн шаршы метр) 2015 жылғы көрсеткіштен 17,6 пайызға артық болған.
Ал 2015 жылы 2014 жылғы көрсеткіштен 18,9 пайызға артық салынған.