14 Сәуір, 2011

Беделбаға

392 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін

АШЫҚТЫҚ РЕЙТИНГІ НЕ КӨРСЕТТІ?

Ресми органдар мен олардың басшыларының жұмысын рейтинг арқылы бағалау батыс елдерінің демократиясында бұрыннан бар дәстүр. Әлбетте, басқару аппаратының, биліктегі шенеуніктердің, былайша айтқанда, мемлекеттік қызметкерлердің сапасын бағам­дау­дың кешенді құралдарын іске қосатын мұндай зерттеулердің жүйелі жүргізіліп тұрғаны жақсы. Өкінішке қарай, бұл тәжірибе Қазақ­станда әлі тым сирек, дендеп ене қойған жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыруды көздеген Exclusive журналы орталық билік орган­дарының, Парламент депутаттарының, облыс әкімдіктерінің рейтингтерін анықтайтын жобаны жүзеге асыруға кіріскен екен. Ең бірінші кезекте республикалық министрліктердің рейтингтері шы­ғарылыпты. Ортақ іс үшін тиімділігі күмән туғызбас осынау мәнді мәселеге орай біз жоба жетекшісі, аталмыш журналдың бас редак­торы Расул ЖҰМАЛЫМЕН жолығып әңгімелестік. * * * – Расул Берекетұлы, рейтинг арқылы биліктің биік орган­дары­ның жұмысына әділдіктен таймай тура баға беру оңай емес. Осы ретте қандай әдістеме қолдан­дыңыздар, өз бағамдарыңызға қай сипаттағы көр­сеткіштерді негіз етіп алдыңыздар? – Рейтинг анықтауда өз әдісте­ме­мізге жүгіндік. Зерттеудің негізіне ны­саналы кезеңдегі, яғни 2010 жылғы ғаламтор дереккөздері алынды. Түп­кі­лікті тұжырымға әсер етер негізгі бес сипатқа таңдау түсті. Олар – министр­ліктердің ортақ іс-қимылға бейімділігі немесе сергектігі, халық алдындағы абырой-беделі, ашықтығы, азаматтар­дың көзқарасы тұрғысынан алғандағы маңыздылығы және сенім индексі. Алдымен айтарымыз, өткен жыл­дар­мен салыстырғанда, отандық мемлекеттік органдардың ашықтық деңгейі артқандығы байқалады. Бұл ретте интернет жүйесіндегі веб-сайттардың, бірінші басшылардың дербес блог­тары­ның, облыс әкімдерінің халық алдында жүйелі есеп беруінің билік пен қоғам арасындағы көпір ретіндегі біршама маңызын еш кемітуге болмайды. – Сонымен, министрліктердің рейтинг басқыштарында орналасу реті қалай болды? – Рейтингте бірінші орын жеңіл салмақтағы Туризм және спорт министрлігіне тигендігі, турасын айтсақ, тіпті, біздің өзімізге де тосын көрінді. Бұдан шығатын қорытынды, біріншіден, азаматтардың өтініш айтуы, тол­ған­дыратын сұрақтардың көптігі жағы­нан пайымдағанда спорт пен туризмнің көкейкестілігі экономика, әлеуметтік жағдай немесе денсаулық сақтау сияқ­ты түйткілді салалармен салыстыр­ған­да да айтарлықтай жоғары болып шық­ты. Екіншіден, мұнда да елеулі кемшіліктер орын алуына қарамастан, азаматтар министрлікке қатысты-қатыс­сыз жайларды айқын аңдап біледі. Үшін­шіден, Туризм және спорт м­и­нистрлігінің көшбасшылығы жол-жөне­кей басқалардың хал-жайын көзге шұқып көрсеткендей. Біздің рейтинг бойынша екінші орын­ды еншілеген Әділет министрлігі тұр­ғындар тарапынан қойылған сұрақ­тар­дың саны жөнінен сөзсіз чемпион. Құжаттарды ресімдеп тіркеуден бастап заңдарды дайындауға дейінгі жұмыс­тар­мен айналысатын ведомствоның ерекшелігін ескерсек, бұған таңдануға болмас. Бірақ айдарлап тағылған мін, айқайлап айтылған сын жоқтығына қарағанда, Әділет министрлігі, жалпы алғанда, өзіне жүктелген міндет үдесінен шыққан сыңайлы, сонымен бірге қандай да бір дау-дамайлы істерден алшақ тұрғаны аңғарылады. Десек те, проблемалар жоқ емес. Со­ның бірі ретінде құжаттарды жедел ресімдеудің жойылғанын айтар едік. Тек жаңа төлқұжатқа деген зәрулік қыстағандарға – яғни қолында билеті, елшілікте шақыруы барларға, іссапарға шығатындарға, меморган немесе спорт­тық ұйым өтінішін қоса тапсырғандарға ғана кеңшілік жасалады. Көшбасшылар үштігін тұйықтаған Қаржы министрлігі мемлекеттің «ақ­шалы қалтасы» ретінде сын жебесімен аямай түйрелген. Ақша әрқашан жетпей жатады. Салықты уақтылы төлеп тұру жұрттың бәріне бірдей ұнай бермейді. Ендеше, Қаржы министрлігіне қатысты ілтипатты лебіздердің сұсты сөгіс пен күреңқабақ бағалардан басым түсуін көзге елестетудің өзі қиын. Со­ған қарамастан, біздің санаттық сатыда жоғарыдан көрінуінің басты себебі ме­кеменің қазіргі құрамының іс-әре­кетін жарияланымдардың мұның алдында­ғы­лармен салыстыра көрсе­туін­де жа­тыр. Министрлік шын мә­нін­де де эко­номикалық дағдарыстан алып шығу жөніндегі өз міндеттерін жаман атқар­ған жоқ. Екіншіден, мемлекеттік сатып алу жүйесіне ақпараттық техно­ло­гия­ларды енгізді. Бұл қалтқысыз сауданы қамтамасыз етіп, 23,4 млрд. теңгеге тең елеулі үнемге қол жеткізді. Үшіншіден, өз құзырына кіретін неғұр­лым өзекті мәселелер бойынша мемлекет ұстаны­мын түсіндіре білді, әсіресе, Қазақ­стан­ның Кеден одағына кірудегі артық­шы­лықтарын дәлелді түрде қор­ға­ды. Одан әрі, өткен жылдар­дағы­дан тағы бір өз­гешелігі, ұшқары мәлімд­е­мелер жаса­мады, бадырайып тұрған қа­т­еліктерге ұрынбады. Парламент үйін­де үдеме­ле­ген сынды бас қар­жы­гердің өзінің той­таруына тура келді. Кей­бір әріптес­терін­ше өз орнына орын­баса­рын жібермеді, заң шығару органында өз ме­ке­месінің мүдде-мұраты мен мә­се­ле­лерін өзі қорғады. БАҚ-пен қарым-қатынасы да осыған ұқсас. Қаржы министрі бұл ретте де абырой арқалады. – Қаржы дегеннен шығады-ау, кез келген меморган қалтқысыз­дығы­ның бір көрсеткіші ақша туралы ақпаратқа тірелмей ме? Ал министрлер мен басқа да лауазымды ше­неуніктердің табысы жайлы мағ­лұмат тым мардымсыз сияқты. – Иә, өкінішке қарай, қанша мәлім­деліп айтылғанмен, шенеуніктердің өз табыстары туралы мағұлымдамаларын жария етуі сирек. Тек Қаржымин бас­шылығының абыройына қарай, ми­нистрдің өзі, жауапты хатшысы және салық комитетінің төр­ағасы өз табыстары туралы ақпарат жа­рия­лағанын айтуымыз керек. 2009 жылдың 10 ақпанында өз бло­гын­да Премьер-Министр Кәрім Мәсімов былай деп жазған еді: «Аза­маттардың көптеген өті­німдерін (соның ішін­де – менің бло­гы­ма түскен) назарға ала отырып, бүгін Қа­зақ­стан Үкіметінің оты­рысы кезінде мен ұлт­тық компаниялар бас­шы­ларының (топ-ме­неджерлерінің) жал­ақы мөлшерін Премьер-Министр жалақысынан артық емес деңгейде белгілеу жөнінде ұсы­ныс енгіздім. Жалақы мөлшерін кеміту туралы ұсыныстың сондай-ақ мемлекет акционерлік капиталына кірген екін­ші деңгейдегі банктер басшы­лары­на да қатысы бар. Менің айлық­ жал­ақым 700 мың теңге шамасында». Шенеуніктер өз басшысының нұсқауын орындаған күннің өзінде, мұны ың-шыңсыз, білдірмей істегені соншалық, министрлердің табыстары туралы мә­лі­меттерді олардың жеке блогтарынан табу өте қиын. – Алғашқы үштікті өкшелеген министрліктер жайында не айтасыз? – Қоршаған ортаны қорғау ми­нистр­лігінің көрген күні қызығарлық емес. Бір жағынан, ауа, су және топырақтың жедел ластануы, жануарлар мен өсімдік әлемінің тозғындауы, экологиялық жүйенің бұзылуы жанал­қымнан алса, екінші жағынан, анау-мынауға айылын жимас ықпалды өнер­кәсіптік топтар мен компанияларды тәртіпке шақыру бір азап. Соған қара­мастан, өткен жылы министрлік «өгіз де өлмес, арба да сынбас» оңтайын тап­қанға ұқсайды. Бүкіл әлемдегі сияқ­ты, Қазақстанда экологияны қорғаудың пәрменді тетіктерінің бірі зиянды шы­ғарындылар үшін салынатын айып­пұл­дар, төлемдер мен салықтар болып та­былады. Бұл жер қойнауын пайдала­ну­шыларды табиғат қорғау талаптарын сақтауға ынталандырады әрі тәртіп бұзушылар жаза тартады. Сонымен бірге, экологиялық жобаларды іске асыруға қаржы жиналады. Сөйтіп, бір оқпен екі қоян атылады. Әйткенмен, шығын көлемі мен өтем сомасы қалай анықталатыны, түскен ақшаның қан­ша­лықты қалтқысыз әрі тиімді пайда­ла­нылатыны түсініксіздеу. Ресми мә­лім­демелерге қарағанда, Қазақстанда экологиялық төлемдер мен айыппұл­дар сомасы жыл өткен сайын өсуде. Бұл арада не нәрсе көп: ластану ма, әлде, тәртіп бұзуды ашу деңгейі ме? Оның анық-қанығын айта алмаймыз. Тек белгілі эколог Мэлс Елеусізовтің пікіріне жүгінсек, бүгінде қоршаған ортаны қорғаудың өңірлік һәм облыс­тық басқармалары айыппұл жинаудан басқа жұмысты білмейді. Бір-бірімен нағыз бәсеке жарысқа түскен. Өткен жылы 50 млрд теңгеден астам жинал­ған. Бірақ бұл қаржы қайда кеткені бел­гісіз. Елдегі экологиялық жағдай­дың да жақсаратын түрі көрінбейді. – Жаңағы жиналған қаржы таби­ғат қорғау жобаларын жүзеге асыру­ға жұмсалуы тиіс емес пе? – Солайы солай ғой. Бірақ айып­пұл­дар бюджетке тікелей түскен кезде ол қаржының өз мақсатында пайда­ла­нылатындығына кепілдік беру қиын. Экологиядан гөрі маңыздырақ нәрсе­лер әрқашан табылады. Дамыған елдерде жеке қорлар бар, солардың арқа­сында қоқыс төгетін жерлер мен күре­сіндер саябақтарға, демалыс орын­дары­на айналуда. Қазақстанда бұл ту­ра­лы енді ғана ойлай бастады. Вице-ми­нистр Мәжит Тұрмағамбетовтің ай­туынша, бұдан былай экологиялық тө­лемдер мен айыппұлдар қаржысы әуелі Ұлттық қорда жинақталып, сосын мақ­сатты трансферттер түрінде «Жасыл даму» ұлттық орталығына түсіріледі. Аталмыш орталықтан экологиялық про­блемаларды шешуге, былайша айт­қанда, «жасыл инвестиция» тиегі ағы­тылмақ. Идея жаман емес-ау, бірақ алақайлап ашылып, артынан алақолды болған көптеген қорлардың тәжіри­бесін ескере келгенде, мұның да келешегі бұлыңғыр ма деп қаламыз. – Мәдениет министрлігінің рейтингте бел ортадан жоғары тұруына не әсер етті екен? – Өткен жылдың көктеміндегі құ­рылымдық өзгерістерден министр­лік­тің бұрынғы шаруашылығының аясы біршама тарылды. Ақпарат саласын­дағы өкілеттігін басқа ведомствоға бер­ген ол рухы өзіне неғұрлым жақын, дау-дамайы азырақ жұмысқа білек сы­бана кірісті. Әдеттегідей, жыл бойы жаңа мәдениет нысандары, театрлар пай­далануға берілді, мәдени-ағарту жо­ба­ларының жаңа тасқыны ақ­та­рылды, өнер шеберлерінің қатысуымен форумдар, неше түрлі салтанаттар өткізілді. Астана күні мен Астана саммиті солар­дың алтын тәжіндей болды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жергілікті мәндегі тарих пен мәдениет ескерт­кіштерінің тізімі жасалды. Тілдерді дамытудың 10 жылдық бағдарламасы жо­басының тұсауы кесілді. Әрине, ай­тыс ақындарына нені жырлау, қалай жырлау керектігін үйреткен өкінішті әбестіктер де болмай қалған жоқ. Бірақ бұдан мәдениет ведомствосының тұ­ғы­ры шайқалатын түрі байқалмайды. – Байлық көзі саналатын жетекші салаға басшылық ететін Мұнай және газ министрлігінің жағдайы қалай бағаланды? – Экономиканы әртараптандыруға жұмсалып жатқан көп күш-жігерге қа­рамастан, көмірсутегі экспорттың бас­т­ы бабы болып қала беруде. Сон­дық­тан, 1990 жылдары шетелдіктер қо­лы­на өтіп кеткен мұнай-газ активтерін қайтарып алуға мемлекеттің мүдделі құлшыныс танытуы әбден заңды. Осын­дай талпыныстардың алдыңғы ше­бінде жүрген Мұнай және газ министрлігіне оңай тиіп отырған жоқ. Шетелдік компаниялар қолындағы кеніш пайдаланудың әділетсіз келісім-шарттары олардың бейне бір қорғаушы грамоталарына айналған. Сондықтан, кей жерде біршама иманжүзді тіл та­быс­са, енді бір тұста аралық күштердің көмегіне жүгінуге тура келді, тағы бір жерлерде реттеуші және салық орган­дары жұмылдырылды, әлеуметтік си­паттағы наразылықтар немесе келі­сім-шарттарының бұзылуы алға тар­тыл­ды. Айталық, өткен жылдың тамы­зын­да «Теңіз-Шеврон ойл» келісілген терең­дік­тен төмен бұрғылағанның сал­дарынан Қазақстанға зиян келтірді деп айып­тал­ды. Тіпті, қаржы полициясы ком­па­ния­ның бірқатар жауапты адам­да­рына қылмыстық іс қозғады. Аста­на­ға АҚШ президентінің энергетика мә­се­лелері жөніндегі арнайы елшісі ұшып келіп, Үкімет басшысымен, Мұ­най және газ министрімен кездесті. Сөйтіп, туында­ған түйткіл келіссөз жолымен шешілген сыңайлы. Келісетін жөні де бар. Өйткені, ТШО-мен келісім-шартта «егер кемсітетін сипатта болмаса» қазақстандық билік компанияға әлдебір міндеттемелер жүктеуге қақылы деген екіұшты сөздер жазылған көрінеді. Бәлкім, мұнайдың әр тоннасына 20 доллар экспорттық тауар салығы кемсітушілік болмас. Мұның өзі Теңізден 24 млн. тонна мұнай алынып жатқан қазіргі кезде жылына 480 млн. долларға тең. Дегенмен, өткен жылдың қыркүйегінде Қазақстан Үкіметі 2011 жылы әр тонна мұнайға салынар экспорттық салықты 40 долларға дейін ұлғайтуды ұйғар­ғанын мәлімдеген-ді. Премьер-Ми­нистр­дің пікірінше, қазіргі жағдайда әділеттісі де осы болмақ. – Рейтингтің келесі сатысында Байланыс және ақпарат министрлігі тұр екен... – Мұндай баға бір жағынан министрліктің өзінің жаңалануымен әрі бұрынғы қателіктерге қатысы жоқ, жүзі жарқын жас менеджерлер ко­ман­дасы келуімен байланысты. Өткен уақыт қатаң талап қою үшін тым қысқа мерзім. Соның өзінде жаңа басшылық ар­тылған сенімді ақтай біліп, ғаламтор жүйесін, отандық телехабарды және әсіресе, «Электронды үкіметті» дамы­ту орайында белсенді қызмет өрістетті. Халықтың «Электронды үкіметке» қы­зығушылығын, танымалдығын оның порталына күн сайын 10500 адам кіре­тіндігінен-ақ көруге болады. Жаңа министрдің «Қазақтелеком­дағы» басшылық тәжірибесі мен ал­ғыр­лығы әсіресе, жаңа технологиялар мен идеяларды ілгері жылжытуда көп көмегін тигізді. Жекелеген БАҚ, депутаттар тарапынан сын да жоқ емес. Сынсыз тағы болмайды. Тек іс ілгері бассын деңіз. – Сіздің тізімде Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің бел ортадан табылғанына таңданып отырған да жайымыз бар. – Таңдануыңызды түсінемін. Себебі, кеңестік кезеңде Қазақстан азық-түліктен елде өсіп-өнбейтін цитрус мәуелерін ғана шеттен әкелген болса, қазір біз ауылшаруашылық өнімдерінің басым бөлігін шетелден тасимыз. Өкі­нішке қарай, 2010 жылы Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің қызметінде бұл орайда оңға басу байқалмайды. Керісінше, бұрынғы кезеңдермен салыс­тырғанда, көрсеткіштердің кері кетуі орын алған. Оған көп себептің бірі – министрліктің босбелбеулігі. Гектар берекесінің нашарлығы, астықты сату немесе диқандарды жанар-жағар­май­мен қамтамасыз ету сияқты жылдан-жылға көшіп жүрген проблемаларды шешуде де ілкімді өзгерістер жоқтың қасы. Ол ол ма, өткен жылы жағдай тіп­ті нашарлап кетті. Ал азық-түлік ба­ға­сының қымбаттау қарқыны жоғары. Бірінші қа­жет­тілік өнім­дері­нің бағасын өсі­руге зәру себептер жоқ деп ми­нистрліктің әлденеше мәрте мәлімдегеніне қарамастан, нан, ет, май, жарма, сүт және басқа тағам түрлерінің бағасы үнемі кө­терілумен келеді. Сондай-ақ ауыл­ға шағын несие беру, Астана мен Алматы төңірегінде азық-түлік белдеуін құру, өңдеуші және қойма қуаттарын дамыту немесе ауылдарды ауыз сумен (40 пайызы сусыз) қамтамасыз ету сияқты көптеген мемлекеттік бағдар­ла­малар табандап тұрып қалған. Ал, са­рапшылардың пікірінше, мем­ле­кеттің жыл сайын ауылды қолдауға бөлетін миллиардтаған дотациясы негізінен монополистерді жарылқап, фермерлерге гектар басына 2-3 доллардан ғана келетін қалған-құтқаны ғана тиеді. – Төтенше жағдайлар министр­лігінің өз мәліметтері бойынша, 2010 жылдың қаңтар-шілдесінде алдың­ғы жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда, елде әртүрлі төтенше оқиғалар салдарынан өлгендер саны 25,8 пайызға, табиғи сипаттағы апаттардан ажал құшқандар саны 48,3 пайызға артыпты. Рейтингте министрлік жинаған 322 ұпай әділ баға бола ала ма? – Иә, табиғи және техногендік си­паттағы әртүрлі апаттардан аталмыш кезеңде 3530 адам зардап шегіп, 1194 адам қаза тапқан. Материалдық шығын 10,5 млн. теңгеден асып жы­ғы­лады. Десек те, кінәнің бәрін министрлік мойнына арту әділетке жатпас еді. Біріншіден, қазіргідей кадрлық һәм те­х­никалық мүмкіндігі шектеулі жағ­дайда ТЖМ бақытсыз оқиғалардан 100 па­йыз­дық оққағар бола алмайды. Екіншіден, апат, өрт, басқа да зілзалалардың біразы жеке адамдардың кінәсінен болған немесе болмай қоймайтын сипат иеленген. Бәрі де тілсіз жау. Сөйтсе де мұның бәрі мемлекеттік органның, әсіресе, төтенше жағдайдың алдын-алу және күні бұрын ескерту орайындағы жауапкершілік деңгейін төмендете алмайды. Осы ретте өткен жылғы ең ірі апатты еске алсақ та жеткілікті. Наурыздың 11-інен 12-сіне қараған түнде Алматы облысының Қызылағаш ауылында жекешеге заңсыз берілген тоғандағы тасқын салдарынан 45 адам қаза болды. Жергілікті билік орын­дары­мен бірлесе отырып ТЖМ орган­дары қырағылық танытқанда, бәлкім, апатқа жол берілмес те еді. Аталмыш ведомство сыбайлас жем­қорлықпен күрестің жалпы нөпірінде, әлбетте, күш-жігер жұмсайды. Бірақ онысы ойдағыдай нәтиже бермеген сыңайлы. – Коррупциядан құдіретті Қор­ға­ныс министрлігі де қорғана алмады емес пе? – Иә, бұл ретте жабық министр­ліктің де сыры ашылып қалды. Конституция күніндегі әскери парад немесе әскери қызметшілерге бір реттік жәр­дем­ақы төлеу сияқты жағымды жаңа­лық­тарды израильдік техниканы сатып алуға байланысты коррупциялық шу­лы­ған көлеңкелеп тастады. Пара ал­ға­ны және қызмет бабын асыра пай­да­ланғаны үшін министрдің экс-орын­басары 11 жылға бас еркінен айы­рыл­ды. Алаяқтығы және пара бергені үшін бизнесмен, Израиль азаматы да осын­дай жаза алды. Ракета әскерлері мен артиллерия командашысы міндетін бұ­рынғы уақытша атқарушы 7 жылға кесілді. Ал, жыл соңында Ақмола гарни­зонының әскери соты жұртты естен тандырған тағы бір шешім шығарды: келтірілген материалдық шығын үшін қамалғандардан мемлекетке 14 млрд. 257 млн. 681 мың 670 теңге және оған қоса 427 млн. теңгеден астам мемлекеттік баж өндіріп алынуы керек. Бұл қарызды өтеу үшін сотталған бейбақ­тар­дың бір емес, бірнеше өмір сүру­леріне тура келер. – Үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық даму жөніндегі мемлекеттің бағдарламаны іске асыруға жауапты Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің сіздің рейтингте тым қарапайым 11-ші орын алуы қалай? – Иә, өткен жылдың наурызындағы өзгерістерден соң ИЖТМ, көп сарап­шы­лардың пікірінше, суперминистр­лік рөлінен үміткер-ді. Құрғақ цифр тілінде айтсақ, ин­дус­триялық-иннова­циялық даму 2015 жылға дейін ІЖӨ-ні 7 трлн. теңгеге ұл­ғайтуды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл шамамен 2008 жылғы деңгейдің жарты­сы­на тең. Аталған мерзімде елде 40 пайыз өз өнімі болуға тиіс. Еңбек өнімділігін екі есе, ал ауыл ша­руа­шылығында төрт есе арттыру жоспар­ланған. Тек биыл ға­на 144 жобаны іске қосу көзделіп отыр. Министрліктің ай­туын­ша, 2010 жыл­ғы 10 пайыз өнер­кә­сіп өсімінің 2 па­йызын индус­трия­лық-инновациялық жаңа жобалар қам­та­масыз еткен. Әри­не, стратегиялық жа­­ңа бағдарламаның не­­ғұрлым әділ тара­зы­ланған бағасын беру үшін біршама уақыт өтуі керек. Алғашқы қадамдар үміт күттіреді. Әйтсе де, БАҚ мате­риал­дарымен пайымдағанда, көкейкес­тілігі күмән тудырмас индустриялық-инно­вациялық дамудың әсіресе, өр­леу­ді қамтамасыз етуге тиісті орасан зор со­ма­ларға қатысты барлық қырлары жұрт­­шылыққа толық ашылып түсін­ді­рілген жоқ. Біз бір маңызды алғы­шарт­ты – бағдарламаны тікелей іске асы­рушы ғалымдардың, экономис­тердің, кәсіпкерлердің, шаруашылық жүргізу­ші субъектілердің қатысуымен әзірле­нетін тиісті құжаттарды ұмыт қал­дыр­ған сияқтымыз. – Экономикалық даму және сауда миинистрлігі қызметінің өткен жыл­ғы басты бағыты Қазақ­станның Кеден одағына қатысуы, сондай-ақ Бүкіл­әлем­дік сауда ұйымына кіруге әзірлік болғаны аян. Бұл миссияны орындауда министрлік өзін қалай көрсетті? – Нақ осыған баға беру қиын. Өйткені, Қазақстан, Ресей және Беларусь «кедендік үштігі» іс-қимылының параметрлері әлі де болса түсініксіздеу. Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру келешегі де көмескі. Әсіресе, Кеден одағы­на қатысты пікірталас, сыни пайым көбірек болды. Сірә, бұл аталмыш жобаның пайдасын жеріне жеткізе түсіндіре алмаудан туындаса керек. Қазақстанның азық-түлік тәуелсіз­дігіне қатысты мәлімдеме де көңілде дық қалдырғандай. Министрлік мәлі­мет­теріне сәйкес, аса маңызды тамақ өнімдері бойынша біз іс жүзінде импорттан тәуелсіз екенбіз, ал осы саладағы ішкі қажетіміз өз өндірісіміз есебінен 90-95 пайызға өтеледі. Рас, осы «аса маңызды» тамақ түрлерінің тізімі тым жұқалау. Ұн, тұз, қант, сүт және жармалар – азық-түлік тәуелсіз­дігіміз осымен шектеледі. ЭДСМ ше­неу­ніктері болса, мұны көрмегенсиді. – Көлік және коммуникация министрлігі төменірек сатыға түсіп кеткені несі? – Жол ежелгі проблемалардың бірі екені белгілі. Сондықтан, қала сыр­ты­на шығып, жолдарды көріп-ақ министрлік жұмысына баға беру оп-оңай. Бірақ белсенді сын үнемі нашар жұ­мыс­тың біржақты көрсеткіші бола ал­майды. Көлік-коммуникация министр­лігінің әлеу­меттік маңызын кеміту де әбестік болар еді. Соған қарамастан, жол-көлік оқиғасының орын алуы жөнінен 2010 жыл рекордты межеден көрінді. Серпінді жобаларға келер болсақ, Көліккоммин көшбасшылар қатарын­да. Ең ірі жоба ұзындығы 2452 ша­қы­рымдық және құны 825 млрд. теңгелік Батыс Қытай – Батыс Еуропа авто­жолы­ның қазақстандық бөлігін салу болып табылады. Дейтұрсақ та, әуелі өзімізді «көктеп өтетін» емес, өз ішімізде өзіміз үшін жол салған дұры­сырақ емес пе. Бұл ретте министрлік құлықсыздық танытуда. Мемлекеттік органдардағы білгіш­тер­дің ойлап таппайтыны жоқ. Біресе оң рөлді мәшинелерге тыйым салмақ бол­ды, біресе барлық жүргізушілерді куә­лікке қосымша айыппұл талонын алуға міндеттеу, біресе иномаркаларды әкелуге кеден салығын көбейту ұсы­ныл­ды. Осын­дай белсенділікті жалғас­тыр­ған Кө­ліккоммин автокөліктің тех­никалық байқауын бәсекелі ортаға, яғни жеке меншікке өткізіп беру мәсе­ле­сін көтерді. Алайда, бұл жолы жүр­гізушілер қауым­дас­тығы қарсы шықты. Біріншіден, олар техбайқау құнының болашақтағы көте­рі­луімен келіспейді. Екіншіден, техбайқау өткізетін жеке компанияларды кім және, ең бастысы, қалай таңдайтыны түсі­нік­сіз­деу. Үшін­ші­ден, Парламентте жатқан заң жоба­сы­на берілген бір сараптама қо­рытын­дысында айтылғандай, «ұсыныл­ған үл­гі нарықтық еместігі былай тұр­сын, белшесінен коррупцияға батқан» дейді. Олай болса, техбайқауды бәсекелі орта­ға беру идеясы да жоғарыдағы іза­шар­­ларының кебін құшпаса неғылсын. – Денсаулық сақтау министрлігі де дәстүрлі түрде қоғамдық сынның өтінде тұрған жоқ па? – Кадрдан кемдік көруші осынау меморганның түйткілдерін жіпке тізсең, ұзаққа кетеді. Өткен жылдың ең шулы коррупциялық лаңбикесі де нақ осы министрлік ордасынан шықты. Қылмыстық істің бас кейіпкері басқа емес, ми­нистр­дің өзі. Бұл аз десеңіз, Ал­матыда қыз­мет бабын асыра пай­даланған СПИД-орта­лықтың экс-бас директоры қамауға алын­ды. Сондық­тан, 17-нің ішіндегі 14-ші саты тақияға тар келмес. – 15-ші саты Білім және ғылым министрлігіне тиесілі болыпты. – Өткен жылы мұнда да басшы ауысты. Әйтеуір, бұл жолы бәрі у-шусыз ретке келіп, министр күншуақ елдердің біріне елші болып аттанды. Оның орын­тағына отырған бас білім ордасының рек­торы ізашарының, мы­са­лы, бұдан былай қазақстандық оқу­лық­тарды жазу­ға шетелдік авторлар тар­тылады деген сияқты кейбір ұш­қа­ры мәлімдемелерін жаймашуақ­тауға ты­рысты. Соған қоса оқушы қыз­дар­­дың хиджаб киюі, ҰБТ тағдыры сынды көптеген көкейкесті мәселелерге көз­қарасы жария етілді. Соңғыны ұлттық тестілеу және кешенді тестілеу деп екі кезеңге бөлу көзделген-ді. Барлық тарап­тардың ой-пікірлерін талдай келе, министрлік бәрін де соңғы алты жыл бойғы қалпында өзгеріссіз қалдыруды ұйғарды. Ал енді өмірлік қажеттілігі тұрғы­сынан алғанда, тізімде келесі тұрған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі арасында белгілі бір параллель тартуға болар еді. Сондықтан, қорытындыда еншіге тиген 257 ұпай­дан министрліктегі ханымдар мен мыр­залар бас тарта алмайды деп ойлаймыз. – Рейтингтің ең төменгі басқы­шы­на Ішкі істер министрлігі жай­ғасқан екен... – Өткен жылы бұл министрлік мемлекеттік органдар арасындағы сыбай­лас­тық рейтингінің көшбасшысы емеспіз деп мәлімдеген болатын. Қайсыбір газеттерде солай деп қате жазылып кеткен көрінеді, ал шын мәнінде іс жайы олай емес-мыс. Зерттеу мәлі­мет­тері бойынша полицейлік ведомство отыз қаралы меморгандар арасында бар болғаны 18-ші орында. Олар, тіпті, мың полицейдің ішінде жүйелі пара алатыны екеу ғана деп есептеп те қойыпты. Құқық қорғау органдары Мемлекет басшысының да сынына ұшырады. Ол «Ақ Орда» сайты ашылғаннан кейінгі 10 айда «Президенттің бизнесті қор­ғауы» бөлімінде кәсіпкерлерден 2 мың хат алып, соның 960-ы қадағалаушы, ба­қылаушы және құқық қорғаушы органдар тарапынан олардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына шағым­да­ныпты. Елбасы бизнес ісіне араласу рейдерлік деп саналатынын, сол үшін құ­қық қорғау органдарының 24 қыз­мет­кері қызметінен босатылғанын атап өтті. – Сыртқы істер министрлігі әң­гімеңізден сырт қалып бара жатқан сияқты... – Ол министрдің блогы жоқ бол­ған­дықтан, рейтингке кірмеген жалғыз ведомство. Сөйтсе де сыртқы саясат ве­домствосының 2010 жылғы жұмысын жоғары бағалауға болады. Бұл ең алдымен Астанадағы ЕҚЫҰ Cаммитін аса табысты өткізумен, сондай-ақ осы халықаралық ұйымдағы төрағалықпен байланысты. СІМ қызметі туралы БАҚ жарияланымдары да негізінен оң немесе бейтарап сипатта болды. Сондай-ақ, сыртқы саяси ведомство атына Президент, Премьер-Министр, Парламент, қо­­ғам­дық ұйымдар мен БАҚ тара­пынан айтылар сын да белгілі бір шектен аспады. Сыртқы істер ми­нистр­лігінің жүйелі брифингтер, баспасөз мәслихат­тары, баспасөз баяндары, ха­лық­аралық шаралар кезіндегі ақпарат­тық қолдауы, сонымен бірге министрлік веб-сайты­ның айтарлықтай жедел толықтырылып жаңалануы түрінде көрініс тапқан ашық­тық деңгейі де көп жағдайда кө­ңілден шықты деуіміз керек. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.