Көрнекті әдебиеттанушы Мұратбек Бөжеевтің туғанына 100 жыл толуына арналған еске алу жиыны өтті
Осы бір үлкен ғалым өмірде қандай қарапайым болса, көзі кеткен соң да сондай бір елеусіздік күйге ұшырағандай екен. Төрт атадан қосылатын туысқаны Мұхтар Мағауин «Менің аталарым» атты өмірбаянға қосымша деректерінде: «Мұратбек ағам ...екі дүниенің сұмдығын бірдей көрсе де, оның ішінде он алты жыл концлагерьде отырса да бейкүнә балалықтан, пәруайсыз аңғалдықтан арылмаған өзгеше кісі еді. Бәлкім, ит қапастан сонысы алып шыққан шығар», деп жазады.
М.Әуезов мұражай-үйінде болған атаулы кеште XVIII, XIX ғасырлар мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетін зерттеу ісіне үлкен үлес қосқан көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы Мұратбек Бөжеевтің қиын тағдыры мен ғылымдағы қайсар жанкештілігіне біршама қаныққандай болдық. Әлемдік банктердің бірінде қызмет істейтін үлкен қызы Гүлбаршын осы шараға Вашингтоннан арнайы келіпті. Бірнеше жыл бұрын «Хабар» телеарнасында табыспен жүрген «Тоғысқан тағдырлар» атты телехикая авторларының бірі, кіші қызы Айбаршаның әкесі туралы түсірген деректі фильмі таныстырылды.
Тағы да М.Мағауинге жүгінсек, болашақ ғалымның әкесі Бөжей Мыңғатұлы ХІХ ғасыр соңында Томск университетінің дәрігерлік институтын бітірген, көзі ашық зиялыларымыздың бірі. Абайды емдеген! Алаш арыстары Әлихан, Міржақыптармен сыйлас болған. Ақыры 30-жылы кәмпескеге ілініп, түрмеге қамалған, кейіннен қайтыс болған. Бұл кезде Мұратбек Саратов университетінде оқып жүреді. Әуелде бастауыш білім алып, содан соң Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітірген. Аз ғана уақыт Қарқаралыда ұстаздық еткен. Осы шамада қазақ ән-күйлерін жинаушы атақты Затаевичпен жүздеседі. Дегдар ғұламаның Мұратбек Бөжеев туралы айтқан: «Жігерлі, парасатты жас жігіт маған көп көмек көрсетті, бұл іске таныстарын, шәкірттерін де жұмылдырды», деген ілтипатты сөзі сақталған.
Әдебиет тарихының білгірі туралы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Серікқазы Қорабай мазмұнды баяндама жасады. Саратовтан соң Мұратбек Бөжеев Москваның педагогикалық институтын, сондағы Тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасын тәмамдайды. Сонда И.Гончаровтың «Обломов» романы бойынша кандидаттық диссертация қорғайын деп тұрған жерінен оқымысты мамандар жетпей жатыр деген шұғыл талаппен Қазақстанға, Алматыға қайтарылады. ҚазПИ мен Қазақ университетінде ұстаздық ете жүріп, Мұхтар Әуезовпен бірге Абайдың 1940 жылы шыққан екі томдық шығармалар жинағын дайындауға қатысады.
1942 жылы жас ғалым тағы да кандидаттық диссертация қорғау қарсаңында жаламен жазықсыз айыпталып, ұзақ жылдар сталиндік лагерьде қамауда болады. Талқыға мойымаған, рухын жоғалтпаған қайсар ғалым айдаудан келе сала ғылым жолына қайта түседі. Бұрынғы өз шәкірті Қажым Жұмалиев академик болып жүргенде, бұл кіші ғылыми қызметкер еді. Соған қарамастан, әдебиеттану ісінде ұлан-ғайыр іс тындырады. М.Әуезовтің әдеби-мемориалдық музейін ұйымдастырушылардың бірі болады, кейін ұлы жазушының 12 томдық шығармалар жинағын дайындап, ғылыми түсініктерін жазуға қатысады. Содан 1980 жылы ақтық демі біткенше М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында еңбек етеді. Қажымай-талмай кандидаттығын да, түрлі қиыншылықтармен докторлығын да қорғайды.
Ғалымның араб әрпімен жазылған қолжазбаларын айналымға қосуда үлкен жұмыстар жүргізгені, Бұқар жырау, Мұрат, Шортанбай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, М.Қалтаев, Н.Наушабаев сияқты бұрын айтылмай келген ақындар есімін ашқаны, Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларын баспаға дайындағаны, іргелі ғылыми зерттеулерімен қазақ әдебиеттану ғылымын байытқаны осы кеште жоғары бағаланды. М.Бөжеев Абай шығармашылығын зерттеушілердің бірі болып, Абайдың ақындық айналасы туралы алғаш іргелі еңбек жазған. Сондай-ақ «ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті дамуының идеялық-көркемдік ерекшеліктері» тақырыбындағы докторлық монографиясы аса құнды еңбек болып табылады. Ғалымның осындай мұралары келешекте жарық көруге, тәуелсіз елдің әдебиеттану ғылымына әлде де болса қызмет етуге сұранғандай.
Өнер қайраткері Бекен Жылысбаев, сатирик ақын Мыңбай Рәш, әдебиет ақсақалы Тұрсынбек Кәкішев және т.б. қайсар дарын Мұратбек Бөжеев туралы естелік әңгімелерін айтып, оның елеулі шығармашылығы хақындағы пайымды ойларын ортаға салды.
«Ұлттық әдебиеттану ғылымында елеулі із қалдырған Мұратбек Бөжеев сияқты зиялы тұлғаны біліп-бағалағанымыз жөн. Бұл ең алдымен халқымыз үшін, келешек ұрпақ үшін қажет» деген баяндамашы Серікқазы Қорабай ойын біз де құба-құп көрдік.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
–––––––––––––
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.
Алматы.