14 Сәуір, 2011

Жағдай әлі де күрделі

385 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қардың мол түсуі, екі күн қа­тарынан жаңбырдың жаууы және күннің күрт жылуы – об­лыста төтенше жағдайдың орын алуына әкеп соқты. Тоң әлі жібімегендіктен еріген қар суы мен өзен-көл­дердің арнасынан асқан тасқын су жерге сіңбей, сай-саланы сағалап, жыра-жылғаны жағалап Орал қа­ласы мен Тасқала, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау, Зеленов, Қазталов аудандарына қарасты көптеген елді мекендерге қауіп төндіруде. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Бірақ мал басында өлім-жітім бар. 2580 адам қауіпсіз ай­мақ­қа көшірілді. Олар уақытша баспанамен және ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас­тығы Марат Оңғарбековтің мәлім­деуін­ше, 20 мың гектар күздік бидай су астында қалған. Электр қуатын таратушы қосалқы стансалар мен гидрометеорологиялық стансалардың да кейбірі істен шыққан. Облыстық маңызы бар 27 жолды тасқын шайып кеткен. 12 сәуір күні кешкісін облыс­тық әкімдікте өткен төтенше жағ­дайлар жөніндегі облыстық ко­­ми­с­­­сияның екінші отырысында Төтенше жағдайлар министрі Вла­­димир Божко, әсі­ресе, күннің екінші жар­тысында жа­ғ­дай­дың бұрынғыдан бетер күрделене түс­кенін жеткізді. Төтенше жағдай­лар­­­дың алдын алу бо­йынша облыстық ко­мис­­сиян­ың төрағасы Тимуржан Шә­кімов­тың мәлімдеуінше, бү­гінгі таңда құтқару­шы­лардың негізгі кү­ші Самал шағын ауда­ны­на бағыт­тал­ған. Зеленов ауданындағы ахуал да күр­делі. Тас­қала ау­данында су қай­та бас­тады. Кар­дио­­орталық­ты, «Жас дәу­рен» балалар үйін, «Иву­шка» сауықтыру орталығын, «Еуразия» туристік кешені мен «Дарын» орта­лығын, Қарттар мен мүге­дек­тер үйін тасқын құрсаулап алды. Орал қаласының әкімі Сами­ғол­ла Оразов алғашқы күндері мүлік­терін тастап қауіпсіз аймаққа көшу­де аса белсенділік таныта қоймаған жан­дар­дың 12 сәуір күні қарқынды көше бастағанын айтты. Қала аума­ғын­дағы 167 тұрғын үй су астында қал­ған. Қалалық жедел штаб пен құтқару қызметтеріне толассыз тү­сіп жатқан хабарламалар саны түстен кейін күрт артқан. Иесіз қалған саяжайлар мен елді мекендерді құқық қорғау орган­дары­ның қызметкерлері күзетпек. – Тасқын толастар емес. Керісінше, су мөлшері ұлғайған үстіне ұлғая түсуде. Облыста өте қиын жағ­дай қалыптасып отыр. Жары­лыс жұмыс­тары кеш жүргізілді деген жорамалдар айтылуда. Мен мұны­мен келіспеймін. Облыс бас­шылығы мен тө­тен­ше жағдайлар департаменті тас­қын судың қаупі әлі толық анық­тал­май тұрып, я­ғ­ни 5 сәуір күні өңірде төтенше жағ­дайдың орнағанын хабар­ла­маған­да жағдай қазіргіден де күрделі болар еді. «Қазгидромет» мамандары биылғы көктемде тас­қынның дең­гейі орташа болады дегенімен, қар­дың қалың болуы, күн­нің күрт жылынуы мен жауын-шашын­ның мол түсуі сияқты табиғи фак­тор­ларды алдын ала анықтау мүмкін болмады. Екі-үш күннің ішінде бір айлық жауын-шашын жауды, – деді В.Божко. – Тасқын судан зардап шеккендерге мате­риал­дық кө­мек әлі көрсетілген жоқ, – деді облыс әкімі Бақ­ты­қожа Ізмұхамбетов. –  Жергілікті бюджеттен қаржы бө­лінетін бола­ды. Төтенше жағ­дайлар министрімен бірге рес­пуб­ликалық бюджеттен қаржы бөлу туралы Президент Әкімшілі­гіне, Үкімет бас­шы­сының атына хат жіберілді. (Ес­кер­те кетейік, бет қатталып жат­қан­да редакцияға Үкімет резервінен қаржы бөлін­гені туралы хабар келіп түсті. Ол газеттің бірінші бетінде жария­ланып отыр. – Ред.) Бақтықожа Салахат­динұлы сон­­дай-ақ шы­ғынды өтеу бары­сын­да мәліметтің нақты бо­луы қажет­тігін қа­дап айтты. Жаңа бас­па­на­лардың ауданы тас­қын­нан қира­ған баспана­ның ауданы­мен сәй­кес келуі тиіс. Ал ішінара бұ­зылған үйлер жөн­деу­ден өтеді. «Батыссушар» кәсіпорнының ди­­ре­кторы Қазбек Кенже­ғалиев Жайық өзенін­дегі су дең­гейінің 6 метр­ге жеткенін және тағы да көтерілетінін, сондай-ақ Деркөл, Ша­­ған өзен­­дерін­де әлі де күр­делі жағ­дай­дың сақ­­­та­лып отыр­ған­ды­ғын жет­кізді. Об­лыс аума­ғын­да 13-14 сә­уір­­де жаңбыр жаууы­на бай­ла­ныс­ты мұн­дағы өзен­­дердегі су деңгейі тағы кө­терілуі мүмкін екендігін ескерткен министр В.Божко та­биғи апатпен күреске жұмыл­ды­рыл­ған барлық жа­уап­ты қыз­мет­керлерге жұ­мыс­ты барынша ши­­ратуды, ең басты­сы, адам шығы­нына жол бермеуді тап­­сыр­ды. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы.