14 Сәуір, 2011

Жылжымалы медициналық кешен жолға шықты

835 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арна­ған биылғы Жолдауында «Ауыл тұрғындары үшін медицина­лық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге айрықша назар аудару қажет» деп атап көрсеткен-ді. Әр сөзімен іргелі істерге із ашатын Мемлекет басшысы­ның бұл тапсырмасының іс жүзінде орындалуының нақты нәтижесі де көріне бастады. Жақында облыс осы міндеттерді орындауға мүмкіндік беретін алғашқы жылжымалы ме­дициналық кешенге қол жеткізді. Шымкент қаласындағы «Қаз­медқұрал» ЖШС шығар­ған бұл кешенге респуб­ли­ка­лық бюджеттен 86 млн. теңге жұмсалды. Мұндағы хирур­гия­лық, гинеколо­гиялық, рентген, тіс аурулары, кардиологиялық, УЗИ, жалпы қабылдау бөлме­ле­рі мен зертхана осы заман­ғы медициналық қон­дырғы­лар­мен жарақтан­ды­рыл­ған. Отандық бірегей жылжымалы медициналық кешеннің игілігін бірінші болып Қобда ауданының тұрғындары көретін болды. Оның да реті бар. Бұл кезіндегі екі ауданның ізінен құрылған аума­ғы үлкен әкімдік құрылым. Кешен құрамында облыстық кеңес беру-диагностика орталығының он екі білікті дәрігерлері ауыл тұрғын­дарын қабылдайды. Олар аудан­ның көптеген елді мекендерінде болып, 11 мыңнан астам ауыл­дық­тарға медициналық қызмет көрсетеді. Кешен қосымша «Ақ­төберентген» зауытында автокө­лік­ке орнатылып жасалған жыл­жымалы мамография, флюрографиямен жабдықталды. Жылжы­ма­лы медициналық кешенді Қоб­да ауданына аттандырып тұрған облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабыр мұндай қызметтің ауруды тез анықтауға, алдын алуға медициналық көмек пен кеңес беру сапасын арттыруға алғы­шарт жасайтынын жеткізді. – Елбасы биылғы Жол­дау­ында «Жұмылғыш медициналық кешендер – автоклиникалар санын 50 бірлікке дейін жеткізу керек» деген бо­латын. Қазір қолы­мыз­ға тиіп отыр­ған кешен осы тап­сыр­маның нақ­­ты орын­далуы­ның жемісі. Осын­­­дай қадам­дар­дың нәти­же­сінде са­палы меди­циналық қыз­­мет­­тің қолжетімділігін қамта­ма­сыз етуге әбден болады, – дейді ол. Оның айтуынша, биыл тағы да осындай екі кешен алынатын көрінеді. Оларды Хромтау және Мұғалжар аудандарына бөлу қарас­тырылыпты. Жалпы, облыс хал­қы­на қолжетімді, сапалы меди­ци­налық қызмет көрсету үшін осындай алты жылжымалы ме­дициналық кешен қажет екен. Олардың қалғандары да таяу уа­қытта алынатын болады. Жыл­жымалы медициналық кешен жұмысы жалғаса береді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.