14 Сәуір, 2011

Оңалу

395 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қыста қысылшаң шақты бастан кешкен  Приозердің екінші тынысы ашылмақ «Өткенге өкінбе» деген емес пе. Қақаған қыс ортасында  бүтін бір қаланың қапылыста жылусыз қалған күндердегі қиындық қазір бірте-бірте ұмытылып барады. Бұ­дан былай қарай мұндай жағ­дай­дың орын алмауына арналған іс-шаралар ширатылып, ауқымы ке­ңейе түскен сайын тұрғындардың оған деген үміті де үлкейіп отыр. Елбасының тікелей қолдауымен  қабылданып, Үкімет қаулысымен бе­кітілген Приозер қаласының 2011-2013 жылдарда әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары тынысына тың серпін бере бастауда. Алға қойылған міндеттер мүлтіксіз орындалуы барысын жақында тағы бір рет көзбен көруге келген облыс әкімі Серік Ахметов кезекті сапарында приозерліктерді осы құжатпен қуантты. Бір айтарлығы, ол бірнеше бө­лімнен тұрады. Соның ішінде негізгісі жылу және сумен қам­та­масыз етуді қосқанда  тұрғын үй-ком­му­нал­дық шаруашылықты жетілдіру  бағыты болып табылады. Жылу мәселесі бойынша  жаңа қалалық қазандық іске қосылғанша қолда­ныс­тағы  №1 қазандық жұмысын қалыпта ұстау үшін техникалық шаралар жүргізіледі. Сонымен бірге жылуды жеткілікті таратып, бөлуге қолайлы инфрақұрылым қалыптастырылады. Ал судың тұрақты жеткізілуін жақсарту  да қоса атқарылатын істер. Осыған байланысты бағ­дар­ла­ма­ға сәйкес басты көшелер бой­ын­дағы су құбырларын тазар­тып, жаңарту бүгінде қызу баста­лып та кетті. Күзге дейін көп қа­батты 19 үйді орталықтандырыл­ған жылу жүйесіне қосу көзделсе, сондай-ақ оны күрделі жөндеуден өткізу, тұрғындарына барлық тұр­мыстық жағдайлар жасау белгіленген. Басқа шағын шаһарлардағы­дай мұнда да кезінде босап қалған үйлер аз кездеспейді. Бұл күнде қалаға қайта қоныстанушылар аз  емес. Енді оларға  қалпына келтірілетін 6 үй есік ашпақтағы қуаныш­ты хабар болып жатыр. Абай, Ағы­бай батыр, Бауыржан Момышұлы аттарындағы көшелердегі апатты күйдегі ескі қоныстар да көрікті кейіпке енеді. Жалпы алғанда, осы жазда Приозердің кескін-келбеті танығы­сыз өзгереді. Көшелер кешкісін нұр сәулеге малынып, аулалар ажар­ланып, жасыл желектер кө­бейіп, көл жағасындағы қала көз тартуға айналғалы тұр. Жоғарыда аталған шараларды іске асыруға республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 12,6   миллиард теңгені  ұқсатып пайда­лануға талап күштілігі де тәуір-ақ. Өткен қыстағы қысылтаяң шақ­та қала тұрғындары кемістік толар, көңіл орнына келер, жағдай оңалар деп сенген еді. Сол күн көп күттірмей туып та отыр. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды облысы.