14 Наурыз, 2017

Бір жасыңыз құтты болсын!

4413 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Наурыздың 14-і – Қа­зақ­­стан­ның батыс ай­мағына ғана тән көрісу күні. Бұл күні бүкіл ағайын-тума әу­леттің бас иесіне, ауыл-аймақ сол жердің ақсақа­лына, жасы кіші үлкенге ар­найы барып, қол беріп көрісіп, «бір жасымен» құт­тықтайды. Әсі­ресе, бұл – бала-шаға­ның мерекесі. Ала таң­нан әр үйді аралап, үлкен­ге сәлем беретін балдыр­ғандардың бүкіл қойны-қонышы тәттіге толып, артылғанын дорбаға, пакетке тоғытады... Жалпы, көрісу дәстүрі тек батыс қазақтарында ғана емес, еліміздің көп жерінде бол­ғанға ұқсайды. Шәкәрім Құдай­берді­ұлының баласы Ахат өз жазбаларында «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі, жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» деген...».

Бұрын...

Әкеміз ауылдың қадір­менді ақсақалы болған соң шығар, біздің үйде «көрісу күнінің» таңы тым ерте «ата­тын». Анамыз түн орта­сы­нан тұрып, табақ-та­бақ бауыр­сағын пісіреді. Дас­тар­қан жайылып, бар тәтті кебежені тастап шығады. Жеті шелпек ортадан орын алады. «Бірінші кім келіп көрісер екен?!» – ата-анамыздың кө­кейінде осы сұрақ тұратын. Был­тыр­ғы, арғы жылғы көрі­су күн­дері еске алынып, «жыл жақ­сылығымен келгей» де­ген игі тілек тілдің ұшынан төгіле беретін... Ал біз, кішкентайлар ше? Үйге үлкен кісі келіп қалмас бұрын өзің барып көрісіп, батасын алу, қалтаны кәмпитке толтыру – әрбір балаға сын. Тіпті, өзің бірге ойнап жүр­ген құрбыңның алдын орап, ең тәтті, ең әдемі сияпатты иеленсең, абыройың асқақ­тап, қатарыңның алды ата­на­сың. Үлкендер де ерте тұр­ған, алдымен көріскен ба­ла­ларға ерекше ықылас таны­тып, айрықша бата бере­тіндей.

Алматыда

Туған жерден алыста, оң­түс­тік астанада жүргенде жалпы батыстықтар – орал­дық, аты­раулық, маңғыс­таулық, ақтөбелік дос-жаран – бір-бірімізді бір үйдің, бір ауылдың баласындай жақын тартатынбыз. Жоғарыда атал­ғандарға Өзбекстаннан келген қандастар да қосылатын. Біз­­ді, әсіресе, біріктіретін, өз­­­ге­­лер қызыға да қызғана қа­рай­­­тын дәстүр – дәл осы кө­рі­су еді. Бейнеуден келген Сағын­дық курстасым бірер жас болса да үлкендігін бұл­дап, «әй, балдар, ақсақалға аман­даспайсыңдар ма?!» деп алдымыздан шығады. Сол күні «Миялының ибалы қы­зы Салтанат келіп көріскенде бере қоямын ғой» деп, қалта­ма бірер кәмпит салып жүре­мін. Түс ауа филология фа­куль­­тетінен сабақтан жаңа тара­ған Батырболат жетеді. Ал нөкіс­тік Бауыр­жанға барып көрі­су – біздің міндет. Кішіміз ғой. Бұл – шығыстану факуль­те­тіндегі жерлесім Гүлімге, философия және экономика факультетіндегі ауылдасым Ға­лияға достарымды ерте арнайы «көрісе» барып, арқа-жарқа әңгімемен шәй ішіп қайтуға мүм­кін­дік беретін тамаша мейрам болатын. Осылайша, мәре-сәре болған батыстықтарға бүкіл Алматы қызы­ға қарайтындай көрінетін. Бұл – бүкіл Ор­талық Азия атап өтетін әз-Нау­­­рыздан, күн мен түннің теңе­летін сәтінен мүлде бө­лек, басқа мейрам еді.

Бұл қандай мейрам?

«Көрісу – Батыс Қазақстан айма­ғында ғана сақталған ежел­гі дәстүр. Жаңа жылды Бай­бақты Қазыбек календары бойын­ша қарсы алатын аймақ тұр­ғындары 14 наурызды көрісу (яғни, қауышу) күні деп атайды. Бұл күні ауыл тұрғындары ер­те тұрып, елең-алаңнан жасы үл­кен адамдарға сәлем береді. Көр­ші-көлем бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көрісу күні бұ­рынғы өкпе-реніш кешіріліп, араз­дық ұмытылады, көрші-көлем бір-бірін шеке асына шақырып, меймандардың отбасына, ағайын-туысына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, жасы үлкенге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені «Көрісу» салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Әлдеқандай себеппен 14 наурыз күні болмаған, сырт жақта жүрген кез келген адам ауылға жолы түскен бойда қариялардың қолын алып, сәлем беруі тиіс». («Батыс Қазақстан облысы» энциклопедиясынан)

14 наурыз қайдан шықты?

Жалпы осы мейрам-салттың қайдан шыққаны жөнінде нақты дерек табу қиын. Бұрынырақ жыл басы, яғни наурыз айының бірінші күні саналатын бұл мерекені Ресейдің юлиан календарынан григориан календарына ауысқанда пайда болған 13 күндік айырмашылыққа жорып жүретінбіз. Тарихқа көз жіберсек, Ресейдің көне календарын І Петр өзгертіпті. Патша Жарлығы бойынша орыстардың «дүние жаралғаннан бері саналып келген 7208 жылы» енді «Христос туғаннан бері 1699 жыл» санала бастаған. Сөйтіп, 1700 жылдың 1 қаңтарында Жаңа жылды орыстар да сол кездегі барша еуропалықтармен бірге атап өткен. Бірақ кейін Еуропа елдері григориан күнтізбесіне көшкенде, Ресей 13 күндік айырмашылығы бар ескі календарымен қала беріпті. Мемлекетаралық дипломатиялық қарым-қатынаста елеулі қиындық туғызатын бұл «қатені» түзеген В.Ленин екен. 1918 жылы 24 қаңтарда қол қойылған «Россия республикасында батыс еуропалық календарды қолдану туралы декретке» сәйкес, 1918 жылы 31 қаңтардан кейін келетін күн 1 ақпан емес, 14 ақпан болып есептелген. Кеңес кезінде «Ұлы Октябрь (қазан) социалистік революциясының» (ескіше 25 қазанға сәйкес келетін) кезекті мерекесі 7 қарашада тойланған себебі сондықтан. Міне, Қазақстанның батыс өңірінде наурыздың алғашқы күні, жыл басы ретінде 14 наурыз аталып өтілетіні осы юлиан календарымен байланысты емес пе екен? – деген болжамымыз бар. Өйткені, ел ішіндегі егде кісілер әлі күнге дейін әр айдың басын 14-інен есептеп, «нағыз ай енді басталды» деп отыратынын құлағымыз шалған.

Байбақты Қазыбек деген кім?

Жоғарыда Батыс Қазақстан энциклопедиясынан келтірген үзіндіде халық астрономы Байбақты Қазыбек туралы там-тұм айтылды. Ондағы дерек бойынша, 1869 жылы Санкт-Петербургтан шыққан «Түркі тілдерінің 2 томдық салыстырмалы сөздігінде» Л.Будагов «Қазыбек Наурыздың» «Жас Наурыздан» (22 наурыздан) 10-11 күн ерте келетінін жазыпты. Бір қызығы, бұл күн қайыру жүйесін орта ғасырларда күллі Орта Азия халықтары қолданған көрінеді. Бұл мереке туралы тағы бір дерек 1900 жылы Қазан баспасынан шыққан «Тізбелік көрсеткіштер» жинағында да бар екен. Мұнда қазақтың тарихы мен этнографиясын зерттеуші ғалым А.Алекторов Байбақты Қазыбек календары туралы да айтып өткен. Қазақтың әйгілі жазушысы Ғабит Мүсірепов 1977 жылы 18 наурызда «Қазақ әдебиеті» газетінде осы туралы арнайы мәселе көтеріп, «бұл жайды біздің Батыс Қазақстан ғалымдары білуге тиісті» депті. Алайда, осы мәселе әлі күнге дейін жүйелі зерттеушісін таппай жатқан сыңайлы. Тіпті «Халық календары» атты тамаша кітап жазып, әлемдік және қазақы жыл қайыру дәстүрін терең зерттеген Мыңбай Ысқақов ағамыз да Батыс Қазақстандағы көрісу дәстүрі туралы ештеңе айтпапты. Айтпақшы, бүгінде өмірден өтіп кеткен ардагер, аңшылық десе ішер асын жерге қоятын Есқайыр Сисенов ақсақал да «Қазыбек наурыз (14 наурыз) күні қандай аяз, қандай қалың қар болса да, сарышұнақ тышқан далаға шығып, айналасын барлайды, інін тазартады» деуші еді. Ғұмырын далада, түз тағысының мінез-құлқын бағумен өткізген жанның бұл сөзіне күмәнданудың реті жоқ. Қалай болғанда да 14 наурыз – әлдебір астрономиялық қасиеті бар ерекше күн болғаны, оны аталарымыз байқай білгені рас секілді...

Биыл

Маңғыстау облысында көрісу күнін жергілікті жұрт «амал» деп атайды. Соңғы жылдары бұл мерекені жергілікті билік, облыс басшылары көпшілік шараға айналдырып, Отпан тау басындағы Адай ата кешенінде кеңінен атап өтуді дәстүрге айналдырған. «Амал» (хамал) – наурыздың көне атауы. Хамал, сәуір, зауза, саратан, әсет, сүмбіле, мизан, ақырап, қауыс, жеді, дәлу, хұт деп келетін арабша ай атауларын күнделікті тұрмыста қолданатын көнекөз қариялар ел ішінде әлі де бар. Орал қалалық мәдениет бөлімі биыл тұңғыш рет Көрісу күніне орай мерекелік шара ұйымдастырып жатыр. Дина күйші атындағы жаяу көшеге арнайы сахна құрылып, ән-күй, сахналық көріністер қойылмақ. «Жиналған ел-жұртқа мерекенің мән-мағынасы түсіндіріліп, үлкендердің қолын аламыз, бата беріледі» дейді бөлім басшысы Сайран Дүйсентегі. Ал жергілікті жұрт әулие санап, басынан зияратшылар үзілмейтін Дәдем ата мекенінде Көрісу мерекесі биыл екінші рет өткізілгелі отыр. Дәдем ата – Жұмағазы қазірет қорының төрағасы Ғарифолла Жамбозов Ұлыстың ұлы күніне орай арнайы мал шалып, елге сыйлы ақсақалдарды шақырып қойған. - Биылғы бағдарламада Көрісу күні, өлке тарихы бойынша шежіре әңгімелер айтылады, тақырыпқа сай терме, күй, батырлар жыры орындалады. Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған «Жыл адамы» байқауы бойынша әр түрлі аталым иелерін марапаттау рәсімі өтеді, - дейді осы шараны ұйымдастырушылардың бірі, «Телегей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Сәдір. P.S. Сонымен, түбі қайдан шықса да, Көрісу – тамаша дәстүр, имани салт екенін ешкім жоққа шығара қоймас. Алысты жақындататын, өкпені кешіретін, татулықты арттыратын мереке – Көрісу айты құтты болсын! Бір жасыңызбен, ағайын! Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ