14 Наурыз, 2017

Жаркент енді күл шығарып, от жақпайды

761 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Өткен жұмада таң атпай еліміздің ең шалғайындағы Жаркент қаласына қарай аттандық. Алматыдан шыққанда қар қылаулап тұрса да, күні жарқыраған Жаркентте ауа райы кәдімгідей бөлек екендігі байқалады. Аптаның жақсы күнінде бізді бұл қалаға бастап келген оқиғаның үлкені «ҚазТрансГаз» АҚ өзінің инвестициялық серіктесі «APL Construction» ЖШС бірлесіп, Алматы облысындағы Жаркент қаласына көгілдір отынды кіргізуі болатын. Жаркенттіктер тарихи күн деп есептеген осы жұмада ұлттық оператор газ құбыры мен автоматтандырылған газ тарату стансасын (АГТС) салып, іске қосты. Қазір аудан орталығындағы алғашқы абоненттер газға қосылып жатыр. Осыны көзбен көріп, халыққа жеткізу үшін барған бір топ БАҚ өкіл­дерін де от жағып, күл шығармай-ақ алаулаған газға піскен былқылдаған бауыр­сақтардың дәмі тартқан сияқты. Газ алауын жағатын салтанат­ты сәтке қала тұрғындары, газ тарату стан­­сасының жұмысшылары да қуана қосылып, тұрмыстың бір тауқыметі болса да азайғанына шынайы алғыстарын білдіріп жатты. Ауқымды жобаның атқа­ры­­луы­на арналған салтанатты рәсімде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Алматы өнді­ріс­тік филиалының директоры Шалқар Омарбеков, Алматы облысы Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Думан Төреханов, осы жобаға инвесторлық қаражат құйған «APL Construction» компаниясының директоры Александр Гильманға сөз берілді. Бұл кісілердің барлығының сөзі бір жерден шыққаны аян. Бәрінің де көздегені – тыныш елде тату тұрмыс кешіп, тұрмысымызды жақсарта беруге қызмет ету. Осыдан кейін арнайы құрылғы арқылы көгілдір алау тұтанып, нысан­дардың іске қосылар кезінде осы аудан­ның құрметті азаматы Шәріпхан қажы Тұрғанов ақсақалдық батасын берді. Ел ықыласымен батаға қол жайды. Қала тұрғындары көптен күткен бұл жоба «ҚазТрансГаз» АҚ пен Алматы облысы әкімдігі және «APL Construction» ЖШС арасында қол қойылған Ал­маты облысының Панфилов және Еңбек­шіқазақ аудандарын газдандыруды көздейтін өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылды. Меморандумға сәйкес ҚазТрансГаз компаниясы Қазақстан-Қытай магистралды газ құбырынан жеткізуші құбыр тартып, Жаркент пен оның айналасындағы елді мекендерге және «Қорғас-Шығыс қақпа» ар­найы экономикалық аймағын жабдықтау­ға қуаты жететін автоматты газ тарату стансасын салды. Ал жеке ин­вестор «APL Construction» серіктес­тігі қала мен ауылішілік құбырлар­ды салып, тұтыну­шыларды газға қосу жұмыс­тарын бастап кетті. Қолданысқа беріліп отырған «Жаркент» АГТС-пен газ құбырлары аудан орталығының 43 мыңнан астам тұрғыны мен 161 өндірістік және ком­муналдық-тұрмыстық кәсіпорынды табиғи газбен жабдықтауға арналған. Жүзеге асырылып отырған жобалар болашақта Алматы облысы Пан­филов ауданының Үшарал, Шола­қай округтері мен өзге де елді мекендерін газ­дандыруға мүмкіндік жасайды, бұл өз кезегінде аудандағы кіші және орта бизнес, өндірістің түрлі салаларының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жағдай туғызады деп күтілуде. Ұлттық оператор алдағы уақыт­та табиғи газ ресурстарының қажетті көлемін қамтамасыз етуді жалғастыра бермек. Мәселен, газдандырудың бас кестесіне сәйкес, жалпы 900 мыңдай тұрғыны бар Алматы облысының 228 елді мекенін газдандыру жоспарланып отыр. Осыдан кейін өңірдің газдандырылу деңгейі 41%-ға жететін болады. Ірі транзиттік және магистрал­ды газ құбырлары Алматы облысы арқы­лы өткенімен, бүгінгі таңда газдан­дыру деңгейі бойынша Алматы облысы нашар дамыған аймақтардың бірі саналады. Сондықтан, «ҚазТрансГаз» АҚ және жеке инвестордың атса­лысуымен атқарылған осы игілікті істі инфрақұрылымдық жобаларды жүзе­ге асырудағы мемлекет-жекемен­шік әріптестігінің сәтті көрінісі деуге толық негіз бар. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ – ЖАРКЕНТ – АЛМАТЫ