Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынына қатысты орын алып отырған төтенше жағдайға байланысты үкіметтік комиссия жұмысын бастады.
Сәуірдің 14-і күні облыс әкімдігінде өткен комиссия отырысына Төтенше жағдайлар министрі В.Божко, Қаржы министрінің орынбасары Б.Шолпанқұлов, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Д.Тұрғанов және басқа да ресми адамдар қатысты. Жиында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, облыстық тасқынға қарсы штаб төрағасы Тимуржан Шәкімов баяндама жасап, қалыптасқан жағдайға тоқтады.
Баяндамашының айтуынша, бүгінде Жайық өзенінің деңгейі 694 сантиметрге жеткен, яғни 47 сантиметрге көтерілген. Шаған, Деркөл, 1 Шежін, Быковка, Рубежка өзен-көлдеріндегі су деңгейі шекті деңгейге жеткен. Қараөзен де көтерілу үстінде. Су тасқыны орын алған аймақтарда 1135 тұрғын үй мен саяжайдағы 2 мыңнан астам тұрғын-жай су астында қалған және зақымданған. Облыс орталығында және аудандарда 5 денсаулық сақтау нысаны, 14 электр тарату стансасы су құрсауында қалған. Су құрсауында қалған аймақтардан 3 мыңнан астам адам қауіпсіз жерлерге көшірілген.
Кеңесте облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов су астында қалған тұрғындар үшін қалада көп қабатты үй салынатынын, сонымен қатар Зеленов ауданында жаңа ауыл бой көтеріп, қоныстанушыларға берілетінін жеткізді.
Төтенше жағдайлар министрі В.Божко тиісті сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар беріп, қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Тағы бір айта кетер жәйт, төтенше жағдай орын алғалы тасқын салдарынан үш адам облыстық ауруханаға түсті. Олардың бірі ми қан тамырларының жедел бұзылуы себепті инсультпен, екіншісі қан қысымының жоғарылауымен түскен. Үшінші адам заттарын судан аман алып қалу мақсатында екінші қабатқа тасу кезінде жоғарыдан құлап, дене жарақатымен түсті. Облыстық аурухананың бас дәрігері Ерлан Тоқсановтың айтуынша, науқастардың жағдайы айтарлықтай мүшкіл емес. Екі-үш күн турасында су басу қаупіне байланысты облыстық кардиоорталықтың барлық науқастары осы ауруханаға орналастырылған еді. Бұл шара алдын-ала ұйымдасқан түрде сәтті жүзеге асқан. Бастапқыда аталмыш орталықтан облыстық ауруханаға барлығы 151 науқас көшірілсе, бүгінде кейбір науқастардың жағдайы түзеліп, үйлеріне қайтуларына байланысты 103 адам ем қабылдауда. Азық түлік, дәрі-дәрмек жеткілікті.
Кеше өңірдегі осынау жағдайға байланысты Оралда қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар және ұлттық-мәдени орталықтар өкілдерінің жиналысы өтті. Онда өңірімізде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек беру үшін қоғамдық штаб құрылды.
Сәкен МҰРАТҰЛЫ.
___________________
Суреттерді түсірген Рафхат Халелов.