Кез келген ел үшін өзінің мемлекеттілігін нығайту мәселесі ең басты басымдық болып табылады. Ал бұл үдеріс әлем елдерімен байланыс арқылы нығаятыны тағы белгілі жәйт. Осы ретте Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастың өзіндік алар айтарлықтай орны бар десек, Қазақстан-Үндістан байланысы күні бүгінге дейін негізінен қауіпсіздік және экономикалық мәселелер бағытында өрістеп келді.
Алайда екі ел арасында тікелей автомобиль жолы мен темір жол желісінің болмауынан алыс-беріс деңгейі көңілдегіден көп төмен жатыр. Осы ретте бүгін басталатын Үндістан Премьер-министрі Манмохан Сингхтың Қазақстанға алғашқы ресми сапарына екі жақ та үлкен маңыз беріп отыр. Үндістан үкіметі басшысының сапары барысында бірқатар екіжақты маңызды құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.
* * *
Жақында бір топ қазақстандық журналист Үндістан жағының шақыруымен осы елде болып қайтты. Бұл шара Үндістан Премьер-министрі Манмохан Сингхтың бүгін басталатын Қазақстанға алғашқы ресми сапарына орайластырылды.
ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ТАМЫРЛАСТЫҚ КӨРІНІСІ
Үндістанға сапары барысында қазақстандық журналистер үшін бірқатар кездесулер ұйымдастырылған болатын. Соның алғашқысы осы ел сыртқы істер министрлігінде Үндістан сыртқы істер министрлігі байланыс департаментінің бастығы Вишну Пракашпен өтті.
Ол өзінің сөзін қазақстандық достарымен кездесуге қуанышты екенін білдіруден бастады. Үндістанды Орталық Азия елдерімен, оның ішінде Қазақстанмен ертеден келе жатқан тарихи қарым-қатынастар байланыстырады, деді ол. Енді осы байланыстарды әрі қарай да жалғастыруға ниеттіміз. Соңғы кездері Қазақстанмен арадағы ынтымақтастық қарым-қатынас өте тығыз жағдайда дамып келеді. Бұған біз өте қуаныштымыз.
В.Пракаш мырза әрі қарай Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үндістанның үлкен досы екенін мәлімдеді. Назарбаев біздің елімізде бірнеше мәрте сапармен болды. Әлемдегі танымал мемлекет басшыларының бірі. Жақында өткен президенттік сайлауда басым дауыспен жеңіске жеткенінен хабардармыз, деп Қазақстандағы жағдайдан құлағдар екенін байқатты.
В.Пракаш, сонымен қатар, өздерінің Қазақстанды достықтың, бірліктің, дамудың аралы ретінде көретіндерін көлденең тартты. Біз Қазақстанмен қарым-қатынасқа үлкен мән-маңыз береміз. Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 50 елдің қатарына қосылу перспективасын шын ниетімізбен қуаттаймыз, деді. Сондай-ақ, өз елінің Қазақстанмен қатар, Орталық Азиядағы елдермен және өңірдегі өзге де мемлекеттермен жақсы байланыс орнатқылары келетінін жасырмады. Үндістанның да Қазақстан секілді серпінді дамып келе жатқан ел екенін назарға салуды да ұмытқан жоқ.
Біз терроризмге қатты алаңдаушылық білдіреміз. Соңғы 30 жыл бойы үнді халқы соның зардабын тартып келеді. Терроризм – кез келген ел үшін үлкен қатер. Үндістан барлық мемлекеттермен осы зұлымдықтың бетін қайтару үшін ынтымақтаса жұмыс жүргізіп келеді. Осы орайда Қазақстан тарапының қолдауын да анық сезінудеміз және бұл ынтымақтастықтың дами түскенін қалаймыз, деді В.Пракаш.
Үндістандық дипломат өз елінің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес құру туралы Қазақстан бастамасына айтарлықтай қолдау көрсеткенін атап өтті. Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымына Үндістанның байқаушы ел ретінде қатысып келе жатқанын айтты. Осы ұйымға мүше алты мемлекетпен қарым-қатынасқа біз аса үлкен маңыз береміз, деді ол. Өз еліндегі басты проблема ретінде халықтың аса тығыз қоныстанғанын атады. Бір қуанарлығы, деді В.Пракаш, ел халқының 60 пайызының жасы 30-ға да толмаған. Бұл – біз үшін үлкен басымдық.
Үндістандық дипломат келесі кезекте өз елін демократиялы ел деп санайтынын білдірді. Оның айтуынша, үндістандықтар жұмыс істеп, ел экономикасын дамытуға үлес қосқылары келеді. Бір өкініштісі, екі қолға бір жұмыс табыла бермейді. Соған қарамастан, Үндістан соңғы 15-20 жыл бедерінде әлемге серпінді дамып келе жатқан мемлекет ретінде таныла бастады. Бүгінде ішкі жалпы өнім 1 триллион 150 миллиард АҚШ долларын құрайды.
Мәселен, соңғы 20 жылда өсім 6 пайызды құраған. Соңғы 5 жылда, әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысқа қарамастан, өсім 8 пайыздан төмен түсіп көрген жоқ. Алда екі сандық өсімге қол жеткізу міндеті тұр. 2020 жылға қарай елде табысы орташа адамдар қатарын көбейту басты мақсат болып табылады. Мысалы, елде жеке сектордың үлесі үлкен көрінеді. ІЖӨ-нің 50 пайызын қызмет көрсету саласы құрайды екен.
Қазақстандағы сияқты бізде де ұлттық қор бар. Ондағы жинақталған қаржымыз бүгінде 36 миллиард долларға жетті. Бұл ақшаны инвестицияларға салу көзделуде, деді кездесуде В.Пракаш. 2011 жылы экономикалық өсім елде 9 пайыз болады деп күтілуде.
ДӘЙЕКТІЛІКПЕН ДАМЫҒАН БАЙЛАНЫСТАР
Үндістан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Санджей Сингхпен кездесу де осы министрліктің ғимаратында өтті. Ол әңгімесін тарихтан сөз қозғап бастады. 15-16 сәуір күндері Үндістан Премьер-министрі Манмохан Сингх алғашқы ресми сапарымен Қазақстанға баратынын да қаперге сала кетті. Үндістандық бұл дипломат та Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Үндістанның үлкен досы деп бағалады. Біздің Қазақстанмен байланысымыздың тамыры тереңде жатыр. Кезінде Ұлы Жібек жолы арқылы алыс-берісіміз жақсы дамыған. Орта ғасырларда сақтар Үндістанның солтүстігінде қуатты мемлекет құрған. Осының барлығы тарихи сабақтастығымызды білдіреді, деп бір қайырды сөзін С.Сингх.
Қазіргі заман тақырыбына қарай ойысқан сәтте жергілікті дипломат екі ел арасында ядролық энергетика саласында тәуір байланыс орнап үлгергенін атап көрсетті. Парсы шығанағына дейін тартылатын темір жол желісі екі жақты алыс-берісті арттыруға септігін тигізер еді, деді ол. Осы ретте қарым-қатынасты жоғары деңгейде дамытуға екі ел арасында тікелей көлік жолының, сондай-ақ темір жолдың жоқтығы кедергі болып келгеніне назар аударды. Парсы шығанағына тартылатын темір жол экономикалық байланыстарымызға серпін қосады деп сенеміз, деді сөзінің соңында С.Сингх.
* * *
Жоғарыдағы лауазым иелерінің қатысуымен өткен брифингке Үндістанда тіркелген жергілікті және шетелдік 60-тан астам БАҚ өкілдері қатысты. Онда Үндістан Премьер-министрі сапарының мақсат-міндеттері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Мамыр айында Қазақстанның Үндістандағы күндері, сәл кейін Үндістанның Қазақстандағы күндері өтетіні туралы мәлімет көлденең тартылды. Сапар күн тәртібі пысықталып жатқаны да назардан тыс қалған жоқ.
Брифинг барысында Үндістанның өңірдегі басқа елдермен байланысына қатысты да сұрақтар қойылды. Сондай-ақ өңірлік, халықаралық ұйымдардың қызметін қамтыған түрлі сауалдарға жауап берілді.
ТАБЫСТЫЛЫҚ ПЕН ТАРТЫМДЫЛЫҚ ЖЕМІСІ
Соңғы кездесу Үндістанның Мұнай және газ министрі Джейпал Реддимен болды. Сіздерді біздің офисімізге шақыру мен үшін үлкен құрмет, деп әңгіме бастаған министр Үндістан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас мықты жолға қойылғанын, мазмұндылығымен ерекшеленетінін атап көрсетті. Біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен рахметімізді айтамыз. Қазақстан басшылығы екіжақты қарым-қатынасты дамытуда әркез батыл қадамдар жасап келеді. Бүгінде Қазақстанның қатысуын бүкіл әлем анық сезініп отыр, деді Д.Редди.
Әңгіме барысында ол Үндістанның дамушы ел болып табылатынын атап өтті. Елдің көмірсутегі ресурстарын игеру жолындағы техникалық мүмкіндіктері үлкен жолда тұрғанына назар аударды. Біздің көмірсутегін барлау жөніндегі тәжірибеміз өте үлкен. Өңдеу саласы бойынша да осылай деуге толық құқықтымын. Осы бағыттағы сараптама жүргізу жөніндегі тәжірибемізді де әлемдік қоғамдастық мойындап үлгерді, деді министр.
Д.Редди сондай-ақ мұнай-газ өндіру саласын дамыту бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды. Осы салаға үш үлкен компания қызмет көрсетуде екен. Министр осы ретте Қазақстанды да Жаратқан үлкен ресурстармен байытқанын атап өтті. Бұл мол байлықты игеру керек. Өздеріңіздің күштеріңізбен ғана атқарып шығу қиын. Сондықтан инвестиция тарту керектігі түсінікті. Бұл бағытта Үндістан Қазақстанмен екіжақты тиімді негізде жұмыс істесе алар еді. Бұл жұмыс барлаудан бастап өнім алғанға дейінгі аралықты қамтыса, Үндістан осы қызмет түрлерін көрсетуге қазірдің өзінде дайын, деді министр.
Әңгімесінің соңында Д.Редди ел Премьер-министрі Манмохан Сингхтың жақын күндері Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен баратынын және онда кездесулер мен келіссөздер белгілі бір деңгейде табысқа жеткізеді деп сенетінін білдірді. 2009 және 2010 жылдары біз Қазақстаннан да мұнай импорттадық. Бұл үдеріс екі елді байланыстыратын тікелей көлік немесе су жолы болмаса да жүзеге асты, деді ол.
___________
ӨЗ ЖОЛЫ БАР ЕЛ
Кездесуден кейін министрге бірнеше сұрақ қоюдың реті келді.
– Үндістан Қазақстандағы көмірсутегін барлап, игеруге нақты қанша көлемде инвестиция салмақ?
– Әзірше біз инвестициялауды бастаған жоқпыз. Бұған дейін Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен өзара түсіністік туралы меморандумға ғана қол қойылған. Біз нақты іске Үндістан Премьер-министрінің сапарынан кейін кірісуден үміттіміз. Қазақстан жағы барлау барысында мұнай табылған соң ғана ақша салатын болады. Бұл – біз үшін үлкен тәуекел қадам. Соған қарамастан, Үндістан жағы инвестиция салуға дайын. Әуелгі көлемі 25 пайыз болмақ.
– Үндістан Қазақстаннан қанша мұнай алмақшы?
– Біз ешқандай шектеу қоймаймыз. Өйткені, 80 пайыз мұнайды сырттан аламыз. Осыған байланысты еліміздегі жанар-жағар май бағасы да аса арзан емес. 1 литр бензиннің құны орташа есеппен 60 рупий тұрады (1 доллар – 44 рупий).
– Мұнай мен мұнай өнімдерін қандай тасымал жолдары арқылы алған жөн деп ойлайсыз? ТАПИ (Түркіменстан – Ауғанстан – Пәкстан – Иран) бағыты туралы не айтар едіңіз?
– ТАПИ – экономикалық негізделген жоба. Бірақ бұл жоба әлі де болса өзінің бастапқы кезеңінде тұр. Біздің Түркіменстанмен проблемамыз жоқ. Мәселе Ауғанстандағы тұрақсыздық пен Пәкстанмен арадағы түсініспестікке тіреледі. Қалай болғанда да, келісім жасалған жағдайда тасымал жолын табуға болады ғой деп ойлаймын.
– Қазақстандағы мұнайды игеруде бәсекелестік көп. Мәселен, Қытай, Ресей, АҚШ, тағы басқа елдер. Бұған Үндістан несін қарсы қоя алар еді?
– Қазақстан мен Үндістан арасындағы өзара қарым-қатынас өте бір дәйектілікпен дамып келеді. Сондықтан бұл жолда тайталас көрініс бере қоймайды ғой деп ойлаймын. Өйткені, Қазақстанның да өз мүддесі бар. Барлық жұмыртқаны бір кәрзеңкеге салуға болмайды дегендей, Қазақстанға да барлық жұмысты тек шектеулі бағытта жүргізу тиімсіздік әкелетіні анық.
– Дегенмен, Қытай ақшасымен, Америка Құрама Штаттары жаңа технологиясымен, Ресей тәуекелшілдігімен келіп жатыр. Бұған Үндістан қалай жауап қайтарар еді?
– Мен елімді Қытаймен, АҚШ-пен, Ресеймен салыстырмауды қалар едім. Үндістанның өз жолы бар. Елдің ІЖӨ-сі алдағы жылы 9 пайыз өсімді құрамақ. Демек, қай елмен де бәсекелесе алатын жағдайдамыз. Оның үстіне әлемдегі ең жоғары технологияларды қолдануға да дайынбыз.
– Онда іске сәт дейміз де.
Самат МҰСА.
Астана – Дели – Астана.