Қазіргі кезде Қазақстанның қалыпты өркендеуі мен ішкі, сыртқы саясатының байыпты екендігін әлем мойындауда. Осы бағыттағы сан қырлы жұмыс ұлтаралық татулық, өзара келісім мен ынтымаққа негіз қалауда. Елбасының сындарлы саясатымен осы жылдар ішінде экономикалық және саяси дамуы өріс алып, ұлтаралық қақтығыс пен діни алауыздықтың титтей де бір белгісі көрініс бермеді. Тіл-көзден сақтасын, бұл – өлшеусіз бақыт. Өзім түрік ұлтының өкілі болғандықтан, Қазақстанды мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың пікірі бір арнаға тоғысып, баршаның өмір сүруіне, білім алуына, еңбек етуіне, тілі мен дінін сақтауына және өз құқықтарын пайдалануына жағдай жасалғанына көз жеткізіп келемін. Мұның өзі демократияның салтанат құрғанының көрінісі.
Арқа төсіндегі әсем қала Астанада былтырғы болған Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVI сессиясына қатыстым. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттар мен ұлыстардың өкілдері алдында кең ауқымды, терең ойлы, мағыналы сөз сөйледі. Негізі қаланғанына 16 жыл толатын Ассамблея әлемге өзінің бағытының өміршеңдігін дәлелдеді. Сол жолы да түрлі этнос өкілдері өзара достық пен сенім, дәстүр, ашықтық, төзімділік аясындағы кең ауқымды мәселелерді қозғап, оны алға апаруды мақсат еткенімен ерекшеленді.
Жетісу өңірін мекендеген түрік халқы ел басына күн туған 1944 жылы жер аударылып, аш-жалаңаш жүдеп келген еді. Аға ұрпақ пен біздер үшін Қазақстан атамекеніміз деуге болады. Елбасына былтыр түрік елінде ескерткіш орнатылып, құрмет көрсетілуі тегін емес. Осылайша қадым замандардан жалғасқан бауырластық бастауы бүгінгі бірлік пен ынтымақ туын желбіретіп, сарабдал саясаткерге деген құрметті көрсетті.
Алматы қалалық түрік этномәдени бірлестігінің басшысы ретінде шаһар мен Жетісу жеріндегі мәдени-көпшілік жұмыстарға белсене араласамын. Тіл – ұлттың тірегі, жаны. Мемлекеттік тілге келсек, ол Қазақстанды мекендейтін баршаның жүрегіндегі ең құрметтісі болуы тиіс. Сондықтан түрік этномәдени бірлестігі жанындағы қазақ тілін оқып-үйренушілер саны біршама өсті. Елбасы сессияда шешіле сөйлеп, мемлекеттік тілдің келешегі қазақтардың ұлтжандылығына, намысшылдығына қатысты екендігіне тоқталды. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп қашанғы айтамын? Арамызда өзге ұлттың бір адамы отырса, сол тілге көшуге мәжбүр болатын кешегі күн өтті», деп еске салды. Тіпті, талайлардың жұмыста да, үйде де, көшеде де өз ана тілінде сөйлемейтінін де ашына жеткізді. Әлі күнге талай қазақтың баласы, немересі қазақ мектебіне, қазақ балабақшасына бармайды. Басқа ұлттың балалары қазақ мектебіне барғанда бұрынғы қалпынан қайтпайтынын, сонда біз өз тілімізді кімге міндет қыламыз, дегені елі мен жерін сүйген және оның ертеңі үшін алаңдаған Мемлекет басшысының айтқанына қосылмаған жан болмады. Бұл баршамызға қатысты мәселе екендігін сезіндік, ой түйдік.
Бүгінгі күні алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін Елбасының елді жедел жаңғырту саясатын қолдап, көгілдір туымыздың астына топтасуымыз қажет. Ортақ құндылығымыз – бірлік пен ұлтаралық келісімді сақтап, қоғамның алға жылжуына жұмыла атсалысу қажеттігін айтып, жастардың елжандылық сезімін қалыптастыруға күш салып жүремін.
Біз кеңестік жүйенің тәрбиесін алдық. Біраз дүниенің қадір-қасиетін кеш ұқтық. Ал, бүгінгі жастар мемлекеттік тілді міндетті түрде білу үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасауымыз кажет. Мүмкіндік бар кезде қандастарымыздың осындай мәселелерін шешуге күш салып, жұмысқа кірістім.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен бүкіл әлемді жайлаған каржы дағдарысынан көп қиналмай шығуға қол жеткізілді. Жиырма жылда демократиялық жаңарулар жүзеге асып, жүйе өзгерді. Мақсатымыз айқын, тәуелсіз еліміз гүлденіп, әр отбасында молшылык, бақытты тірлік орнаса деген мақсат орныққан. Облыстық мәслихат депутаты ретінде Жетісудағы сайлаушылармен кездескенде олар Елбасына алғыс айтады. Мәселен, Қызылағаштағы тасқыннан кейінгі жағдай Президентіміздің халыққа деген қамқорлығын көрсетті. Өңірдегі елді мекендерде жол салынса, су құбырлары тартылып, «көгілдір отын» әр үйге келді. «Жол картасы» бағдарламасының нәтижесінде каржы дағдарысының салқынын көпшілік сезінбеді. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табуда.
Мемлекет басшысының Жолдауы жаңа қадамдарға, дамуға бастап, ауыл шаруашылығы мен құқық қорғау, тағы басқа салалардағы реформа негізінде игілікті істер атқарылып, ел өміріне елеулі оң істер әкелді.
Өңірдің дамуы – елдің дамуы. Осы орайда бизнеспен айналысатындарға жүктелетін міндет зор. Мәселен, сауда-саттық, өзге мемлекеттермен эконо-микалық байланыс, қарым-қатынас арқылы экономика нығайып, еңбек өнімділігін шұғыл арттыру көзделсе, бұған Кедендік одақтың құрылуы нарықтағы мүмкіндігімізді еселей түсті. Кәсіпкерлер үшін отандық тауарларды саудалауға үлкен рынок ашылды. Тауарларымызды Қазақстан ғана емес, Ресей аумағында да еркін саудалауға мүмкіндік бар. Өзара бәсеке қатаң болғанымен бағалы. Тұтынушы сауда сөрелерінен неғұрлым қолжетімді бағамен жоғары сапалы өнім алуы үшін олардың талғамын зерттеу, мүддесін корғау алдыңғы орынға шықты.
Қиын кезеңде құрылған «Касанов Инвестгрупп» компаниясының Жолдау талаптарымен шет елдерден 2 млрд. доллар инвестиция тартылуы нәтижесінде Талғарда «Алтынсай» жобасымен тұрғын үй кешенін салудың жоспар-негіздемесі жасалса, шаһарда автовокзал құрылысы қарқын алған. Ұжымда үш мыңнан астам адам еңбек етуде. Олар құрылысқа кажетті кірпіш, есік-терезе, ағаш, тағы басқа бұйымдар жасаумен айналысады. Өңірдегі құрылыстың өсуіне орай тұтынушыны сапалы өніммен қамтамасыз етуге күш салудамыз.
Отандық өнім шығарумен айналысатын кәсіпорындар қатары да қарқынды жұмыс жасауда. Еңбекшіқазақ ауданында шарап, Қарасай ауданында кірпіш зауыттары жұмысын жалғастырса, Алматы қаласында гипермаркет сауда орталығы тұтынушының жоғары сұранысын қанағаттандыратындығымен ерекшеленеді.
Ислам дінін құрметтеп, биік адамгершілік қасиеттерге баулитын онға жуық Алланың үйін салуға да демеушілік таныттым. Әрине, бұл – мақтаныш емес, азамат ретіндегі міндетім. Өйткені, қарапайым түрік ұлтының өкіліне Қазақстанда өз кәсібін ашуға, жұмыс істеуіне мүмкіндік жасағанының өзі менің ел алдындағы борышымды еселей түседі.
Жолдауда болашаққа белгіленген ұлан-ғайыр міндеттерді біріктіруші ұлттық стратегиясыз жүзеге асырудың мүмкін еместігі атап көрсетілген. Демек, әр қазақстандық Отанымыз – тәуелсіз Қазақстандағы тұрақтылық пен игілік жолындағы еселі еңбегін өз ісімен, елжандылық қасиетімен дәлелдеуі тиіс деп ойлаймын.
Усеин КАСАНОВ, Алматы облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер.
Алматы облысы.