15 Сәуір, 2011

Көксарай су реттегіші – ғасыр құрылысы

1744 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
БИЫЛ МҰНДА 3 МЛРД. ТЕКШЕ МЕТР СУ ЖИНАП АЛУҒА БОЛАДЫ Кешеге дейін Шардара су қой­масы көктем сайын елді дүр­ліктіріп келді. Алып қазан Шардараның ернеуіне дейін су толғанда етектегі елдің ұйқысы қашады. Көз ілмейтіндей бар. Құдай бетін әрі қылсын. Тасқын су бір көз тауып алса сонау биіктен жиырма-отыз метр болып құлайды. Жолда отырған Оң­түс­тіктің төрт ауданы мен Қы­зыл­орда облысының күйін көз алдыңызға елестете беріңіз. Оңтүстіктің өзінде мұндай мол су қоры жоқ. Шардараға Қыр­ғызстанның тауларынан жи­на­лып, Тоқтағұл ГЭС-і тұ­сында байланған нөпір су қыс-көк­тем­де ырғын келеді. Ақ ордасын атпен шауып алып жаман үйре­ніп қалған қырғыз ағайынның мұндайда ашуы қатты. “Ау, абайла, суды аз жібер” десең бәлеге қаласың. Ақша­мыз жоқ, орнын төлеңдер деп­ төбеңде ойнайды. Мұндайда “қырғыз-қазақ бір туған”деген баталы сөз де адыра қалады. Жириновский сияқты түкірігіне малшынып сөйлейтіндер қыр­ғыз парламентінде де бар. Сондайлар “қазақтарға қауіп екен деп электр энергиясын сатпай отыра аламыз ба, әйда ағытың­дар” деп күпінеді. Шардараға су меймілдеп тола бастағанда біздің Үкіметтен дегбір кетеді. Арнасай арқылы ар­тық су ал деп Өзбекстанға кү­ні түседі. “Аталарымыз қазақ­пен бірге жүрсең адаспайсың” деген деп мәтелдеткенді жақсы көретін ала топылы ағайынның да уәжі бар. “Артық ала алмай­мын. Қышлақтарымыз суға харап болады”. Сөйтіп жүріп Шар­дараға сыймаған су есебінен көршімізге 35 млрд. текше метр болатын су босатқаны­мыз­ды мамандар күйзеле айтады. Олар екі үлкен көлтоған жасап алған. Балық өсіреді, аулап қырғын пайда табады. Шаруа­шы­лықтары суды қалауынша пайдаланады. Су алғың деп жа­лынған қазақтардың қалтасына түсуді де ұмытпайды. Көктемде Сырдың суы та­банына сыймай жан-жаққа ақ­та­рыл­ғанда дария жағасындағы ауылдарды көшіріп, Қызылорда қаласының төңірегін таспен шегендеп жататын мемлекетіміз жыл сайын миллиардтаған қар­жы­ны құмға сіңген судай ша­шып келеді. Суымды тоқтатпай­мын деген айыр қалпақ ағайын­мен, суыңды алмаймын деген ала топылы ағайынға төлегенін былай қойғанда. Көксарай су қоймасын салу керек деген сөздің шыққанына оншақты жыл болып қалған. Көршілердің кергігені аз бол­ған­дай енді өз ғалымдарымыз тәжікеге түскен. Бірі керек дейді, бірі керегі жоқ дейді. Көл түсетін жерге таласады. Халық­тың да құлағын көтеріп қойған. Дауға нүктені Елбасы қой­ды. Тәжікелесуге уақыт тапшы еді. Осылайша, су қоймасы емес Көксарай су ретте­гішінің алып құ­ры­лысы басталды. Шар­­дара су қой­масы, Сыр­дария Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қы­зылорда облыстары үшін негізгі су көзі. Арал теңізін эколо­гиялық апаттан құтқарып қалар амалдың ең үлкені. Су реттегіштің құ­ры­лысы Төтенше жағ­дайлар министрлігіне қарас­ты “Қ­азселденқорғау” мемлекеттік мекемесі бас­шы­лығымен қолға алынды. “Қазсел­денқорғау” мекемесі атақты “Медеу”, “Үлкен Алматы”, Қарғалы, Сар­қант, Есік, Қаскелең, Д.А.Қо­наев атын­дағы үлкен Алматы каналы сияқ­ты гидротехникалық тос­паларын салған, инженерлік-қорғаныс құрылысында орасан тәжірибесі бар мемлекеттік мекеме. Толық іске қосылғанда 3 млрд. текше метр су жинай ала­тын су реттегіш 44,7 шақырым аумақты алып жатыр. Бас су торабы, су реттегіш бөгеттер тұр­ғызылды. Сырдан ұзақтығы 16 шақырым канал арқылы се­көнтіне 500 текше метр су қа­былдай алады. Су реттегіштен қажет жағдайда Сыр арқылы Аралға жіберілетін су мөлшері де секөнтіне 500 текше метрден асады. Шөгірлі және Арыс-Шәуіл­дір аспалы көпірі салынды. Көксарай су реттегішінің жал­пы құны 48390,631 млн. теңге болды. Алғашқы 2008-2010 жылдар аралығында су реттегішке 39 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал, 2011 жыл­дың аяғы­на дейін 8610,6 млн. теңгенің жұмысы жүргізіледі. Барлық бөлінген қаржы өндірістік жұ­мыс кестесіне орай жұмса­лынған. Көксарай су реттегіші оңай салынған жоқ. “Қазселденқор­ғау” мекемесінің басшысы Тоқ­тарбек Баймолдаевты үнемі жұмыс басынан көруге болар еді. Уақыт қысқа. Күздің суық желі бет қаратпай, қар араласа ұшқындап тұрғанда да мұнда күндіз-түні жұмыс тоқтаған жоқ. Жұмыстың ауқымдылығы, ты­ғыздығы сондай, жобалау-сме­талық құжаттарға уақыт өлтір­мей, осында дайындалғанын мекеме басшысы айтады. Көк­сарай ғасырлық құрылыс, мемлекеттік маңызды іс, суға тәуелділіктен құтқаратын елдік шара болғандықтан кешеуілдетуге болмайтын еді. “Қазселденқорғау” ММ ОҚО филиалының бастығы Құттыбай Байтілеу “қазір ғой арқамызды сәл кеңге салып жүргеніміз. Тоқтарбек Асқар­ұлы талапшыл адам. Учаске басшыларының жасалып жат­қан жұмыстарға есебін тыңдап алады да, мені ертіп күніне 10-12 шақырым құрылыс жұмыс­тарын барлап қайтамыз. Ешкімге артық сөз шығында­майды. Бірақ, планеркада кемшіліктерді айтып, басшылардың апшы­сын қуырып жіберді. Жұ­мыстардың сапалы орын­да­луына үлкен мән берді. Өзін осы саланың нағыз ма­манымыз, білмейтініміз жердің астында дейтін басшылардың өзі Баймолдаев айтқан кемшіліктерді мойын­дап, тез арада жөндеуге уәде беретін. Бетің бар, жүзің бар демей тура айтатындығы, іскерлігі, жұмысты ұйымдастыра білетіндігі су реттегіштің Мемлекет басшысына уәде еткен мерзімде аяқталуына жеткізді”, дейді ол. Мұны әріптестердің мақтаны емес, тығырықтан алып шығар қайратына сүйсінгендік, мемлекеттік істің аяғына жеткізілуіне қуанғандық деп ұғуға болар. Журналистік сапармен Көк­сарай су реттегішіне барғанда белгіленген уақытта аяқтай ал­майды-ау деген сенімсіздік өз көңілімізде болғанын жасырмай­мыз. Құрылыстың бас мердігері ҚР ТЖМ “Селденқорғау құры­лыс” қазыналық кәсіпорны бол­ған. Бұдан бөлек ірі құрылыс-монтаж компаниялары, атап айт­қанда, “Базис” корпорациясы, АҚСУ” АҚ, “Спецзащита” ЖШС, “Стройинвест” ЖШС секілді мекемелер тартылды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі тех­никаларды жұмыл­дыру мен жұ­мысшылар тарту, жер жағдайына байланысты туындаған қиындық­тарды шешіп беруге септесті. Дау­лы мәселелер ретке келтірілді. Мемлекеттің назарында бол­ған стратегиялық құрылысқа Мемлекет басшысы арнайы келді. Одан бөлек Премьер-Министр К.Мәсімов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев, Парламент депутаты Қ.Айтаханов сияқты тұлғалар келіп жұ­мыс барысымен танысты, күр­меу­лі мәселелердің уақытында шешілуіне ұйытқы болды. Тө­тенше жағдайлар министрі В.Бож­ко мен Су ресурстары коми­тетінің бірлескен іс-әрекетімен Сырдариядағы су нөпірінен төн­ген қауіптің беті қайтарылды. 2009 жылы 6 желтоқсанда Сыр­дарияның ағысын бөгеп, жаңа канал арқылы бас су торабына жіберілді. Осылайша Сырдың суын бақылауға алу мүмкіндігі туды. Бұл гидротехникалық құрылыс­тың дәуірлеу кезеңі болып саналады. 2010 жылы Елбасының тап­сырмасымен су реттегіштің бірінші кезеңі аяқталып, алғашқы 1 млрд. текше метр су қабылдануға тиіс болатын. Сол жылы Шардара су қоймасына Қырғызстаннан мол су келді. “Жығылғанға жұ­дырық” болып, Сырдың төменгі жағында сіре-сіре мұз қатты. Су арнасы тарылды. Оңтүстік Қа­зақстан мен Қызылорда облы­сының дарияға жақын елді мекендерін қарғын су алу қаупі төнді. – Біз осындай қиын кезеңде Елбасымыздың өте батыл шешім қабылдағанының куәсі болдық, – дейді Тоқтарбек Асқарұлы. – Көксарай су реттегіші 2010 жыл­дың 10 ақпанында 1 млрд. текше метр су қабылдап алып, Сыр­дария бассейніндегі қалыптасқан ауыр жағдайды жеңілдетуге себепші болды. Қауіп сейіліп, мұз ерігеннен кейін су босатқыш арқылы Аралға жіберілді. Ал, 2010 жылдың 18 науры­зында Елбасының қатысуымен Көксарай су реттегіші стратегия­лық маңызды нысан ретінде эксплуатациядан өтіп, іске қо­сыл­­ды. Нұрсұлтан Назарбаев сал­та­натты кеште осы құры­лысты қысқа мерзімде сапалы орындап шыққан барша құры­лысшыларға алғыс айтты. “Қазселденқорғау” мемлекеттік мекемесінің бастығы Тоқтар­бек Баймолдаев 2011 жылы су реттегішке байланысты барлық жұмыстардың аяғына жететіндігін баяндаған. “Көксарай су реттегішінің” іске қосылуы қандай мүмкін­діктерге жол ашты, соған сараптама жүргізіп көрейік. Біріншіден, Сыр бойында отырған Оңтүстік Қазақстан об­лысының – 18, Қызылорда облысының 51 елді мекенін жыл сайынғы қарғын судан құтқарды. Ал, бұл ауылдарда 400 мыңдай халық тұрады. Екіншіден, су реттегіште 3 млрд. текше метр су жинай алу мүмкіндігімен республика­мыз­дың суға тәуелділігін ретке келтірді. Үшіншіден, бұрынғы арнасы­нан 150 шақырымға дейін алыс­таған Аралға су бара бастады. Кіші Аралдағы су қоры 27 млрд. текше метрге дейін жетті. Эко­логиялық ахуал түзеле бастады. Төртіншіден, судың сыртқа кетуіне тосқауыл қойылды. Анық­­тама үшін айтайық, 1995-2008 жылдар аралығында Арнасай арқылы көршімізге 35 млрд. текше метрден астам су бердік. Бесіншіден, Шардара ГЭС-і қыс мезгілдерінде электр энер­гия­сын алуды 20-25 пайызға үдетті. Айта берсек, су реттегіштен ха­лыққа пайда көп. Қыс, көктем­де энергетикалық режімге көш­кен Тоқтағұл ГЭС-і су қасқал­дақтың қанындай қат жаз кездерінде тас болып безеріп қалады. Көз жасыңды көл қылсаң да артық суы жоқ. Ал, Көксарай су реттегіші жинаған суын жаз бойы Аралға ұзатады. Судан бо­саған аймақ масатыдай жай­найды, нар қамыстар бойын көте­реді. Шөл даламен бірге құрып кеткендей көрінетін құстар да осында, ұсақ жыртқыш аңдар да осында. Талай аңшылар мылты­ғын қандап, қансонарға шық­қандай желігіп жүр. Балық мол. Жайылым жетеді. Жақында Шардараға бардық. Бұл уақыттарда үрейі жүзінде тұратын етектегі жұрт уайымсыз. Теңіз күркіресе қорықпайды. Артық суды Көксарай су реттегіші су келтіретін каналы арқылы бас торапқа жинап алуда. Ол – ел ырыздығы, Аралдың тамырына қан жүгіріп, балықшылардың қайы­ғына қайта мінуі. Сыр күрі­шінің дәурені. Адамдардың ба­қыты... Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.