Ақын атын алған басылым “Егеменде” қонақта
* * *
«Ақ мәрмәрға оюлап жыр қашайын!.. Өлмейтінін уақыт дәлелдеген, Құдірет қой, құдірет өлең деген... Ардақтыны аңсаған ата қазақ, Қуатына сүйінді арлы ұлының», деп Абай туралы өзі айтқандай, қазақ жырының қазіргі белді өкілі Батық Мәжитұлы бүгінде алты белестің биігіне көтеріліп отыр. Ол өлеңді аз жазады. Бірақ, сол аз жырының өзі Хан Тәңірдің баурайынан мөлдіреп аққан тас бұлақтың суындай сарайыңды ашып, санаңды кеңітеді. Тереңнен тамыр тартқан ойлы өлеңдердің сырлы шумағын ақын қара сөзбен ұштастырып келеді. Бас басылым «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет атқарғанда оның жазған алуан тақырыптағы мақалалары жұрттың көңілінен шыққанына куәміз.
Қазір Батық Мәжитұлы «Мұқағали» журналының бас редакторы. Ақиық ақынның артында қалған мұрасын жаңғыртумен қатар, әдебиет әлемінің сан саласы бойынша да кемелді дүниелердің жариялануына ұйытқы болуда. Әріптесіміздің алты белесімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз.
* * *
АЛТЫНШЫ ҚЫРҒА АЯҚ БАСТЫ
Республикаға тарайтын әдеби-мәдени, танымдық “Мұқағали” журналы ақын мұрасын ұлықтауда айтарлықтай қызмет атқарып келе жатқаны белгілі. Қазір ол қалың бұқараның қажетіне жарап, оқырманның назарын өзіне аударатын белді басылымға айналды.
Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойы аталып өтер тұста басылымның бас редакторы Батық Мәжитұлына жолығып, әңгімелесудің сәті түсті.
– Журнал шығару идеясын қолға алғанда, ең алдымен қандай мақсатты көздеген едіңіздер?
– Ақын қалдырған қазына – ұлттың рухани байлығы. Байлықтың қадіріне жету міндетіміз бен парызымыз. Ақын атындағы басылымды шығарудың себебі осындай мұраттардан сабақ алады десек, теңеуім дұрыс болатын шығар деп ойлаймын.
– Бір адамның атын алған журнал шығару оңай емес шығар. Сіздердің бастауын бастап алып, тұйыққа тірелгендей сәтті бастан кешірген кездеріңіз болды ма?
– Өте дұрыс айтасыз. Журналдың бір адамның атымен аталуы оны шығарушылардан өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан алда болуға тиісті қиындықтарды күні бұрын болжадық. Соған сай қам жасадық.
Абзалы сол, Мұқағали арқылы көрініп қалайық деген аласа ниет бізде болған жоқ. Қал-қадерінше мұқағалитануға өз үлесімізді қоссақ дедік.
Журнал ай сайын жарық көреді. Бүгінгі таңда журналдың 63 нөмірі оқырманға жол тартты. Барлық басылымның түгелге жуығы, түгел болмаған жағдайда 70 пайыздан астамы тек ақынға қатысты материалдармен мазмұндалады. Биылғы жылды пошта және баспасөз ұйымдары бойынша нақты жазылған 9000 оқырманмен бастадық. Қуанышты көрсеткіш!
– Ақынның 80 жылдық мерейтойын өткізуге журналдың да араласы бар шығар. Бұл жөнінде нені айтқан болар едіңіз?
– Байқағанымыз, “Мұқағали” журналының шығуы бүгінгі үлкен мерейтойлық тақырыпқа аз әсер етпеген секілді. Ойға ой қосқанының өзі үлкен үлес. Алматы облысының бұрынғы әкімі Серік Үмбетов мырзаның журнал жұмыстарына ілтипатпен көз салуы соның бір дәлелі. Ол кісі шығармашылық ұжыммен пікірлесіп, біраз мәселелерді талқылады. Мерейтойды ұйымдастыратын жұмысшы тобына журнал қызметкерлері де қосылды. Ең бастысы, мерейтойға әзірліктің күні бұрын қолға алынуы қамтамасыз етілді. Ақын тойының тәуелсіздікті нығайтып отырған халыққа, ұлтқа тигізетін рухани пайдасына көңіл бөлінді.
– Басылымның таралымы жылдан жылға өсіп келе жатқанын айттыңыз. Бұқаралық қолдауға ие бола бастауының негізгі сыры неде деп ойлайсыз?
– Біз оу баста, жұмысты қолға алған кезде, “Абай” журналының әдіс, тәсілдерін өзімізге үлгі санадық. Сөйте тұра, журналдың өзіне тән бет-бейнесінің болуын да мықтап ескердік. Яғни, қалың бұқараның оған көптеп қатысуын назарда ұстадық. Нәтижесі жаман болған жоқ. Айтулы ғалымнан ауылдағы ағайынға дейін ортақ жұмысқа атсалысты. Мұқағали туралы ой-толғамдар, көзқарастар мен пікірлер, естеліктер мен әңгімелер алуан қырынан сөз болып, олар бірін-бірі толықтыру үдерістеріне ұласты. Ақын туралы деректердің былайша түгенделуі оқырмандардың қызығушылығын туғыза алды деп айтуға болады.
Журналға айдарлар таңдағанда біз Мұқағалидың өз тіркестеріне жүгіндік. Мәселен, “Қыранбыз, қырандардан жаратылған”, “Айналайын атамекен, ақ мекен”, “Бәрі есімде, бәрі де емес бөтен”, “Біз деген достым, тағдыры қызық халықпыз”, міне, осы тектес болып әрі қарай жалғаса береді. Сонымен қатар, осы мазмұндағы жарияланған мақалалар ақын ойларын ашып көрсетуге де өзіндік себін тигізіп келе жатыр.
“Бар екен, бар екен ғой жақсы адамдар” деген айдармен ақын өмірінің өріс алуына ықпалын тигізген адамдар жайлы сөз еттік. “Ұлы ақынды ұлықтаған тұлғалар” деп ақын мұрасын насихаттауға үлесін қосқан қайраткерлер мен қаламгерлерді толғаныстар мінберіне шақырдық. Айта берсек, мұндай мақалалар аз емес. Бәрі журналдың мазмұнды шығуына ықпалын тигізіп жатқан зиялы шаралар. Сол сияқты, “Мұқағали” энциклопедиясының парақтары” деген айдар аштық. Ондағы мақсатымыз – болашақта жасалуға тиісті энциклопедияның бастамашылдық үлгісін көрсету. Мұндай ғылыми кітаптың шығуы үшін толыққанды дайындық қажет.
– Жақында “Мұқағалитану бастауы” деген сериямен үш кітап шығыпты. Осы жұмыстардың да мәнісін түсіндіре кетсеңіз.
– Аталған үш кітапты журналдың бес жылдық қызметінің жиынтық көрінісі деп бағалауға болады. Ақын туралы зерттеулер бір том. Екінші томы естеліктерге арналды. Үшінші кітапқа – Мұқағалиға арналған өлеңдер, ақын жырларына шығарылған әндер, ақын бейнесін сомдаған пьесалар топтасты.
– Мұқағалитану орталығы құрылса деген ой айтып жүрсіздер. Сол ниеттеріңізді, мақсат, мұраттарыңызды қалай түсіндірген болар едіңіз?
– Мұқалитану орталығы құрыла ма, құрылмай ма, ол бөлек әңгіме. Алайда, біз сондай идеяларды жұрттың назарына ұсынуға тиістіміз. Кейде осындай әңгіме айтсақ, мәселенің түпкі мәнін түсінбей қалған ағайындар да аз емес...
Ал енді, әңгіменің ақиқаты қайсы деген сауалға келейік. Мұқағалиды біржақты мақтай берумен біз ақын ғибараттарына кенеле алмаймыз. Ақын жырын жаттап алу жарыстары да тереңдерге бойлатпайтыны анық. Мұндай жұмыстарды орындау үшін жанды қинайтын күрделі ізденістердің қажеттілігі де шамалы. Әрине, аталған шаралар ақынға назар аудару үшін керек. Бірақ, биіктеп бара жатқан уақыт талаптарына сай келуге олар аздық етеді.
Мұқағали өлеңдерінің өнегесін, өрнегі мен сұлулығын, әсері мен ықпалын кәдімгі жұмбақ шешкендей шешіп, олардың мәнісін биік өремен қабылдап, дүниені парақтауға білік пен білімді қызмет еткізсек қандай жақсы! Мұқағали танымына жақындап барған қазақтың ұрпағы ешкімнен ұтылмайды. Міне, осындай тәрбиені бойға дарытатын үлкен орда, әлгі біз айтып жүрген орталық болуы керек. Ғылыми зертханалар құрылып, ақын мұрасы ғылыми тұрғыдан сараланса, кімге пайда, кімге зиян. Оны өздеріңіз таразылаңыздар. Бүгін болмаса да ертең осы мақсаттардың жүзеге асқанына куә болатын шығармыз деп топшылаймын.
– Журналдың келешегі туралы қандай болжамдарыңыз бар?
– “Біреулерден жүргем жоқ арту үшін” деп ақын ағамыздың өзі айтқандай, біз де журнал шығару арқылы ерекшеленейік деп жүрген адамдар емеспіз. Ақын мұрасы – пәк, таза, тұнық. Оны ұстау үшін жүректі тазартып, пейілді кеңейтіп жұмыс істеу қажет. Киелі ақынның рухы киепатсыздықты жақтырмайды. Екіншіден, “Мұқағали” журналы халықтық сипатымен ерекшеленетін басылым. Ол ешқандай жекешеленуге көнбейді. Парасаттың осындай ережелері сақталатын болса, басылымның болашағына шек келтіре алмаймыз.
Мына қызықты қараңыз, журналдың атын алып отырған Мұқағали Мақатаев та күні кешегі “Егеменнің” тілшісі екен. Журналды алғаш болып қонаққа шақырып отырған да “Егемен”. Бұл үйлесімді біз тек жақсы ырымға баладық.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.
* * *
Тоймұрат өткізген той
Бұл оқиға 1981 жылы Өзбекстанның Науаи облысындағы Кенимах ауданында болған еді. “Қарақата” кеңшарындағы қарапайым ауыл мұғалімі Тоймұрат Қожамұратов жұртты ұйымдастырып, сондағы ел-жұрт Мұқағалидың 50 жылдығын атап өткен. Одан бері де отыз жылдың жүзі болыпты.
Сәті түспеген болар, бұл өңірге Мұқағалидың табаны тимепті. Бірақ, ақын жырлары Тауелібай өңірін шарлаудай-ақ шарлаған еді.
Мақатаевтың елу жылдығы келгенде ауыл мұғалімі Тоймұрат Қожамұратов “Қарақата” кеңшарының директоры Сүйемқұл Тоқановқа барады.
– Інім, не шаруамен келдің? – дейді директор.
– Айрықша бір жайды сізбен ақылдасайын деп келдім, – дейді Тоймұрат. – Биыл қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 50 жыл. Ақын мерейтойын біздер де атап өтсек. Соған демеуші болып, қол ұшын беруге қалайсыз?
– Мынау ойың өте жақсы екен. Ақынды көрмегенмен, Мұқаңның сөзі үнемі бізбен бірге жүр, солай емес пе. Бастамаңды шын жүректен құптаймыз. Жақсылап ойластырыңдар, ақын жырларынан жастар қандай ғибрат алады, соған да мықтап назар аударыңдар, – дейді директор да көңілді кейіппен.
Директор уәдесінде тұрды. Жыр кеші сән-салтанатымен дүркіреп өтті. Тәуелібай өңіріндегі үш ауданның қазақтары түгел жиналды. Ақын жырлары оқылып, ол кісінің сөзіне жазылған әндер толассыз шырқалды. Арқасы қызған жергілікті ақындар Мұқаңа арнаған жырларын көпшілікке паш етті. Несін айтарсыз, халық ерекше серпіліп, ерекше сергіген болатын.
Тойға қатысқан қазақтар Тоймұраттың азаматтығын әлі күнге дейін ұмытпай әңгімелейді.
Ал Тоймұрат Қожамұратов болса, қазір Тараз қаласының тұрғыны.
Қайыпназар ШОТБАЕВ. №130 І.Жансүгіров атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы
* * *
Ақынның өлеңі – оның өмірбаяны
Біз Сүлейменнен тараған ұш ұлмыз. Үлкеніміз – Мұқағали. Ортаншысы – мен. Кенжеміз – Көрпеш еді. Інім де дүниеден озды.
Әжем Тиын, анам Нағиман кезінде ердің жүгін көтерген адамдар еді. Көтерейін деп көтерген жоқ, олар өмір сүрген заман солай болды. Оларға Құдайдың қуат бергені – балаларының несібесі шығар деп ойлаймын.
Анам Нағиман жаны жұмсақ, жүрегінің сәулесі бар адам еді. Сабыры сары алтындай салмақты болатын. Мұқағалиға адамсүйгіштік анасынан дарыған. Ұлының түбінде үлкен биікке шығатынына шүбәсіз сенген де анасы болды.
Лашын жеңгем Мұқағалиға адал жар екенін дәлелдеді. Ағамның да оған көзі анық жетті. Мұқағалидың үйі шағын Жазушылар одағына айналатын. Ақын жаңадан жазған өлеңдерін оқиды. Балалары мен жеңгем оны құлақ қойып тыңдайды. Ұнаса – мәз-мәйрам болып қуанады. Көңілдерінен шықпаса, өздері діттеген ескертулерін айтады. Мұның бәрі ақынды үнемі ширатып отырды ғой деп ойлаймын.
Меніңше, Лашынды Мұқағали тағдырынан бөліп қараудың жөні жоқ. Олар отбасылық өмірді бірге бастады, бірге аяқтады. Мұқағали мұрасын жинақтауда Лашын өте көп еңбек етті... “Менің нәзік жанымды кім түсінер” деген ақын сөзін жары Лашын да елге қаратып айтса, ерсілігі жоқ шығар.
Мұқағали жастарды жақсы көрді, жастарға сенді. Ол үміті ақталды ғой деп ойлаймын. Асыл сөздің қадіріне жеткен де сол жастар. Олар бүгін Мұқағалиды өздеріне ұстаз тұтады. Осыны көрген кезде шүкіршілік етіп, қуанамын.
Бәріне уақыт төреші. Уақыт бәрін өз орнына қояды. Меніңше, ақынның шындығы – өлеңі. Мұқағалидың қандай адам екенін білгісі келгендер, талант екеніне сенгісі келгендер – ақынның өлеңдерін оқысын. Өлеңдерінде бәрі айтылып тұр.
Тоқтарбай МАҚАТАЕВ.