16 Сәуір, 2011

Ардагер бақыты

498 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Тұрдалы Парманқұлов өз за­ма­нының көкірек көзі ояу, са­уатты, білімді азаматы болатын. Агроном мамандығын игерген жігіт сол кезде екінің біріне білу бұйыра бермейтін араб және ор­ыс тілдерін жетік меңгерген. Өт­кен ғасырдың жиырмасыншы жыл­дары Мырзашөлді игеруге шақырғанда алғашқылардың қа­та­рында барып, Мақтарал сов­хо­зының негізін қалауға белсене атсалысқан азаматтардың бірі еді. Совхоздың директоры болып Орлов деген азамат тағайын­дал­ған. Жергілікті тұрғындар совхоз басшысымен тек Тұрдалы ар­қы­лы түсініскендіктен, оның агроном болғандығына қарамас­тан «тіл­мәш» деп атап кеткен. Жас та болса елінің еңсесін тіктеуге белсене кіріскен Тұрдалы мен Тойғанның шаңы­ра­ғында 14 нәресте жарық дүниеге келгенімен, одан екі ұлы ғана тірі қалып, ата-анасының көз қуа­нышына айналып, ертеңгі күнге үміт отын жалғаған. Басшы қызметтер атқарған Тұрдалы өз перзенттеріне өнегелі тәлім-тәрбие берген. «Біліміңді тереңдетуден жалықпа, елің үшін адал қызмет ет, істеген жұмысыңды міндет етпе, қолыңнан келсе жаныңдағыларға жәрдем бер», деп үнемі айтып отыратын. Өмірі үлгілі әке өсиеті зая кетпеді. Үлкен ұлы Әнуар Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек етті. Мектепте үздік оқыған, есепке жүйрік жасөспірім 1942 жылы Келес аудандық қаржы бөліміне есепші болып қабылданды. Кейіннен бозбала арман жетегінде Ташкент қала­сын­дағы заң институтына оқуға түсіп, құқық бойынша білімін тереңдетті. Студент шағында құрдасы әрі ауылдасы, медицина институтының студенті Саты­балды Оспановтың пәтерінде қазақ жастары жина­лып бас қосатын. Ұлтымыздың біртуар азаматта­рының бірі, қоғам қайраткері Зиябек Рүстемовтің халқымыздың тарихынан терең сыр шертетін әң­гімелері мен жырларын ұйып тыңдап, бойындағы отансүйгіштік сезімі күшейіп, нығая түсті. Жоғары оқу орнын аяқтаған жас маман жолдамамен Түркіменстан ССР-і, Ашхабад облысы, Қазанжық ауданындағы прокуратурада, кейіннен Небит-Даг қаласындағы прокуратурада аға тергеуші болып қызмет етті. Кіндік қаны тамған жерге деген сүйіспеншілік сезімі басқа елде жүргенінде айқын білініп, жа­нына маза бермеді. Заң саласында абыроймен алты жыл еңбек еткен ол туған ауылына оралып, Келес аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып орналасты. Сөзі мен мінезі салмақты, түр-тұлғасы келіскен жігіттің сұлтаны, өзіне жүктелген міндетке асқан жауапкершілікпен қарайтын. Тынды­рымпаз маман, шешендігімен көпті баурап, бір іске жұмылдыра білетін қабілетімен ерекшеленген Әнуарға сол кездегі Келес аудандық партия ко­митетінің бірінші хатшысы Әбжаппар Жыл­қы­шиев үлкен сеніммен бірінші басшы қызметін атқаруды тапсырып, Ошақты ауылындағы машина-трактор станциясына партия бюросының хатшысы етіп тағайындады. Өзіне жүктелген сенімді аз ғана уақыттың ішінде ақтаған білікті де білгір жігіт Ғани Мұратбаев атындағы совхоздың партия комитетінің хатшысы етіп жіберілді. Бұдан кейін сол совхозды басқарды. Шаруа­шы­лық жұмыстарымен қатар әлеуметтік саланы өркендетуге де септігін тигізіп, үш қабатты Кеңес Одағының Батыры Ілесбек Жол­дасовтың есімін иеленген мектепті салдырды. Шындық үшін күрескен атпал азамат бес жыл бойы Келес аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы бол­ды. 1978 жылы Келес ау­дан­дық партия комитетінің екінші хат­шы­сы қызметіне тағайындалды. Кейіннен еліміз тәуелсіздік ал­­­ған тұста Әнуар Тұрдалыұлы Қа­зақстан Республикасына еңбегі сіңген зейнеткер дәрежесінде зейнетке шықты. Зейнетке шыққан соң да аға кейінгі толқынға өмірлік тәжі­ри­бесін үйретуден жалыққан емес. Қоғамдық жұмысқа белсене ара­ласқан аға билер институты құ­рыл­ғанда кіндік қаны тамған – Абай ауылының алғашқы төбе биі болып сайланды. Өнер мен әдебиетті қатты қадірлеген Әнуар аға осы салада жүрген майталмандармен тығыз бай­ла­ныста жүрді. Ұлы Отан соғысының ардагері, ақын Тоқаш Бердияровтың туған ауылында оның ме­рей­тойын өткізуге, қайтыс болған соң Ұшқын ауы­лын­дағы білім ұясына Тоқаштың есімін беріп, мек­тептің алдына және ақынның туған жері – Қош­қар­ата ауылындағы мәдениет үйінің жанына ескерткішін орнатуға бастама көтеріп, мұрындық болды. Бүгінде Әнуар қажы 10 перзентінен өрбіген 30-дан аса немере мен 8 шөберенің сүйікті атасы. Немерелерінің біразы шет ел асып білім алып жүргені қарияның мерейін асқақтатады. Тұңғышы Әшірбек Келес, Шардара, Сарыағаш ауданда­ры­ның партия, кеңес қызметін атқарып, кейін Абай ауылының әкімі, аудан әкімінің орынбасары бол­ды. Қазіргі таңда «Нұр Отан» халықтық демо­кратиялық партиясы Сарыағаш аудандық филиалы басшысының орынбасары. Құралбек – Шым­кент­тегі мұнай өңдеу зауытында бас механик. Сапарбек – облысаралық транспорт комитетінде бөлім бастығы. Кенжесі Сержан – қарашаңырақта, кәсіпкерлікпен айналысады. Бізбен әңгімесінде «Осы күнді көруге жазған Жаратушы иемізге шүкіршілік етемін. Ата-ба­ба­ларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке еліміздің қол жеткізгенін көрдім. Отан-Анамыз жарқын болашаққа нық қадаммен бара жатыр. Мемлекетіміздің экономикасы күн сайын қа­рыштап дамып, қалалары мен ауылдары гүлденіп, тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағда­йы­ның жақсарғанын, алып зауыттар мен фаб­рикалардың іске қосылып, білімді жастардың ма­мандығы бойынша жұмысқа орналасып жатқ­а­ны­на бек қуанамын. Кәсіпкерлікпен, диқаншылықпен айналысамын деген азаматтарға мемлекет тара­пынан жеңілдетілген несиелер берілуде. Міне, бұл еліміздің тәуелсіздік туын желбіреткелі бергі жиырма жылдың ішінде қол жеткізген жетістігі. Өз ауданымыздан бір ғана мысал келтіре кетсем, бұрын бір мектеп үш-төрт жылда әрең бой көте­ре­тін болса, соңғы екі жылдың төңірегінде ауданы­мыз­да 12 білім ұясы өркендерімізге есігін айқара ашты. Бұл жақсылықтың нышаны» – деп сөзін қорытындылады жүзінен нұр төгілген Әнуар аға. Айтқұл КӨБЕН, Гүлбахар АМАНБЕКҚЫЗЫ. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы.