16 Сәуір, 2011

Халал дегені – харам

391 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Масқара! Қандай жолмен болса да тек жеке басының баюын көздейтін кейбір кәззап­тар адамдардың қадір-қасиетін, құр­мет тұтып, жүрегінің ең терең түкпіріне сақ­тайтын асыл құндылықтарын аяқ асты етуге де бара береді екен. Мәселен, Сол­түс­тік Қазақстан облысы Аққайың ауданы­ның Шағалалы (орысшасы Чаглинка) кентінде тұратын Меденников деген бір кәсіп­кер халал брендімен «Мұсылман» атты шұжық шығарып келген. Мұсылман­дар­дың ежелден шошқа етін жемейтінін, оны ауызға алуды арам деп санайтынын біле тұра (оны Қазақстанда тұратындар ғана емес, орта білімі бар барлық адамзат біледі) ақша табу­ды ғана көздеген кәсіпкер «Мұсыл­ман» атты шұжыққа шошқа етін араластырып отырған. Мұндайды «білмей қалғаннан болыпты» деп ешкім де айта алмас. Демек, ол мұсылмандарға саналы түр­де арамдық ойлаған жан болып шығады. Мәжілістің 13 сәуірде болған соңғы жал­пы отырысында депутат Бағила Бай­мағам­бетова өзіне белгілі болған осы фактіні жа­йып салып, Премьер-Министрдің орынбаса­ры – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевке ресми түрде са­уал жолдап, «Тұтынушылар құ­қық­тарын қорғау туралы» Заңға сәйкес өз жұмысына жауапсыз қарап, алаяқтыққа жол беріп, лас бизнеспен айналысып, адам­дарды қасақана алдағаны үшін Меден­ников­тің лицензиясын қайтып алу мәселесін қарастыруды өтінді. Біздіңше, бұл іспен Ішкі істер министрлігі де айналысуы керек сияқты. Өйт­кені, жылына 229 тонна шұжық өнімдерін өз кәсіпорнының 6 филиалында шығарып, оны мұсылман брендімен сатып отырған Меденников мырза ұзақ уақыттан бері қа­зақ­стандық мұсылмандарды көзді жұмып қойып алдаумен айналысып келген. Олар­дың қадір тұтатын құндылықтарын аяғына басқан. Меденниковтің шұжықтарын «Мұ­сылман» дәмі деген атына бола аузына алып келген талай шынайы мұсылмандар ішінен доңыз етінің шыққанын білген соң ұшынып, ауырып қалуы да ғажап емес. Демек, Меденников қазақстандықтардың денсаулықтарына қасақана залал келтірген қауіпті қылмыскер деп бағалауға да болмас па екен? Әрине, оның әрекеттерінің құқықтық бағасын ішкі істер органдары жіті тексеріп, ісін сотқа жеткізсе, жазасын әділ сот қана береді. Бірақ, көрініп тұрған айқын айғақты өз атымен атауға біздің де қақымыз бар. Міне, осы мәселе аяғына дейін жеткізіліп, заңға сәйкес алаяқтың тиісті жазасы берілсе, кейбіреулер ойланып, қазақ­стан­дық мұсылмандардың құқын сыйлауды, олардың құндылығын аяққа баспауды кеудесіне түйер еді. Сондықтан да бұл істің қағидатты түрдегі маңызы зор деп білеміз. Жақсыбай САМРАТ.