Масқара!
Қандай жолмен болса да тек жеке басының баюын көздейтін кейбір кәззаптар адамдардың қадір-қасиетін, құрмет тұтып, жүрегінің ең терең түкпіріне сақтайтын асыл құндылықтарын аяқ асты етуге де бара береді екен. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының Шағалалы (орысшасы Чаглинка) кентінде тұратын Меденников деген бір кәсіпкер халал брендімен «Мұсылман» атты шұжық шығарып келген. Мұсылмандардың ежелден шошқа етін жемейтінін, оны ауызға алуды арам деп санайтынын біле тұра (оны Қазақстанда тұратындар ғана емес, орта білімі бар барлық адамзат біледі) ақша табуды ғана көздеген кәсіпкер «Мұсылман» атты шұжыққа шошқа етін араластырып отырған. Мұндайды «білмей қалғаннан болыпты» деп ешкім де айта алмас. Демек, ол мұсылмандарға саналы түрде арамдық ойлаған жан болып шығады.
Мәжілістің 13 сәуірде болған соңғы жалпы отырысында депутат Бағила Баймағамбетова өзіне белгілі болған осы фактіні жайып салып, Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевке ресми түрде сауал жолдап, «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» Заңға сәйкес өз жұмысына жауапсыз қарап, алаяқтыққа жол беріп, лас бизнеспен айналысып, адамдарды қасақана алдағаны үшін Меденниковтің лицензиясын қайтып алу мәселесін қарастыруды өтінді.
Біздіңше, бұл іспен Ішкі істер министрлігі де айналысуы керек сияқты. Өйткені, жылына 229 тонна шұжық өнімдерін өз кәсіпорнының 6 филиалында шығарып, оны мұсылман брендімен сатып отырған Меденников мырза ұзақ уақыттан бері қазақстандық мұсылмандарды көзді жұмып қойып алдаумен айналысып келген. Олардың қадір тұтатын құндылықтарын аяғына басқан. Меденниковтің шұжықтарын «Мұсылман» дәмі деген атына бола аузына алып келген талай шынайы мұсылмандар ішінен доңыз етінің шыққанын білген соң ұшынып, ауырып қалуы да ғажап емес. Демек, Меденников қазақстандықтардың денсаулықтарына қасақана залал келтірген қауіпті қылмыскер деп бағалауға да болмас па екен? Әрине, оның әрекеттерінің құқықтық бағасын ішкі істер органдары жіті тексеріп, ісін сотқа жеткізсе, жазасын әділ сот қана береді. Бірақ, көрініп тұрған айқын айғақты өз атымен атауға біздің де қақымыз бар.
Міне, осы мәселе аяғына дейін жеткізіліп, заңға сәйкес алаяқтың тиісті жазасы берілсе, кейбіреулер ойланып, қазақстандық мұсылмандардың құқын сыйлауды, олардың құндылығын аяққа баспауды кеудесіне түйер еді. Сондықтан да бұл істің қағидатты түрдегі маңызы зор деп білеміз.
Жақсыбай САМРАТ.