19 Сәуір, 2011

Қазақстан-Үндістан: Әріптестік әлеуетін жандандыру жолында

3822 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Сенбі күні Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға өзінің шақыруы бойынша ресми сапармен келген Үндістан Республикасының Премьер-министрі Манмохан Сингхпен кездесіп, келіссөз жүргізді. Халқының саны жөнінен әлем­де екінші, жер көлемі бой­ынша жетінші орын алатын Үн­дістан – дүние жүзіндегі алып елдердің бірі. Бұл ел адамзат тарихындағы ежелгі классикалық өркениеттер­дің отаны болып та­былады. Өз тарихының жүздеген жылдарында ол орасан зор бай­лы­ғымен және жо­ғары мәде­ние­ті­мен атағы алыс­қа шығып, сауда маршрут­та­ры­ның орталығы бол­ды. Үнді жерінде индуизм, буддизм, сикхизм секілді әлемдік діндер туған. Біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылды­ғында зоростризм, иудаизм, хрис­тиандық және ислам да үнді жеріне өтіп, түрлі мәдениеттердің да­муына үлестерін қосты. Үндістан ХVІІІ ғасырдың ба­сынан ХХ ғасырдың ортасына дейін екі жарым ғасырдай Британия империясының отары болды. Бір­ақ отар болған жылдарында да үнді мәдениеті дамып, соның ішін­де киноиндустриясының ата­ғы әлемге танылды. Үндістан мем­­лекетінің ресми тілдері қата­рында ағылшын мен хинди тіл­дерінің қатар қолданылатындығы сол жылдардан қалған белгі. Сондай-ақ бенгал, чуджарати, тамиль, урду, санскртит және т.б. тілдер де түрлі аймақтарда ресми тілдер болып есептеледі.  Көп­ұлт­ты және көпконфессиялы бол­ған­дығының салдарынан Үндіс­тан жерінің әр түкпірінде осы күнге дейін діни және әлеуметтік себеп­тердің салдарынан толқулар мен бас көтерулер болып тұрады. Әсі­ресе, Джамму мен Кашмир про­вин­цияларында ондай оқиға­лар көп. Үндістанның Қытаймен ара­да­ғы шекарасы әлі күнге толық нақтыланбаған. Аумақ мәселесін шешу үшін екі алып 1962 жылы шекісіп те қалған еді. Үндістан Пәкс­танмен осындай таластар­дың кесірінен 1947, 1965 және 1971 жылдары соғыс қимыл­да­рына бар­ды. 1984 жылы премьер-министр Индира Гандидің, 1991 жылы премьер-министр Раджив Гандидің қастандықпен өлтірі­лу­лері – елдегі діни және этностық таластардың салдарынан болған оқиғалар. Үндістан халқының 80,4 пай­ызы индуизм, 13,4 пайызы ислам, 2,3 пайызы христиандықты тұты­нады. Бұлардан басқа синкхизм, буддизм, джайнизмді тұты­на­тындар да аз емес. Үндістан 1974 жылы ядролық қаруға қол жеткізіп, әлемдегі  ма­ңызды мемлекеттердің біріне ай­нал­­ды. 1991 жылдан бері қолға алын­ған экономикалық реформа Үн­дістанды жылдам дамушы ел­дердің қатарына қосып отыр. Осы жылдардан бастап экономиканы өкімет тарапынан бақылау азайтылып, либералды ре­фор­малар іске асырыла бас­та­ды. Соның арқасында экономика жоғары қарқынмен дами алды. 1991 жылы елдің алтын-валюта қоры 5,8 млрд. АҚШ доллары кө­ле­мінде болса, 2008 жылы ол 308 млрд. долларға жетті. Елдің ІЖӨ көлемі 1,2 трлн. доллар болып, әлемде 12-ші орынды алып отыр. Үндістан мұнай тұтыну бойынша әлемде 6-шы, тас көмір тұтыну бойынша 3-ші орын алады. Үндістанның қазіргі Премьер-министрі Манмохан Сингх Үкімет басына 2004 жылы келген. 1932 жылы туған ол Үндістанның Ұлт­тық конгресі партиясынан сайлан­ған. Осы жылы партия серкесі Соня Ганди премьер-министрлік қыз­мет­тен өз еркімен бас тартып, өз орны­на М.Сингхты ұсынған болатын. М.Сингх дарынды экономист, осы ғылым саласының докторы, жүздеген еңбектердің авторы. 1993 жылы қаржы министрі бо­лып жүрген кезінде Еurомоnеу журналы оны жылдың ең үздік министрі деп таныған. Қазір Қазақстан мен Үндістан арасындағы қарым-қатынас жақ­сы дамып келеді. 2009 жыл­дың қаң­тар айында Президент Н.На­зарбаевтың Делиге мемлекеттік са­пары болды. Осы сапар екіжақ­ты ынтымақтастықтың жандана түсуіне игі ықпалын тигізді. Сапар барысында Қазақстан мен Үн­дістан арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мә­лім­деме қабылданды және екі­жақ­ты 17 құжатқа қол қойылды. Со­ның ішінде екі елдің арасындағы саясат, экономика, мәдени-гума­ни­тарлық салалар бойынша Үкі­мет­аралық іс-қимыл жоспарының жобасын әзірлеу туралы да келісім жасалды. Екі ел аймақтық қауіпсіздік ұй­ымдары шеңберінде де ынты­мақтастықты дамытып келеді. ШЫҰ-ның 2005 жылы Астанада болған саммитіне Үндістанның Сырт­қы істер министрі Н.Сингх қа­тысып, өз елінің ұйымның бай­қаушысы мәртебесін алуына қол жеткізді. Үнді делегациясы Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 3 съе­зіне де қатысты. Алайда екі елдің арасында сау­да-экономикалық байланыстар то­лып жатқан себептерге, соның ішінде тура жолдың жоқтығы себепті мардымды межеге жете алмай отыр. Қазақстан сыртқы сау­да­сының 0,4 пайызы ғана Үндіс­танның үлесіне тиеді. Бұл – елі­міз­дің сауда әріптестерінің ара­сында 27-ші орын деген сөз. Дегенмен, былтырғы жылдың қо­ры­тындысы бойынша екіжақты сауда айналымының көлемі 2009 жыл­мен салыстырғанда 23,9 пай­ыз­ға артып, 313,8 млн. АҚШ дол­ла­рын құрады. Қазақстан Үндіс­танға негізінен талшықтар, құ­рыш, тұз, күкірт, әктас, цемент, был­ғары шикізатын және қара металл шығарады. Ал импорт қата­рында шәй, кофе, темекі, фарма­цевтика­лық өнімдер, механика­лық жаб­дықтар және т.б. бар. Бүгінгі күні Қазақстанда үнді фармацевти­ка­лық өнімдерінің 905 позициясы тір­келген. Демек, Қа­зақ­стан үнді­нің осынша түрлі дәрі-дәрмегін тұтынады. Бұл – елі­міздегі бар­лық импорттық дәрі-дәрмектің 8,2 пайызы деген сөз. Энергетика саласы бойынша да екіжақты ынтымақтастық ар­тып келеді. 2009 жылы Н.На­зар­баев­тың Делиге сапары бары­сын­да жарияланған Стратегиялық әріп­тестік туралы бірлескен мә­лім­­демені іске асыру шеңберінде сауда-экономикалық ынтымақ­тас­тық жөніндегі бірлескен жұмыс тобы (БЖТ) құрылған болатын. Қазір сол БЖТ мұнай-газ, электр қуаты және атом өнеркәсібі са­ла­ларында жеке-жеке құрылсын ­де­ген шешім қабылданған. Қазір сол топтар қызу жұмыс істеуде. Мәселен, электр қуаты саласында Қазақстанның солтүстігінде Үн­діс­танның NTPC компаниясының қатысуымен ЖЭО-лар салу қарас­тырылуда. Қазақстанның Ұлттық Банкі­нің мәліметіне қарағанда, 2010 жыл­ға дейін Қазақстаннан Үн­діс­тан экономикасына салынған инвестиция көлемі 24,8, Үндіс­тан­ның Қазақстанға салған инвес­ти­циясы 72,9 млн. доллар болды. Екі елдің арасындағы ғылыми-техникалық және мәдени-гумани­тар­лық салалардағы ынтымақ­тас­тық та дамып келеді. 2010 жылға дейін бір мыңға жуық қазақ­стан­дық Үндістанның жоо-ларында мамандығын жетілдіру курстары­нан өтті. Қазір Үндістанда 35 қа­зақстандық, ал Қазақстанда 259 үндістандық азамат оқып жатыр. Президент Н.Назарбаевтың «Сын­дарлы он жыл» мен «Қа­зақстан жолы» атты кітаптары хинди тіліне аударылып, 2009 жы­лы тұсаукесер рәсімдері болды. Үнді кинематографистері  Ал­ма­ты­да болатын «Еуразия» халық­аралық кинофестиваліне үнемі қатысып тұрады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Үндістан Премьер-министрі Манмохан Сингхтың екіжақты кездесуі шағын құрамдағы келіс­сөз­дермен ашылды. Онда көшбас­шы­лар екі елдің арасындағы ын­ты­мақтастықты, халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңбе­ріндегі әріптестікті тереңдетудің өзекті мә­селелері бойынша пікір ал­мас­ты. Содан кейін келіссөз екі жақ­тың делегация мүшелері қатысқан кеңейтілген құрамда жалғасты. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып, сөз сөйледі. – Сіз Қазақстанға алғаш рет рес­ми сапармен келіп отырсыз. Біздің елімізде жуырда ғана президенттік сайлау өткен еді, содан кейін бізге атбасын тіреген алғашқы жоғары лауазым иесі де Сіз болып отырсыз, – деп бастады Елбасы өзінің сөзін. Одан әрі Пре­зидент Үндістанды крикет спор­ты бойынша әлем біріншілігінде чемпион болуымен құттықтады. Ша­ғын құрамдағы өзара келіссөз­дерде айтылған мәселелерге қыс­қаша шолу жасаған Елбасы онда халықаралық және мемлекетара­лық қатынастардағы проблема­лар­дың үлкен аясы бойынша пікір алмасылып, елдеріміздің әлемдік дағдарыстан табысты шыққаны атап өтілгенін жеткізді. Үндіс­тан­да өткен жылғы экономиканың өсі­мі – 8,6, ал Қазақстанда 7 пай­ыз болды, дей келіп, екі елдің арасында ынтымақтастық жасала­тын мәселелердің ауқымды тізбесі анықталғанын айтты. Оларды жү­зеге асыру үшін страте­гия­лық серіктестікті дамыту жөнінде жол картасы қабылданатын бола­ды. Бұл құжатты әзірлеу туралы келісімге 2009 жылы менің Делиге жасаған сапарымда қол жеткізілген. Біз үкіметаралық ко­миссияның жұмысын жандан­ды­руға, бірлескен бизнес-жоба­лар­ды іске асыруға және Қазақ­стан­да Үндістанның, ал Үндіс­танда Қазақстанның мәдени жыл­да­рын өткізіп, халықтарымызды жа­қындастыруға, парламент­ара­лық ынтымақтастықты дамытуға, жастарға білім беру ісіндегі ын­тымақтастықты арттыруға, еліміздегі үдемелі индустриялық-инно­вациялық бағдарламаны іске асы­ру­ға үнділік компаниялардың қа­ты­суын қамтамасыз ету туралы ор­тақ келісімге келдік. Біз Үндіс­тан­ды саяси ынтымақтастықтағы тату көршілеріміздің бірі қата­рын­да са­наймыз, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Сөз кезегін алған Үндістан Премьер-министрі: – Мен Сіздің 2009 жылы Үн­діс­танға жасаған сапарыңыздағы табысты бастамаларды жалғасты­руға келдім, – деді М.Сингх. Одан әрі ол Президент Н.Назарбаевты сайлаудағы жеңісімен құттықта­ды. Барша қазақстандықтардың Сізге соншалықты сеніммен қа­рауы – еңбегіңіздің айқын бағасы болып табылады. Әсем де зәулім Астана сіздің жасампаз басшы­лығыңыздың символы, деді Үн­дістан Премьер-министрі. Кеңейтілген құрамдағы кездесу аяқталған соң екіжақты бірнеше құжаттарға қол қойылды. Олар­дың арасында: «Азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы Қазақстан Республика­сы мен Үндістан Республикасы ара­сындағы келісім»; «Жол кар­тасы» аясында Қазақстан Респуб­ликасы мен Үндістан Республи­ка­сы ара­сын­дағы стратегиялық серіктестікті дамыту жөніндегі іс-қимылдың бірлескен жоспары» және үндістандық «ONGC Videsh Limited» компа­ния­сының пайдасына «Сәтбаев» жо­басының 25 пайыздық үлесін беру туралы келісім»  бар. Осыдан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Үндістан Премьер-министрі Манмохан Сингх журналистерге арнап брифинг өткізді. Онда Н.Назарбаев өзінің 2009 жылы Нью-Делиге жасаған сапарын әрдайым еске алатынын айтып өтті. Мен сол сапарымда Үндістанда ерекше маңыз берілетін үлкен мереке – Тәуелсіздік күнінің құрметті қо­нағы болуға шақырылған едім. Үн­дістан – Қазақстанның үздік әріп­тестерінің бірі, ұлы ел. Біз Үндістанмен өмірдің барлық ба­ғыттары бойынша қарым-қаты­настарымызды кеңейтуге мүд­де­лі­міз. Елбасы осылай дей келіп, қазіргі ынтымақтастықтың даму қарқынына тоқталды. Бүгінгі күні Үндістанның Орталық Азиядағы сыртқы сауда айналымының жар­тысынан көбі Қазақстанға тиесілі. Дегенмен, бұл жетістікті үлкен деуге де болмайды. Ол бүкіл­әлемдік дағдарыс жылдарында 24 пайызға төмендеді. Тек өткен жыл­дың қорытындысы бойынша ол дағдарысқа дейінгі деңгейге жет­ті. Осы сапар барысында қол қойылған Стратегиялық әріптес­тік­ті дамыту жөніндегі іс-қимыл­дың бірлескен жоспары біздің елдеріміз арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың дамуына тың серпін берері сөзсіз. Одан әрі Елбасы қол қойылған құжаттардың маңыздылығын атап өтті. Соның ішінде атом энергети­касын бейбіт мақсатқа пайдалану саласындағы келісімге қол қой­дық, деді ол.  Үндістан атом элек­тр стансалары арқылы электр қуа­тын өндіруді бес есеге арттыруды көздеп отыр. 2014 жылға қарай Қазақстан Үндістанға 2 мың тоннадан астам уран сататын болады. Мұнай саласындағы ынты­мақ­тас­тыққа тоқталғанда, Президент Кас­пий қайраңындағы мұнай бөлі­гін бірлесіп игеру туралы келісім жасалғанын жеткізді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларындағы келісімдерге де тоқталып өтті. Соның ішінде Қапшағайда үнді компаниялары­ның қатысуымен ірі фармацевти­ка­лық фабриканың құрылысы бас­талғаны айтылды. Біздің сауда-саттығымыздың дамуын ортақ көлік дәлізінің жоқтығы қиында­тып тұр. Үстіміздегі жылы біз тікелей сауда-саттыққа мүмкіндік беретін Қазақстан-Түркіменстан-Иран-Парсы шығанағы жолының өзімізге қатысты бөлігін салуды аяқтаймыз, сонда екі елдің ара­сындағы тауар айналымы еселеп артатын болады, деді Президент. Сонымен бірге, Елбасы Үндістан­мен халықаралық және аймақтық БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК шеңберін­дегі ынтымақтастықтар туралы да біртекті ұстанымдағы  келісімдер болғанын айтты. Өз сөзінде Үндістан Премьер-министрі Манмохан Сингх  сапа­ры­ның табысты болғанын атап өтті. Мен Қазақстан халқының тамаша өркендеуін, елдеріңіздің бай мәде­ниетін көрдім. Бізде барлық мәсе­лелер бойынша толық түсі­ністік бар. Енді халықтары­мыз­дың арасында, кәсіпкерлер мен компаниялар ара­сын­да бірлескен кәсіпорындар құру жолымен бұдан да тиімді қарым-қатынас орнатуымыз керек. Осылай дей келіп, ол сөзінің соңында Үндістанның Кеден одағымен де ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді және Қазақстан Президентін Үндістанға сапармен келуге шақырғанын мәлімдеді. Жақсыбай САМРАТ.