Сәуірдің басындағы сайлауда Елбасыға көрсетілген ерекше сенім мемлекеттің бүкіл билік жүйесіне барынша жауапкершілік жүктейді. Оның үдесінен шығу үшін биліктің барлық тармақтары жұмыла жұмыс істеуге тиіс. Бұл күндерде осы мәселелер жан-жақты талқыланып жатыр. Тіпті жексенбі күні де.
Иә, жексенбі күні кешкісін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент депутаттарымен, Үкімет мүшелерімен, орталық мемлекеттік органдардың, «Нұр Отан» ХДП, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшыларымен, облыс әкімдерімен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісін өткізді. Онда Елбасы сөз сөйлеп, Үкіметке еліміздің алдына қойған стратегиялық мақсаттарына сәйкес бірқатар жаңа тапсырмалар берді.
Өз сөзінде Президент басқосудың негізінен экономика мәселесіне арналатындығын атап көрсетті. Сайлау кезінде халық топтасқандығын танытты. Биліктің басты буынына, Елбасыға деген жоғары сенім көрсетті. Биліктің ендігі міндеті – сол сенімді ақтап, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту болып табылады. Таяу бес жылда Қазақстан азаматтарының табысы жоғары елдер тобына енуі қажет. 2016 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы көлемі кемінде 15 мың АҚШ долларына жетуі тиіс. Бұл үшін экономикамыз жыл сайын кемінде 7 пайыздық өсім көрсеткішімен дамып отыруы қажет етіледі.
Өз сөзінде Елбасы Үкіметтің жақсы жұмыс істегендігін айтып өтті. Соған сәйкес оған қайтадан сенім көрсетіліп отыр. Елбасы қабылданған индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру Үкіметтің алдындағы басты міндет болып қала беретіндігін атап көрсетті. Өткен жылғы қарқын мен бақылау босаңсымай, қайта күшейтілуі керек. Бағдарламаны жүзеге асыру шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасауы тиіс. Осы ретте қағидатты түрде алғанда Үкіметтің және әкімдердің жаңа міндеті – шағын және орта бизнесті, шикізаттық емес секторды ұдайы дамыту арқылы экономиканың жыл сайынғы өсімін тағы да қосымша 3 пайызға жеткізуді қамтамасыз ету. Оның 3 түрлі жолы бар. Олар – инвестиция тарту, инновацияны енгізу, мемлекеттік және қоғамдық институттардың тиімділігін арттыру. Елбасы өз сөзінде міне, осы мәселелерге нақты тоқталып, Үкіметке бірнеше тапсырма берді.
Инвестиция тарту
Инвестиция тарту – ел байлығын арттырудың, халықтың әл-ауқатын жақсартудың өзекті арнасы екендігі белгілі. Бұл шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай туғызады. Қазіргі күні бүкіл әлемде бағаның, соның ішінде, әсіресе, азық-түлік бағасының өсуі айқын байқалып отыр. БҰҰ Халықаралық азық-түлік ұйымының мәліметтері бойынша бұл әлемдік құбылысқа айналып барады. Алайда, Қазақстан өзін-өзі және ауыл шаруашылығы өнімдерін дамытуды қамтамасыз ете алатын елдердің қатарында. Демек, салаға инвестициялар тарту арқылы тығырықтан жол тауып шығуға болады. Бұған Қазақстанның жақсы мүмкіндіктері бар. Осы ретте Елбасы кейбір азық-түлік рыноктарының монополияландырылғандығын сынға алды. Аграрлық сектор және азық-түлік мәселесі бойынша барлық жұмысты жолға қоюды Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев пен жаңадан тағайындалған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке тапсырды.
Транзиттік мүмкіндікті арттыру
Тағы бір мәселе елдің транзиттік мүмкіндігін арттыру ісіне қатысты. Алып мемлекеттердің, Батыс пен Шығыстың арасында Қазақстанның қолайлы географиялық орналасуы бұл істің біз үшін аса маңызды екендігін көрсетеді. Осыған орай Елбасы республиканың көліктік инфрақұрылымын жетілдірумен қатар олардың жүк тасымалы, туристер қозғалысы үшін ашық болуын атап айтты. Жүктерді жедел ресімдеу, елдің транзиттік мүмкіндігін дамытуда мемлекеттік жеке меншікті әріптестікті енгізу мәселесін шешу жөніндегі ұсыныстарды жеделдетіп қарауды Үкіметке тапсырды.
Кезіндегі Батыс пен Шығыстың арасын жалғап жатқан көне Жібек жолын қазіргі заман талабына сәйкес қайта жаңғырту, осылайша елімізді халықаралық экономикалық сауда жолының үлкен дәліздерінің біріне айналдыру Елбасымыздың маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі екендігі белгілі.
Елбасы Үкіметке ауылшаруашылық жерлеріне тексеру жүргізуді тапсырды. Жерде оны игеруге қабілеті бар, қоғамға пайда әкелетіндер жұмыс істеуі керек екендігін айтты.
Жалпы, Қазақстан аумағының жер қойнаулары әлі толық тексеруден өтпеген. Мұның өзі алдағы уақытта геологиялық жұмыстарды жолға қоюды қажет етіп отыр. Бұл ұлттық геологиялық компания құрудың қажеттігі туындауда деген сөз. Мұндай іспен айналысу Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев пен «Самұрық-Қазына» қорының жаңа басшысы Тимур Құлыбаевқа жүктелді.
Инновацияны енгізу
Мемлекет басшысы дамудың саналы стратегиясын басшылыққа алған елдердің барлығы инновацияны енгізу бойынша бәсекеге түскендігін атап көрсетті. Инновация дегеніміз – болашаққа бастайтын жарқын жол. Сондықтан осы істі дамыту жалпыұлттық басымдық ретінде жария етілетіндігін жеткізді. Бұл мақсатқа жетудің төте жолдарының бірі – Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім орталықтарының біріне айналдыру, осы іске таудай талаппен кірісу болып табылады. Экономикалық прогресс дегеніміз, бұл – бірінші кезекте таланттыларды тауып, дамытып, оларды ел игілігіне айналдырудың көшелі жолы. Қабілетті адамдар инновациялық ахуалды қалыптастыру ісінде қай елде болсын ерекше рөлге ие. Қазақстан да осы бағытта жұмыс істей бастады. Соның маңызды көрінісінің бірі – Елбасының тікелей бастамашылдығымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасы.
Өз сөзінде Елбасы республикамызда осы әлеуеттің әлі күнге дейін тиімді пайдаланылмай келе жатқандығын сынға алып, мұның нақты дәлелдері ретінде көптеген фактілерді келтірді. Мәселен, осы уақытқа дейін еліміздің 4 мыңға тарта жастары шет елдерден заман талабына сай білім алып келгендерімен, олардың жартысына жуығы нақты өз мамандықтары бойынша қызмет істеп жүрген жоқ. Былтырғы жылы оқу бітіріп келген 1200-ге тарта жастың үштен бірі ғана өз білімдеріне лайықты қызметке орналасқан. Бітірушілердің 85 пайызы Астана мен Алматы қалаларында қалғысы келеді. Себебі, көптеген өңірлерде оларға деген сұраныс болғанымен, осы әлеуетті іске асыруға өңір басшылары айтарлықтай дәрежеде көңіл бөлмей отыр.
Сонымен қатар, Елбасы ендігі жерде мектеп бітірушілерді мемлекет қаржысы есебінен бакалавриат бойынша оқуға жіберуді шектеп, бұл іс бойынша тек магистратуралар мен пейджи докторлыққа жөнелтуге ғана мән берудің қажеттігін ескертті.
Мемлекет басшысы еліміздің орта және кәсіптік білім беру ісін дамыту мәселесіне ерекше мән берді. Астанада ашылған «Назарбаев Университеті» қазірдің өзінде үлгіге айнала бастады. Көптеген шетелдік мамандар онда жұмыс істеуге ынта танытуда. Міне, осы университетке оқуға түскен 500 студенттің 248-і еліміздегі қазақ-түрік лицейлерін бітіргендер екен. Бұл нені көрсетеді? Біздің орта білім жүйесінің заман талабына сәйкес емес екендігін меңзейтіндей.
Еліміздің инновациялық дамуына үлес қоса аларлықтай идеялар аз емес. Осы ретте Елбасы өз тарапынан мынандай ұсынысын айтып қалды. Қазақстанда жерасты су қорының үлкен көздері бар екендігі белгілі. Міне, осыларды жер бетіне шығарып, халық игілігіне жаратудың өзі үлкен инновациялық іс емес пе? Ендеше, игілік келтіре алатын істермен неге шұғылданбасқа.
Елбасы өз сөзінде еліміздің Экономикалық даму және сауда министрлігін республикамыздағы барлық министрліктердің жұмыстарын үйлестіретін өзіндік бір ақыл-ойдың орталығына айналдыру қажеттігіне тоқталды. Өкінішке қарай, бұл ведомство ондай талапқа әзірге жауап бере алмай отыр. Ендігі кезекте осы министрліктің жұмысын нығайту, жаңа қырынан жандандыру талап етіледі. Оған бәсекелестікті қорғау қызметі де қосымша тапсырылып отыр. Сонымен қатар, аталмыш министрлікке бұрын «Самұрық-Қазынаның» құрамында болып келген даму институттары тапсырылады. Ал «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының негізгі міндеті компаниялардағы корпоративтік басқару ісін одан әрі жетілдіре түсу болып табылады.
Мемлекеттік және қоғамдық институттар тиімділігін арттыру
Елбасы өз сөзінде бұл мәселеге кадрлық саясатты айқындап жолға қою, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, еліміздің құқықтық жүйесін дамыту, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, өңірлік және фискалдық саясатты жүргізу ісін жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқаруды белсенді түрде дамыту секілді қырларынан келіп көп тоқталды. Соның ішінде сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін ерекше айтты. Ендігі кезекте мемлекеттік органдар мен компанияларда негізгі жауапкершілік жүгі артылған қызметкерлер сыбайластыққа ұрынатын болса, оған сол ұйымның бірінші басшысы тікелей жауап береді. Оған мұндай жағдайда қызметтен кетуге тура келеді.
Осыған орай Елбасы құқық қорғау жүйесінің ашық болуы тиісті екендігін айтты. Сонымен қатар, соттан тыс құқық қорғау жүйесін жетілдіру қажет. Меншік барынша қорғалуы керек. Сонда ғана нарық экономикасын дұрыс дамытуға болады.
Қазақстанның құқықтық жүйесін дамыту басымдық мәні бар мәселе болып табылады. Бүгінгі күні соттар атқарушы билікке тәуелсіз. Бірақ олардың кәсіпқойлық деңгейінің төмендігі, жауапкершілігінің аздығы сот өндірісінің сапасына елеулі әсер етіп отыр. Демек, сот жүйесіндегі, барлық құқық қорғау органдарындағы парақорлықты түбірінен жоятын кез келді. Осыған орай Елбасы Үкімет пен Президент Әкімшілігіне құқық қорғау, сот жүйесін одан әрі жетілдіру ісін тапсырды.
Мемлекет басшысы халыққа қызмет көрсету орталықтарының қазіргі жұмысына өзінің көңілі толмайтындығын білдірді. Бұл орталықтардың әу баста халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің көптеген түрлерін бір жерге жинақтай отырып, бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істеу үшін құрылғандығын еске сала келе, осы қағидаттың әлі күнге дұрыс орындалмай отырғандығын сын тезіне алды. Осыған орай жалпы мемлекеттік қызметтің сапасын одан әрі арттыру қажеттігін, бұл үшін қызмет стандарттарын, қызметтерді оңтайландыруды, электрондық қызметті енгізуді, соның ішінде бірінші кезекте халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жетілдіруді тапсырды.
Сонымен, кеңесте атап көрсетілгеніндей, Қазақстан қазіргі күні қуатты мемлекет ретінде қалыптасу үстінде. Еліміз өзінің соңғы жылдарғы экономикалық қарышты дамуы нәтижесінде ел ішіндегі проблемаларды толықтай шеше алатындай жағдайға жетті. Бұл ретте Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің табысты дамуының үш негізгі шарты ретінде мықты мемлекеттің құрылғандығын, тиімді мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылып келе жатқандығын, бірте-бірте кәсіби кадрлардың қалыптасу үстінде екендігін атап көрсетуге болады. Енді осы істі одан әрі жетілдіре түсу қажет. Кеңесте Елбасы көтерген мәселелердің барлығы осыған қарай бағытталды. Ал оның түпкі нәтижесі халықтың тұрмыс жағдайының елеулі жақсарғандығынан, өмір сапасының арта түскендігінен көрінбек.
Мән беретін мәселелер
Сөзінің соңында Елбасы қазіргі күннің қамынан туындайтын ағымда тұрған бірнеше мәселені атап көрсетті. Олар – индустриялық жобаларды жүзеге асыру ісін белсенді түрде жалғастыру, азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу, көктемгі егісті дұрыс жүргізу, әлеуметтік сала мәселелеріне ерекше мән беру. Сонымен қатар қысқы жылыту маусымына дайындықты қатаң назарда ұстауды, өткен жылдың сынағынан бірнеше мысалдар келтіре отырып Үкіметке нақты тапсырды. Барлық тапсырмалардың орындалуына бақылау жасауды Президент Әкімшілігіне жүктеді және жоғарыда айтылған тапсырмалардың қалай орындалғандығы кімнің кім екендігін көрсететіндігін қадап тұрып айтты.
Сенімге іспен жауап бермек
Отырыста бірінші болып сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі
Әсет Исекешев үлкен маңызды шаруаларда Елбасының сенім білдіргендігіне рахметін айта келе, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесінде қолға алынып жатқан істерді баян етті. Қазіргі күні инвесторларға, ірі, орта және шағын бизнес өкілдері мен ісін енді бастаған кәсіпкерлерге қажетті тетіктер әзірленген. Биылғы жылы 1,5 триллион теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асырылатын болады. Жалпы жыл соңына дейін 192 жоба іске қосылады. Сонымен қатар, биылғы жылдан бастап бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындарды модернизациялау тұрғысынан қайта жаңғырту ісі қолға алынады.
Маңғыстау облысының әкімі
Қырымбек Көшербаев өз сөзінде өңір жұртшылығы Елбасы сеніміне іспен жауап беретіндіктерін жеткізді. Биылғы жылы бұл өңірде 10 үлкен инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Былтырғы жылдан бері жалғасып келе жатқан осындай ірі жұмыстардың нәтижесінде 26 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Маңғыстау облысы азық-түліктің көптеген түрлерін сырттан әкелетіндігіне қарамастан, олардың бағасының көтерілуі еліміз бойынша алғанда ең төменгі деңгейлердің бірінде.
Сондай-ақ ол облыс өз бетімен жұмыссыздықпен күрес жөніндегі «Жол картасын» жүзеге асыруды одан әрі жалғастыра түскендігін, осы іске жергілікті жерде 4,5 миллиард теңге бөлінгендігін жеткізді. Биылғы жылы облыста халықты газбен, теледидарлық хабарлармен қамту ісі 100 пайыз орындалатындығын мәлім етті.
Парламент Сенатының депутаты
Анатолий Башмаков сайлау кезінде халықтың Елбасына жоғары сенім көрсеткендігін айта келе, Нұрсұлтан Әбішұлын осы сенімді жеңісімен құттықтады. Өзінің депутат ретінде Елбасы ұсынған қоғамдық институттарды дамыту, соның ішінде жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру мәселесін барынша қолдайтындығын айтты.
Кеңес соңында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
Кәрім Мәсімов сөз сөйледі.
– Бұдан екі апта бұрын бүкілхалықтық сайлауда Сіз қазақстандықтардың 95,55 пайыз қолдауына ие болдыңыз. Менің Сізді осы залда отырғандардың атынан тағы да сол теңдессіз жеңісіңізбен құттықтағым келеді, – деді Премьер-Министр. – Екі аптаның ішінде Сіз барлық атқарушы биліктің органдарын қалыптастырып, қайта бекіттіңіз. Үкіметке толық құрамда, жеке маған Үкімет басшысы ретінде Сіз жоғары сенім мандатын бердіңіз. Сіздің тарапыңыздан Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясында, 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарда, Сіздің биылғы жылғы қаңтардағы Жолдауыңызда, «Нұр Отан» ХДП съезінде сөйлеген сөзіңізде, ұлықтау рәсіміндегі сөзіңізде алға қойған міндеттер бүгін де өте маңызды.
Кәрім Мәсімов Елбасының тапсырмалары Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына орындалатынына сендірді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.