Ертең республика Ардагерлері қоғамдық бірлестігінің VI съезі өз жұмысын бастайды
1987 жылы құрылған Алматы қалалық ардагерлер ұйымы еліміздің қариялар қауымының ең ірі бірлестігінің бірінен саналады. Мұндағы жеті аудандық ардагерлер кеңесі, Ұлы Отан соғысының және ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлер комитеттері мен 513 бастауыш ұйым 170 мыңға жуық зейнеткерлерді біріктіріп отыр. Қазақстан ардагерлерінің кезекті VI съезі қарсаңында біз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, академик Еренғайып Шайхутдиновке жолығып әңгімелескен едік.
– Еренғайып аға, әуелі өзіңіз басқарып отырған ардагерлер ұйымының негізгі мақсат-міндеттеріне тоқтала кетсеңіз.
– Қалалық, аудандық кеңестердің және бастауыш ұйымдардың мақсаттары мен міндеттері ардагерлер съезі бекіткен жарғыда және «ҚР Ардагерлер ұйымдары туралы» ережеде айқындалған. Соған жүгінсек, барлық деңгейдегі ардагерлік ұйымдардың басты міндеті қарт адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау және оларға өз құқықтары мен әртүрлі көмек түрлерін алу мүмкіндіктерін түсіндіру болып табылады. Осыған байланысты қалалық ардагерлер кеңесі жыл сайын ардагерлік қозғалыстың белсенділерін жинап, семинарлар өткізеді.
Республикалық бюджеттен берілетін зейнетақылық төлемдермен қатар, біздің ардагерлерге қалалық бюджет қаржысынан да үлкен көмек көрсетіліп тұрады. Біз осы мәселені арнайы зерттеп, шағын кітапша шығарып, аудандық кеңестерге бердік және тұрғындардың жиналған жерлерінде тікелей тараттық. Сөйтіп, осынау қосымша жеңілдіктерді рәсімдеу үшін не істеу қажеттігін, қандай құжаттар жинау керектігін түсіндірдік. Осының арқасында қазір арнайы қалалық жәрдемақыны 140 мыңнан астам зейнеткерлер алады. Мұның сыртында бір реттік материалдық көмек, баспана алу, су есептейтін құрылғы орнату, қала көлігінде тегін және жеңілдікпен жүру, Ұлы Отан соғысына қатысушылар үшін тегін немесе жеңілдікпен берілетін санаториялық емдеуге жолдама алу, тегін тіс салдыру, жалғызбасты қарт адамдарды күтімге алу сияқты жеңілдіктер қарастырылған.
– Олай болса, қарияларға жасалып отырған әлеуметтік қамқорлықтарды кеңірек баяндасаңыз.
– Қарт адамдарға арналған әлеуметтік бағдарламаларға қала бюджетінен жыл сайын жалпы жиыны 3 миллиардтан астам теңге бөлінеді. Өткен жылы қала әкімдігі кәсіпорындармен және ұйымдармен бірлесе отырып, соғыс ардагерлерін жайлы пәтерлермен қамтамасыз ету жөнінде үлкен жұмыстар жүргізді. 2005 жылдан бастап есептегенде, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың 267 отбасы пәтер алды. Солардың ішінде Жеңістің 65 жылдығы тұсында 2010 жылдың сәуіріне дейін пәтер кезегінде тұрған барлық соғыс ардагерлеріне 101 пәтер берілді. Осы мақсатқа демеушілер қаржысын жинау жөнінде қалалық кеңестің «Алматы қаласының Ұлы Отан соғысы ардагерлері» қайырымдылық қоры үлкен жұмыстар атқарды. «Электр стансалары» АҚ, «Құрылыс» компаниясы, «Қазатомпром», басқа да ұйымдар мен банктерден қомақты қаржы түсті.
Медициналық қызмет көрсетуді және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру қарт адамдардың өмірін жақсартудың аса маңызды мәселесі қатарына жатады. Бұл мәселелер қалалық денсаулық сақтау басқармасы бастығының, оның орынбасарларының қатысуымен ардагерлердің қалалық кеңесінің пленумы мен төралқа жиындарында бірнеше дүркін талқыланды. Сөйтіп, медицина мекемелерінің жұмысын жақсарту, ашық есік күндерін өткізу жөнінде шаралар қабылданды. Бұл уақытта зейнеткерлерді әр саланың маман дәрігерлері де қабылдады. Төсек тартып жатқан науқастарды үйлеріне барып емдеді, республикалық орталықтар мен жеке клиникаларда диагностика жасалды. Осыған орай барлық емханаларда күндізгі стационарлар және қажет бола қалған жағдайда үйдегі стационарлар жұмыс істейді.
Соғыс және еңбек ардагерлері жыл сайын шипажайлық емдеуден өтеді. Өткен бес жылда барлығы 14500 адам, соның ішінде өткен жылы 2396 зейнеткер мен мүгедек ем алып, тынықты. Қалалық ардагерлер кеңесінің мәслихаттан табанды түрде өтінуінің арқасында 2011 жылы жолдамалар саны 3230-ға дейін көбейтіліп, осы мақсатқа 270 миллион теңге бөлінді.
– Еренғайып Мәлікұлы, сіздер әлеуметтік мәселелермен қатар аға ұрпақтың өнегесін кейінгі жастарға үйрету орайында да көп іс тындырып жүргендеріңіз мәлім. Бұл ретте не айтасыз?
– Иә, қарт адамдарды әлеуметтік жағынан қолдаумен қатар, жастармен жұмыс жүргізу, олардың бойында азаматтық, адамгершілік және отаншылдық қасиеттерді тәрбиелеу ардагерлердің ардақты парызы болып қала бермек. Өткен жылдарда осы бағытта бірталай жақсы тәжірибе жинақталды. Орталық кеңестің төралқасы біздің жұмыс тәжірибемізді барлық өңірлік ардагерлер кеңестеріне үлгі ретінде ұсынып, қаланың барлық аудандарындағы жұмыс тәжірибесі, қала басшыларының сөздері жинақталған «Ұрпаққа ұлағат» атты кітапшамыз баршаға таратылды.
28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтағы Мәңгілік алау жанында 2007 жылдың 29 қазанында болған «Біз Жеңіс мұрагерлеріміз!» атты халықаралық акцияның ашылу салтанаты патриоттық тәрбие ісіне жаңа серпін берді.
Жаңа заманның жастарына Ұлы Отан соғысындағы жеңіс бастауларын насихаттаудың маңыздылығын ескере отырып, біз Ұлы Жеңіске қазақстандықтардың қосқан үлесі жөнінде егжей-тегжейлі ақпараттық материалдарды жиыстырып, ардагерлік ұйымдарға жолдадық. Осы ретте Тарих және этнография институты ғалымдарының, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының, Мәжіліс депутаты Камал Бұрхановтың қатысуымен Ұлы Отан соғысы туралы ақиқатты қорғауға арналған «дөңгелек үстел» өткізілуінің маңызы ерекше болды. Біз соғыс жылдарынан алыстаған сайын әлдебір «жаңашылдар» жер астынан жік шығарып, оның екі құлағын тік шығарып, Ұлы Жеңістің тарихына, халықтың қаһармандық ерлігіне күйе жағып, күмән келтіре бастаған сыңайлы. Айталық, «Караван» газетінде «Дубосеково разъезінде танктер болып па еді?» деген мақала жарық көрді. Оған Түрксіб ауданының жастарға патриоттық тәрбие беру жөніндегі комиссиясы мән беріп, іле-шала «Соғыс жайындағы өтірік пен шындық» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізді. Оған аудан мектептерінің жоғары сынып оқушылары, тарих пәнінің мұғалімдері шақырылып, И.В.Панфилов атындағы 316-шы атқыштар дивизиясының майдангерлері, басқа да соғыс және тыл ардагерлері қатысып, тағылымды әңгімелерін айтты.
Республиканың атаулы мерекелерінде ардагерлердің жастармен кездесулері дәстүрге айналды. «Бауыржан Момышұлының шығармашылық мұрасы және жастардың патриоттық тәрбиесі» тақырыбындағы іс-шаралар да үлкен ұлағатқа бастағаны анық.
– Еренғайып Мәлікұлы, ардагерлерді қазіргі таңда қандай мәселелер толғандырады? Шұғыл шешуді қажет ететін проблемалар бар ма?
– Әлбетте, тіршілік болған соң оның кейбір түйткілдері де болады ғой. Жүргізіліп жатқан тынымсыз жұмысқа, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтарға қарамастан, Үкіметке, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, Парламент депутаттарына жолдаған арыз хаттарымыз, жекелеген мәселелер әлі де болса оң шешімін таппай отыр. Алдағы уақытта «Ардагерлер туралы» заң қабылданса екен, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің арнайы мемлекеттік жәрдемақысы 6-7 төменгі зейнетақы мөлшеріне дейін көбейтілсе, 1933 жылы және одан ерте туған барлық зейнеткерлерге тылға және майданға қатысушы мәртебесін беру оңайлатылса, «Соғыс балалары» санаты белгіленсе дейміз. Сондай-ақ, соғысқа қатысушылар коммуналдық төлемдерден босатылса, қайтыс болған Ұлы Отан соғысына қатысушылардың әйелдері қаза тапқан жауынгерлер жесірлеріне теңестірілсе, құба-құп болар еді. Ардагерлерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі, қарт адамдарды емдеудегі, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің қалалық көлікте жүрудегі тіленіп тұрған жеңілдіктер де бір төбе. Осылардың таяу болашақта шешімін табарына өз басым сенімдімін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.