20 Сәуір, 2011

Аға ұрпақ – тәуелсіздік шырақшылары

942 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Елімізде ұлы оқи­ғалар болып жатыр. Солардың бірқатарын ғана айтсақ, Қа­зақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, Астана Саммиті, 7-ші Қысқы Азия ойындары көз ал­дымыздан сүйі­ніш­пен тізіліп өтері хақ. Осы әлемдік ауқым­да­ғы асқар белес­тер­дің бәрінен еліміз үлкен абыроймен өте білді. Бар әлемге таң­дай қаққызған асулы аламандардағы жеңіс­ке, мерей мен мәрте­бе­ге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастап отырды. Ал, күні кеше өткен президент сайлауында жасалған бүкілхалықтық ұлы таңдау еліміздің де, елі сенген Еріміздің де жеңісі болғандығы және күмәнсіз. Осыған, менің білуімше, ең алдымен, аға ұрпақ, ардагерлер қуанады. «Қариясы кімнің бар болса, жазулы тұрған хатпен тең» – деген екен данагөй Бұқар жырау бабамыз. Сол айтқандай, Қазақстанның «жазулы тұрған хат­тарындай» қарияларының, ардагерлер ұйымы біріктіріп отырған мына біз сияқты аға ұрпақ өкілдерінің саны бір миллион 700 мыңның үстінде екен. Бұл – от пен судан өт­кен, өмірдің ыстық-суығында шыңдалған үл­кен күш, тәжірибенің, даналықтың сар­қыл­май­тын қайнар бұлағы. Сол кеніштің асы­лын, сол бұлақтың кәусарын қоғамның кәдесіне жарата білмек керек. Кеніш таусыл­мас үшін, бұлақ сарқылмас үшін осыларды аялап, қорғап, қамқорлыққа алу да әрі парыз, әрі міндет. Бүгінгі ардагерлер дегеніміз, елімізге жау шауып, қатердің қара түнегі қаптағанда Ота­нымызды қаһармандықпен қорғап, сол сұ­рапыл соғыста фашистің мұздай құрсанған әскерін қирата жеңгендер, бүліншілікті, қи­ра­ған қалалар мен селоларды, фабрика-зауыт­тарды, өзіміздің тылда сіңірі созылып қаусап қалған ауылдарды да аяғынан тік тұрғызып, кеуделеріне жан бітіріп, суалған тамырлары­на қан жүгіртіп, қайтадан тірілткендер, қал­пына келтіргендер. Қазақстанның тыңын да солар көтерді, қоғамның рухани, мәдени өрісін де солар кеңейтті. 20 жылдан бері ақжолтай ардагер қауым тәуелсіз мемлекет орнату орайындағы ұлы міндеттің де қиындығын қыңқ етпей бірге бөлісіп, ауыр­лығын бірге көтерісіп келе жатыр. Себебі, адалдық пен азаматтықтан әркез мүлт кетпейтін аға ұрпақ тәуелсіздігі­міз­дің ең бірінші шырақшылары. Олар өзі­нен кейінгі бу­ын­ның, балалары мен неме­релерінің, шөбе­ре­лері мен шөпшектерінің қам­қоршысы, қыдыр пейілді қариялар туған елі мен жеріндегі бү­гінгі бақыттың сақ­шы­сы, қорғау­шы­сы мен қол­даушысы, жарқын болашағы­мыз­дың жақ­тау­шысы болмай тұра алмайды. Та­ба­ны кү­ректей 20 жыл еліміздің ардагерлер ұйымын бас­қарғанда түйген ой-тұжырымым осындай. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның да аға ұрпаққа, ардагерлерге деген іл­типаты мен сергектігі ерекше. Бұл – қарттарға үзбей жасалып келе жатқан қамқорлық-же­ңілдіктерден, зейнет­ақы­­лардың орташа мөл­шерінің бірнеше еселеп өскендігінен де көрініс тапты. Біздің елімізде ардагерлер ерекше мәр­тебеге ие болды. Ұлы Жеңістің 50, 55, 60, 65 жылдық мерекелері кезінде қарт майдангерлерге қаншама құрмет көрсетілгенін білеміз. Бір ғана жайды еске алайыншы. Республика арда­гер­лерінің Астанада Президенттік мәде­ни ор­талықта өткен IV съе­зіне Мем­лекет басшысы қатысып, сол форумда бір сағатқа жуық, нақ­тылап айтқанда, 55 ми­нөт сөз сөйлеуі бәрі­мізді, барша ардагерлерді қанат­тан­дырып, мерейге бөлеген ерекше жағдай болғандығы қалай ұмыты­лар. Сол жолы қарияларға жасалып жатқан, алда жасалуға тиісті қамқорлықтар жайында баяндай келе, ардагерлердің елге сіңірген ерен еңбектері ұрпақ санасынан ешқашан өшпей­ді, уақыт өткен сайын ол асқақтай түседі деп аға ұрпақты құрметтеген Президент толғам­дарына жиылған жұрттың бәрі разы болысып, алғыстарын білдіріп еді. Елбасы ардагерлерге деген сол ақ пейіл, ақ ниетінен айнымай келеді. Мұның бір дәлелі, Президенттің бір де бір Жолдауында қарияларға қамқорлық жайы назардан тыс қалып көрген емес. Әр­дайым балалармен, олардың аналарымен бір­ге аға ұрпақтың да өмірін лайықты қам­та­масыз ету стратегиялық маңызды мәселе ретінде қарастырылады. Айталық, 2005 жыл­ғы Елбасы Жолдауында азаматтары­мыз­дың қарттығын лайықты қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесін қалыптастыру міндеті алға қойылды. Мұның өзінен де Прези­дентіміздің аға ұрпаққа қатысты мейлінше адамгершілік саясаты айқын көрініс тапты. Ал енді «Болашақтың іргесін бірге қалай­мыз!» атты биылғы Президент Жолдауына зер салсақ, мүлдем жаңа әлеуметтік саясат­тың суретін танимыз. 2020 жылға қарай қазақстандықтардың өмір жасы 72 жасқа дейін ұлғаяды деп күтілуі қарттар игілігіне қыз­мет етіп тұрған жоқ па. Сондай-ақ, 2012 жылға қарай зейнетақылардың орташа көлемі 2008 жылмен салыстырғанда 2 есе өседі деп жоспарлануы қарияларға қамқор­лықтың айқын айғағы болып табылады. Осы арада сәл шегініс жасасам, 1999 жылдың 10 қаңтарында көп ұлтты Қазақстан халқы тарихи таңдау сәтін бастан өткерді. Ол тарихи таңдау ел Президентін сайлауға байланысты болғандығы баршамызға мәлім. Осы орайда айтайын дегенім, еліміз үшін мән-маңызы зор сол бір жауапты шақта, халық тағдырының, болашағының талқыға түскен талайлы шағында аға ұрпақ өкілдері өз парасаты мен даналығын танытқан болатын. Иә, қай кезде де ардагерлердің Нұрсұл­тан Әбішұлына деген ілтипат-құрметі ерекше болғандығына мен кепілмін. Себебі, жүрегі кең, саясаты сарабдал Президент Назарбаев тұрғанда, ардагер қауым өздерінің ертеңіне сенімді. Осы жылғы қаңтардың ортасында Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды қолдап 5 миллионнан астам адам қол қойғаны жария етілді. Нұрекең десе ішкен асын жерге қойған сол 5 миллионның бестен бірі ардагерлер екендігіне күмәнім жоқ. Мұның өзі де біздің ардагерлер мен Елбасы арасында алтын көпірдей тартылған дәнекер тіннің беріктігін білдірсе керек. Алда «Ардагерлер туралы» заң қабылданса, қарттардың көңілі тіптен қалтқысыз болар еді. Елбасыға айтар өзімнің алғыс-рахметім де аз емес. 30 жыл үзеңгілес әрі сенімді серігі болып қызмет еткен өз басым Нұрсұл­тан Әбішұлының адами һәм азаматтық сергектігіне тәнтімін. Соған бір ғана мысал келтірсем, депутаттық өкілеттілігім аяқталған кезде Нұрсұлтан Әбішұлының әзіл-шынын араластыра: «Мақа, енді жағыңыз саудырап түсіп қалғанша осы отырған орныңыздан тапжылмай, ардагерлерімізді басқарып, ел-жұртымыздың бас ақсақалы болып отыра беріңіз» дегені де есте. Мұндай риясыз көңіл­ге қалай елжіремессің. Олай дейтінім, Мемлекет басшысының әр сөзінде айрықша қа­сиет, асыл дуа бар. Соның алдындағы 75 жылдығымның тұсын­да да, бұрынғы «Парасат» орденімнің үстіне Президенттің Алғыс хаты мен омырау белгісі тапсырылды. Со­ны­мен қатар, еліміздің әлеуметтік және эко­но­микалық өркен­деуі­не қосқан зор үлесі үшін, республика ардагерлер ұйымына бас­шылық жасаумен қатар Парламент Мә­жі­лісінің депутаты ретінде төл заңнама­мыз­ды жетілдіру жолын­дағы лайықты еңбегі үшін деп атап көрсетіп, жемісті қызметіме үлкен ризашылық білдірген еді. Әлбетте, Президент алғысының, Елбасы ризашылы­ғы­ның жөні бөлек, сүйініші ала­бөтен. Ол кісі тарапынан еңбектің бағала­нуы мерейіңді мың есе өсіреді. Дегенмен, денсаулық жағдайыма байла­нысты Елбасының алдынан өтіп, республика ардагерлер ұйымының төрағасы қызметін сенімді ізбасар азаматтарға тапсырып бердім. 82-ге келген жасымда Нұрсұлтанның тілегін тілеп отырамын. Нұрсұлтан халқын сыйласа, Нұрсұлтанды құдай сыйлап, көкке көтерсін. Бір Алланың рахметіне бөленсін, халқының алғыс, махаббатына кенелсін. Бұ­рын да айтқанмын, әлі де айтамын: осы жолы да Қа­зақстан Президенттігіне бірден бір даусыз лайықты, елдің тыныштығы мен ын­тымақ-бірлігіне, халқының бақытты өміріне кепіл бола алатын, жарға жықпайтын, тұрақтылықты сақтайтын, сыннан өткен сенімді адам Нұрсұлтан Назарбаев екендігі айдай ақиқат. Дәл кешегі тарихи таңдау сәтінде де айналайын халқым қателеспеді, Нұрсұлтан сияқты кемеңгерді дұрыс таңдай білді. Бір жағдай еске түседі. 70 жылдығымда Елбасының достарының бірі, халық жазу­шысы Сәкен сері Жүнісов мені құттықтаған арнау өлеңінде былай дегені бар еді: Тұрғанда өн бойыңда өмір-күшің, 101-ге жет, армансыз өлу үшін. Ініңмен бірге отырып жоспарлаған Отызыншы жылды да көру үшін! Сәкеннің ишаралап меңзеп отырғаны – 2030 жылы менің жасым 101-ге толады, Елбасының «Қазақстан–2030» стратегиясы­ның қалай жүзеге асқанын көру үшін маған 101-ге жет дейді. Несі бар, әдемі де астарлы әзіл әрі мағыналы сөз. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Құдайым берсе, 101-ге жетуді де, 2030 жылды көруді де ішіміз жек көрмейді. Де­генмен де, бірінші қызық-қуанышты, келешектің ғажайыбын, шаттығын халық көрсін, ұрпағымыз көрсін. Сол үшін де Нұрсұлтан Әбішұлына, адастырмас серкемізге, аймаңдайлы көсемімізге әрқашан да ақ жүректен амандық тілеймін, өзінің маған айтқанындай, 2030-ға, одан арғыға өзі де жетіп, халықтың қолдауымен Президент та­ғын­да елін даналықпен билеп отыра берсін деп тілеймін. Мақтай САҒДИЕВ, Қазақстанның құрметті зейнеткері.