20 Сәуір, 2011

Бір құжаттың жасампаздық әлеуеті

473 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Ертең Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында «Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өркендету, түркі  тіл­дес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау және сабақтас­тыра дамыту, туризм инфрақұрылымын жасау» мемлекеттік бағдарламасы құжаттарда (1997-2004 жж.)» атты жинақтың тұсаукесер рәсімін өткізеді. Оған Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат, Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы және Мәдениет министрлігі Мәдениет жө­ніндегі комитеттердің мамандары мен БАҚ өкілдері қатыс­пақ­шы. Аталмыш іс-шараның өзектілігі мен маңыздылығын ескере оты­рып біз төменде тарих ғылымдарының докторы Көшім Ес­мағамбетовтің осы мәселеге арналған мақаласын беріп отырмыз. Тарихи сананы қалыптас­тыру, тарихпен тәрбиелеу, тарих бастауларына иек арту қай ке­зеңде де мемлекет сая­сатының құрамды бөлігі болып келді және солай бола бермек. Жа­қын­­да ғана Елбасы Н.Ә. На­зарбаевтың Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, ұлтымыздың ұлы тұлғаларына зиярат етуі – ата-баба аманаты алдында адал­дықтың, тарихқа тағзым етудің айқын белгісі. «Біз жел қуған қаңбақ сияқты халық емес, та­мыры тереңге кеткен ха­лық­пыз... Шынайы патриотизм ту­ған тарихыңды жақсы білуден басталады», – деді Түркістан қаласындағы мәдени-тарихи, этно­гра­фиялық орталықта зиялы қауым өкілдерімен кездесу кезінде. Төл тарихын ұмытқан ха­лық­тың болашағы бұлыңғыр, ондай халық әлем өркениетінен орын ала алмайды. Тарихсыз ұлттық рух жоқ, ұлттық рухсыз тәуелсіз ел ретінде өмір сүру де қиынға соғады. Н.Ә.Назарбаев тәуелсіз өмір сүруіміздің қиын кезеңдерінде де тарихтың қоғам дамуында қуатты фактор екендігін, хал­қы­мыздың шынайы тарихын қал­пы­на келтіру мәселесін наза­ры­нан тыс қалдырып көрген емес. Оның «Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өркендету, түркі тілдес мемлекеттердің мә­де­ни мұрасын сақтау, туризм инфрақұрылымын сабақтастыра дамыту» туралы мемлекеттік бағдарламаға аса зейін қойып, 1998 жылы 27 ақпанда арнайы Жарлық беруі елімізде саяси, экономикалық және мәдени ма­ңызы зор кең ауқымды істерге жол ашты. Бағдарлама халқы­мы­здың тарихи санасын қалып­тас­тыруда, тәуелсіз еліміздің бас­қа мемлекеттермен саяси, экономикалық, дипломатиялық және мәдени байланыстарын тарихи тұрғыдан негіздеуде, қазақ жерінің көшпелі және отырық­шы көне мәдениеттер ошағы екен­дігін әлем жұртшылығына паш етуде, туризм инфрақұ­ры­лымын дамытуда аса қажетті, ұлттық және халықаралық ма­ңызға ие құжат болды. Президент Жарлығы ең ал­ды­мен көптеген тарихи және мә­дени ескерткіштерімізді жо­йы­лып кету қаупінен сақтап қалды, оларды консервациялап, болашақ ұрпақтарымызға жеткізуге, сайын сахарада бағыт-бағ­дарсыз, беті ауған жаққа көшіп-қонып жүрген ел болмағанд­ы­мыз­ды, қайта әлемдік өрке­ниет­ке қайталанбас өз үлесімізді қосқа­нымызды кімге болса да нақтылы көрсетуге, Жібек жо­лының қазақстандық бөлігіндегі тарихи және мәдени ескерткіш­терімізді көрем деушілерге мүм­кіндіктер туғызды. Патша заманында Қ.А.Ясауи кесенесін орыс әскерлерінің зең­­бірекпен атқылағанын, кейін ат­қо­раға айналдырғанын айтып, әрі­ге бармай-ақ қоялық. Өткен ғасырдың 80-жылдарының өзін­де Түркістан қаласының тарихи орталығының 12 гектар жері же­р­гілікті әкімшіліктің көзжұм­бай­лығы салдарынан жойылып кетті. Оған дейін қазақ мемлекет­ті­лігінің негізін қалаушылар Тәу­ке, Тәуекел, Есім, Жәңгір, Абы­лай хандардың зираттары да осындай қайғылы жағдайға душар болды. Осы жағдайларға бай­­­­ла­нысты Н.Ә.Назарбаев 1994 жылғы 29 қыркүйекте қазақ мем­лекетінің көне астанасы – Түркі­стан қала­сының бүлінуіне әкеле­тін қандай да бір әрекеттің тоқта­ты­луы жө­нінде қарар қабылдаған-ды. Оқырмандарда Президент Жар­­­лығы бойынша қабыл­данған Мем­лекеттік бағдар­ла­мада: «Неге тек Жібек жолы бойындағы тарихи орталықтарға мән берілген?» деген секілді сұрақ­тар туындауы мүм­кін. Себебі Ұлы Жібек жолы алғашқы кезде Қытайды Орта Азия, Каспий жаға­лауы, Жерорта теңізі және Батыс Еуропа елдерімен жалғастырған халықаралық сауда-дипломатиялық трас­сасы болып табылды. Ал, бұл Жолдың Жетісу және Қазақстанның оңтүстік бө­лігі арқылы өтетін «дала­лық» бөлігі Түрік қаған­ды­ғы кезінен XIV ғасырға дейін халықаралық байла­ныс­­тардың басты ар­на­сы болды. Осыған байла­нысты Жібек жолының қазақ­стан­дық бөлігі Орталық Азия халықтары көшпелі және оты­рық­шы-егіншілік мәдениет­тері­нің сан-алуан тарихи, археоло­гия­лық, архитектуралық мәдени ескерткіштерінің бірегей кешеніне айналады. Қытай және парсы деректерінде VI-VII ғасырларда тек Жетісудың оңтүстік-батыс бөлігінде 36 қаланың болғандығы көрсетіледі. Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігінде XI-XIII ғасыр­ларда қалалар саны 70-ке жетеді. Мемлекеттік бағдарламаның ал­дына Еуразия аумағындағы көш­пелі және отырықшы-егіншілік мә­де­ние­тінің, олардың өзара ықпал­дастық процестерінің тарихи және мәдени ескерткіштеріне, Жібек жолы бо­йын­дағы археологиялық, архитек­ту­ралық, қала құрылысы нысан­дары­на зерттеулер жүргізу, дәстүрлі қала құрылысы мен мекендер (тұрақтар) негізінде туризм инфрақұрылымын құру, керуен жолдарын қалпына келтіру міндеттері қойылады. Жібек жолы трассасы бо­йын­ша 115 нысан анықталып, іріктеліп алынады. Олардың барлығы да ғылыми және танымдық құн­дылықтарымен ерекшеленеді. Бағдарлама шеңберінде Жібек жолының қазақстандық бөлі­гін­дегі қыруар нысандарға жөндеу, күрделі жөндеу және реставрациялау, консервациялау жұмыстары жүргізі­леді. Олардың қатарында: Қаялық және ортағасырлық Тал­ғар қала­шық­­тары (Алматы облы­сы); Әу­лиеата мешіті, Айша бибі кесенесі, Үшарал мешіт-медресесі, Ақыртас кешені, Қарахан мен Дәуітбек, Бабаджа-хатун, Сыпа­тай батыр, Қара­қожа, Әбдіқадыр және Нәметбай мешіттері (Жам­был облысы), Айтбай мешіті, Қорқыт ата архитек­тура­лық кешені, Айтқожа, Ақтас, Асаната кесенелері, (Қызылорда облысы); Семей қаласындағы бір күмбезді және екі күмбезді екі мешіт, тарихи-өлкелік мұражай, Абай музей-кешені (Шығыс Қазақстан облысы); Отырар қалашығы, Ыс­қақбаб, Ибрагим ата, Қарашаш ана, Арыс­танбаб, Бәйдібек ата, Домалақ ана, Исмайыл ата кесенелері, Ақ­қойлы мешіт-медресесі, Сауран қа­ла­шығы, ортаға­сырлық Шығыс мон­шасы (Оң­түстік Қазақстан об­лы­сы); Бекет ата, Шопан ата және Қараман ата жерасты мешіттері (Маңғыстау об­лысы); Қарқаралы қа­ла­сын­да­ғы Құ­нанбай мешіті, Абай үйі, Қарқаралы ауданындағы Қызыл­кент сарайы, Ұлытау ауда­нын­­да­ғы Бесқамыр ор­тағасырлық қала­шы­ғы, Ұлытау мекені, Беғазы қо­ры­мы (Қарағанды облысы); Бө­кей Ордасындағы Хан ордасы кешені (Батыс Қазақстан облысы) бар. «Консервация», «реставрация» сөздері қаншалықты ауқым­ды жұ­мыстарды қажет ететіндігі көпшілік оқырманға жете таныс бола да бермес. Бір ғана мысал келтірейік. Маңғыстау облысы­ның Түпқараған ауданының аума­ғында орналасқан «Сұлтан-тепе» ғибадатханасында жүр­гізілген рес­таврациялық жұ­мыс­тар ба­ры­сында бұл нысанның іші құм-топырақтан тазартылды, 7 жерден ұлутастан тіреу (колонна) қойылды, қабырғалары және сәу­ле түсетін, ауа айналатын 4 күм­безі қайта қаланды, 220 суа­ғ­ар­лар жа­ңартылып, айналасы 168 метр темір қоршаумен қоршалды. Ғи­ба­датхана ішіне түсетін баспал­дақтар салынды. Тарихи қалалардың бәріне бір­дей жіктеу (классификация), ерек­шеліктерін анықтау секілді, ғылы­ми ізденістер жүзеге асы­рылды. Алматы қаласының тарихы, оның хронологиялық кезеңдері нақтыланып, ондағы архео­ло­гиялық, ар­хи­тектуралық және ланд­шаф­тық ескерткіштер тізімі жа­салды, қаланың тарихи-мә­дени мұра­сын сақтау, қалпына кел­тіру және насихаттау жө­нін­де ұсы­ныстар жасалды. Верный бекінісін қалпына келтіру жоб­а­сы бар. Оның негізінде «Көш­пелі өр­кениеттер және әскери өнер» мұражайын құру ұсынылды. Алматы облысында 100-ден ас­там танымдық, экологиялық, ор­нитологиялық, этнография­лық си­паттағы туристік маршруттар реестрі жасалды. Әсіре­се, 2004 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енген Қо­жа Ахмет Ясауи кесенесіне жүр­гізілген реставра­ция­лық жұмыс­тар­дың үл­­кен іскерлік пен білік­тіліктің қажет еткенін ерекше атауымыз керек. Мемлекет бағ­дар­лама­сы­ның орындалуы нә­ти­­жесінде Түркістан қаласының шекарасы 6 мың гектарға ұлғайды. Жібек жолының қазақстан­дық бөлігіндегі автотрассалар, теміржол бекеттері жөндеулер мен реставрациядан өтті. «Жібек жолы» халықаралық пойы­зы, туристік маршруттар, жәр­мең­келер, ха­лық­аралық фестивальдер, ғылы­ми-тәжірибелік кон­ференциялар ұйымдас­ты­рыл­ды. «Жібек жолы- 2000», «Түркістан – ғасырлар ес­керткіші», «Алтын адам», «Маң­ғыстау – бірегей өлке», «Қазақстан мұражайлары» деректі фильмдері түсірілді. Ғасырлар жүгін арқалаған бір ғана құжаттың – Президент Жар­лы­ғының ғибрат-пайымы, жа­сам­паздық мүмкіндіктері мұны­мен шек­телмейді. Бағдарламаның мән-мағынасы, рухани өмірімізге өл­шеу­сіз үлес қосқан танымы мен та­ғы­лымы зерттеу нысаны бола бермек. Осы орайда айта кететін бір өкінішті нәрсе – мемлекеттік бағ­дарламаға қазақ хандығының ас­та­насы болған, қазақ хандары жерленген әйгілі Сарайшық қала­сы­ның енбей қалуы. «Жібек жолы­ның тарихи орталықтарын қайта өркендету...» мемлекеттік бағдар­ламасы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламаның бас­тауында тұр­ды деуге болады. Ең бол­ма­ғанда соңғы бағдарлама бойын­ша жыл сайын Жайық өзені ша­йып кетіп жатқан бірегей тарихи қаланың орнына, оны консервациялау және реставрациялау ісіне Үкімет наза­ры ауады деп үміттенеміз. 2010 жылы тарих ғылым­да­ры­ның кандидаты Р.Х.Сариеваның жетекшілігімен «Жібек жолы­ның» тарихи орталықтарын қайта өркендету...» мемлекеттік бағда­р­ламасын орындауға байланысты атқарылған істер, мемлекеттік құ­рылымдар мен қоғамдық ұйым­дардың қызметі көрініс тапқан құжаттар жинағы жарық көрді. Оған Қазақстан Республикасы Ұлт­тық мұрағатында сақталған 92 құжат енген. Жинақ архео­графиялық талаптарды сақтай отырып, ыждағатты дайындалған, кіріспемен, пайдаланылған мұра­ғат қорларының тізімімен, есімдер және географиялық көрсет­кіш­термен жабдықталған. Жинақ бір ғана Президент Жарлығының орындалуын баяндап берген отандық тарихна­ма­мыздағы бірегей басылым болып табылады. Ол халқы­мыздың тарихи тамырларын, басқа ел-жұртпен байланыс­тары­мызды зерттеуге қо­мақты үлес қосады. Көшім Есмағамбетов, тарих ғылымдарының докторы, профессор.