Ал Еңбекшіқазақ ауданы, Қазақстан ауылында тұратын білім беру ісінің үздігі, сексеннен асқан зейнеткер қария Едіге Сапаевты тыңдасаңыз, ол кісінің пікірі мүлдем бөлек. Достыққа шүбәсіз сенеді. Неге? Ендеше, оның себебін өзі айтсын.
– Меніңше, нағыз достар кеше де болған, бүгін де бар. Оның куәсі мына мен, өзіммін. Егер, тағдыр маған Тұманбай Молдағалиевті жолықтырмағанда, кім біледі, достық дейтін ұлы сезімнің құнын дәл осы тұрғыда бағалай алмас та едім.
Шын достық жан тазалығында ғана өркен жаяды. Тұмашым жазған мына бір сөйлемдерге назар салып қараңызшы. «Өмірде біздің кінәмізден ешкім жылап көрген жоқ. Біз тек қиянатсыз әлемді аңсадық. Екеуміздің бірімізге біріміздің сенгенімізге, малымызды қосып бірге айдағанымызға, жанымызды қосып жібергенімізге жарты ғасыр болған екен», дейді ақын өткен күнге арнаған естелігінде. Міне, оның көңіл пәктігін паш ететін дәлел.
Нағыз достық сирек кездеседі. Тот баспайтын асыл секілді қымбат. Ең ғажабы, ол кез келгеннің пешенесіне бұйырмаған. Өмірлік тәжірибемде мен осы қағиданы қапысыз ұқтым, – деді Едіге аға ойланып.
Олар – Тұманбай мен Едіге, 1948 жылы 1 қыркүйекте Есік қаласындағы мектеп-интернаттың ауласында танысыпты. Әңгімелері де тез жарасқан. Себебі, екеуі де жетімдіктің зарын кешкен жарым көңіл қарасирақтар. Өңірлері де, өмірлері де ұқсас. Туған ауылдары бір-бірінен қашық емес. «Қазатком» мен «Қазақстанның» арасы ат шаптырым жер ғана.
Армандары қабысып, талғамдары табысқан. Кейде мұндай жақындық бір құрсақтан туған бауырларда да кездеспейді. Екеуінің арасында балаға тән алақұйын мінездер, қызғаныш пен өкпелесу, өктемдік пен өзімшілдік ешқашан да болмаған екен. Сондықтан сыныптастары тұрмақ, бүкіл мектеп оқушылары оларды «егіздер» деп атапты.
– Сынып жетекшіміз Фрида Янке деген апайымыз Тұмашты өте жақсы көрді. Келешегінен үлкен үміт күтті. Мектеп бітіру кешінде: «Тұманбай, сен бұдан кейін қайда оқығың келеді?» деп сұрағаны бар. «Бағымды әдебиет маңынан іздеймін, апай», – деді ол. «Ал сен ше, Сапаев?» – деп мұғалім маған бұрылды. «Мен бе, мен Тұманбайдан қалмаймын», – дедім.
Құдай аузыма салды ма, алдағы күндеріміз тура осылай өтті. Біз тағы да бір бөлменің тұрғыны атандық. КазМУ-дың филология факультетін бірге бітірдік, – деді Едіге аға жастық шақтың бір сәттерін еске түсіріп.
Мынандай да қызық жағдай болған екен. Жігіттер қыз таңдайтын кезге жетеді. Ұнатқан құрбыларына көңілдерін білдіріп, хат өрнектелуі керек. Олардың ойынша махаббат сөзі тек өлеңмен жолдануы керек сияқты еді. Оны орындайтын ақын бар, ол – Тұманбай.
Кезегі келгенде: «Сен кімді қалайсың?», – дейді Едіге досына. Сонда досы өзі сұлу, өзі өнерпаз, өзі оқу озаты Т-ның есімін атаған. Бұған Тұманбай да қуанады. Едігенің қолын құшырлана қысады. Сондағы жасырынып қалған бір сезімнің құпиясы 50 жылдан кейін ғана ашылған.
– Тұмаштың естелігін оқып отырып бетімнің ду ете түскені. «Шынында да ол мектептің жұлдызы еді. Мен де ол қызды жақсы көрдім. Сүйдім. Бірақ, сен бірінші болып атаған соң, таласып қайтейін. Ол қыз сенің болашақ жарың болуға тиісті деген шешімге келдім», – деп жазыпты.
Қайран, асыл Тұмашым! Жүрегіндегі сүйіспеншілігін амалсыз жасырған екен. Маған бола сезімін өз қолымен тұншықтырыпты. Егер, сол кезде осы жайдың шет жағасын ғана білдіргенде ғой, оларға өмірлік бақытты мен тілейтін едім. Алайда, бұл дүниеде Тұманбай үшін достықтан қымбат еш нәрсе болған емес, – дейді біздің кейіпкеріміз.
Тұманбай мен Едіге интернат ауласында қалай табысса, сол күйлерін өзгертпей жетпістен асты. Сыйластықтарына сызат түскен жоқ. Бұл жайға әрі таңғаласың, әрі сүйінесің. Атақ та, даңқ та ақынды алдандыра алмады. Ұлық болған сайын кішік болды. Едігенің табанына кірген тікен Тұманбайдың жүрегіне қадалған. Бірге күлді, бірге қуанды. Есімін ел білетін үлкен қаламгер Едігенің қасына келгенде қарапайым адамға айналатын. Тіпті оның көмекшісі сияқтанып елпілдеп жүргенін көргендер бұған түсіне алмай, еріксіз бас шайқайтын.
– Көкшетауда қызметте жүрген үлкен ұлым үйленетін болды. Сондағы құда түсу рәсімдерінің бәрін Тұмаш өз мойнына алды. Ақын жүрегіндегі шаттық оның көзінен нұр болып шашылатын.
Сонымен, біз құдалыққа бардық. «Тұманбай Молдағалиев келе жатыр», деген сөздің өзі-ақ көкшетаулықтарды елең еткізді. Бізді әуежайда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Қасым Тәукеновтің өзі күтіп алды. «Тұмеке, ғафу етіңіз, шұғыл жұмыстармен Мәскеуге ұшатын болдым. Мынау – мінетін көліктеріңіз, мына жігіт – менің көмекшім. Бәрі қарауларыңызда болады», деді ақынды ардақтаған қайраткер азамат.
Сонда бақыттан басым айналды. «Шүкір, – деймін қуанып. Кешегі екі жетім енді, міне, облыс басшысының көлігімен келе жатырмыз. Сен бұған жеттің, Тұмаш. Сенің жеткенің – менің жеткенім», дедім ерекше толқып. Біздің өмірімізде мұндай мысалдар өте көп еді, дейді ағамыз досының суретіне елжірей қарап.
Екеуінің арасындағы әзілдердің өзі қазақы қалжыңның сүйкімді үлгісіндей еді. Бірде Көкшетаудағы ақын Еркеш Ибраһим әйелімен Алматыға келеді. Тұманбай інісін қарсы алып, қонақ етеді. Туыстай болған ағасын барын салып күтеді. Үш күн өткен соң олар қаладан сыртқа шығып, біраз ел аралауды жөн көреді. Бағыттары – Жаңашар ауылы. Себебі, онда Едігенің үйі, берекелі дастарқаны бар.
Хабар бермей келсе де Едігенің жары Әнипаш отағасының жоқтығын білдірмейді. «Едіге қазір келеді», деп бәрін дайындайды. Қой да сойылады, шай да қайнайды. Қуырдақ та піседі. Бірақ, бір нәрсені күткен Тұманбай үлкен қонақты үйдегілерге әлі таныстырмаған еді.
Жадыраған көңілмен жақсы әңгіме бастала бергенде, үйге Едігенің кішкентай ұлының кіріп келгені. Ойнап жүріп байқамапты, іш киімін дымдап алған екен. Сол кезде манадан бері сыпайы отырған Әнипаш басын тік көтереді.
– Әй, Еркеш! – дейді. Зірк еткізіп атын атағанда үлкен ақын селк ете түседі. Әнипаш сөзді ары қарай жалғайды. «Әй, Еркеш, дереу бұтыңдағы шалбарыңды шеш!» – дейді. Мынандай бұйрықты естігенде қонақтың көзі атыздай болады. Тұманбай мен Күлтай болса іштерін басып шиқылдап, көздерінен су аққанша күледі. Бұл оқиғаның мәнісін түсінбеген үш адам. Олар – ақын Еркеш, ол кісінің әйелі Ақыл және қонақ күтуші Әнипаш еді.
– Кешіріңіздер, бұл үйде де бір Еркеш бар. Соның өсіп жатқанын сіздерге ескертпеппін, – дейді Тұманбай езуін әрең жиып.
– Оқасы жоқ. Келін айналайын, сен сабыр ет, қысылма! Тіпті соған әуре болмашы. Кәне, киімді маған бер. Еркештің шалбарын Еркеш ауыстырсын, – деген екен қонақ ақын.
– Тұмаш жыр жазған кезде ең алдымен өзінің жақсы көретін адамдарымен үнсіз сырласатын секілді. «Есіңде ме, Едіге», – дегендей, олармен бір ақылдасып барып даңғыл жолға түсе ме деп ойлаймын. Санап отырсам, маған арнап 104 өлең шығарыпты. 104 өлең дегеніңіз кішігірім бір жинақ. Бұл өзі қызық құбылыс. Оның біз білмейтін өзіндік құпиялары бар. Оны келешекте әдебиет зерттеушілері ашатын шығар.
Едіге аға әңгімесін ары қарай сабақтады.
– Солардың ішінде мен үшін әнін композитор Сейдолла Бәйтереков жазған «Жан досым» дейтін шығарманың жөні бөлек. Әнді ең алдымен Ермек Серкебаев орындады. Қалың жұрт сүйіп тыңдады. Достықты ту еткен жандардың көңілінен шықты.
Бұл туралы менен гөрі Тұмаштың өз сөзі әлдеқайда әсерлі. 2008 жылы 19 ақпанда «Айқын» газетіне сұхбат берген. Енді соны оқып көрелік. «Өмірдегі қуанышым үшін, бақытым мен амандығым үшін досыма қарыздармын деп ойлаймын. Оның адамдарды жақсы көруі, аялауы ешкімге ұқсамайды. Сол үшін де мен Едігені өте жақсы көрдім. Оның адалдығын, аппақ көңілін, қиянат жасай алмайтын қылығын өзіме үлгі тұтамын. Сейдолланың шығарған әніндегі өлеңді мен Едіге досыма арнадым», – депті.
Егер осындағы Едіге деген сөзді Тұманбай деп өзгертсек, бұл менің де оған айтқаным болып шығады. Тұмаш – өмірбаянымның бір бөлшегі тәрізді. Кейде жаным құлазып жалғызсыраймын. Алайда, жазмышқа не шара?! Бұл күндері қолымнан Тұмашымның кітаптары түспейді.
Уақыт алға қарай жылжып барады. Өмір – өзен тоқтаусыз ағып жатыр. Әлі-ақ жыр сарайын жаңғыртатын талай жампоздар дүниеге келеді. Алайда, достықты ту етіп көтерген Тұманбай Молдағалиевтай ақын бір ғасырда бір-ақ рет туатын шығар, – деп ардагер аға, қадірлі қария Едіге Сапаев әңгімесін аяқтады.
Осындай асыл достардың болғанына және бола беретініне біз де сендік. Ұлы сезімнің алдында басымызды иіп тағзым етуге тура келді.
Болат МӘЖИТ,
журналист
Алматы облысы
Суреттерде: балалық шақтан бір белгі; көп жыл өткен соң.