22 Сәуір, 2011

Саграда Фамилиа

580 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Әлемге әйгілі сәулет ескерткіші

Не боп барамыз өзі? Кейде өз ойыңнан өзің шошисың. Осыдан екі күн бұрын үйге кіргенім сол еді, табалдырықтан аттай бере жолдасымның: «Саграда Фамилианы естідің бе?», дегені. «Қой­шы?!», деппін бірден. «Өрт шығыпты, сөндіріпті, теледидардан көрсетті». «Өз ойыңнан өзің шошисың» дегенім, шынын айтқанда, әуелде лаңкестер соборды жарып жіберген бе деп қалып едім. Осындай заман болып тұр ғой. Саграда Фамилиа – Барселонадағы атақты собор. 20 сәуір күні сол жерде собор ішінде темекі тартқан біреудің кесірінен өрт тұтанып, бас-аяғы 45 минөттің ішінде бүкіл базилика отқа ораныпты, 1700 адам тез арада сыртқа шығарылыпты. Интернет сайттары жылына 2 миллионнан астам турист келетін бірегей ғимаратқа қатты нұқсан келген деп жазып жатыр. Айтқандай, жолдасымның Барселонадағы соборға алаңдап жүргенінің жайы былай. Осыдан бес жыл бұрын Астанадағы оқушылар сарайының «Боталар» хоры Испаниядағы конкурсқа қатысып, Гран-при жүлдесін жеңіп алып қайтқан. Балалармен бірге барған бірнеше ата-ананың арасында жолдасым да болып еді. Сапардан алған әсерін іле-шала шағын мақала етіп «Казахстанская правдаға» жазғаны да бар. Сәрсенбідегі сол жайсыз оқиғаның ойға қозғау салғаны. Алдымен осыдан үш жылдай бұрынғы журналистік сапарда көргендеріміз көз алдымызға көлбеңдеп келе берді. 2008 жылдың қарашасында Испа­нияның Валенсия қаласында НАТО-ның Парламенттік Ассамблея­сы­ның сессиясы өткен, оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев қатысып, сөз сөйлеген. Сессия жайында біз газеттің 18-19 қараша күндердегі нөмірлерінде жазғанбыз. Мемлекеттік хатшы сапарының соңғы күнінде бағдарламалық іс-шаралар онша көп еместігін, Қанат Бекмырзаұлы негізінен бейресми сипатта кездесулер өткізетінін білгеннен кейін-ақ көңіліміз Барселонаға барып қайтуға ауа берді. Осыдан тұп-тура жиырма екі жыл бұрын, 1989 жыл­дың ерте көктемінде Испанияға алғаш рет жолымыз түскен  – сол мемлекеттегі совет мәдениеті күндеріне қатысқан Қазақ ССР делегациясының құрамында  елдің сегіз қаласын аралап қайтқанбыз. Күні кеше арамыздан кеткен Қадыр Мырзалиевпен бірге жүріп, бірге тұ­рып, әбден әңгімелескенбіз. Сол Валенсияға барғанымызда Қаде­кең­нің: «Ойпырмай, Испанияда жарты ай жүріп, түбіне келіп тұрып Барселонаны көрмей қайтатыны­мыз ұят болды-ау. Шіркін, Дон Кихоттың Санчо Панса екеуі Барселонаға баратын жолын бір көрсек қой», дегені есімде қалыпты. Қысқасы, түн ортасында тұрып алып, Валенсия вокзалына ба­рып, Барселона қайдасың деп тарттық та кеттік. Таң жаңа ат­қан­да жеткен қаланы түнге дейін аралап, пойызбен түнделетіп Валенсияға оралдық. Енді, міне, сол сапарда көргендерімізді, сезгендерімізді, ойға түйгендерімізді екшеп,  Испания, Барселона, Саграда Фамилиа, Антонио Гауди жөнінде қолда бар кітаптарды, альбом­дар­ды қайта ақтарып, Интернеттен табыл­ған материалдарды қоса оқып, әлемге әйгілі ғимарат жайында жазуға бекініп отырмыз. Әуелде қаланы тұтас қамти әңгімелесек пе деген де ой болып еді. Салқын сабырға салып қарасақ, Бар­се­лонаның тарихы, бөлекше каталондық рухы, баскілік бітімі, атақ­ты порты, Грасия ауданы, Каталония алаңы, Монжуик қырқасы, Гуэль паркі, Педральбес монастырі, Олимпиялық  деревнясы (айтқандай, ХХ ғасырдағы ең тамаша Олимпиада Барселонада өткен деп саналады), «Барселона» футбол клубының стадионы, Пикассоның, Далидің музей-үйлері, сардана биі сияқты көзден де, көңілден де кетпейтін сұлу суреттерін бір мақалада қоса қамту қиын екенін көреміз. Оны айтасыз, біз бұл жолы ұлы сәулетші Антонио Гаудидің сол Барселонадағы бірегей ғимараттарын да түгел әңгіме етпек емеспіз. Оның үстіне тас тілімен жыр жазған ұлы шебердің Висенс үйі, «Наз» үйі, Гуэль сарайы, епископ сарайы, Кальвет үйі, Гуэль паркі, Батло үйі сияқты ғажайып ғимарат­тарының бірін көріп, бірін көріп үлгермей қайтқанымыз да бар. Ал мына мақалада сөз болатын соборда жарты күн бойы жүріп, аяқ талғанша аралағанбыз. Сауытбек АБДРАХМАНОВ. Қала боп аталғанының өзіне екі жарым мың жылға жуықтаған Барселонаның та­рихына терең бойламағанмен, біз сөз ететін ғимарат, оның сәулетшісі жайында біршама түсінік қалыптастыру үшін қаланың кейінгі ғасырлардағы шежіресін шола кеткен артықтық етпес. Испанияның жүздеген жыл­дар  бойы христиандық және мұсылмандық мәдениеттің айқасқан алаңына айналғаны, Гарраф тауы екі діннің өзіндік бір шекарасы болғаны, діндестеріміздің Андалузияда, Кордовада сәулет өнерінің ұлы ескерткіштерін тұрғызғаны (олардың бірі – Альгамбра жө­нінде жақында, 19 қаңтарда біздің газетте Сейфолла Шайынғазы жазды), арабтардың 716 жылы осы Барселонаны да басып алып, бұл жерден 801 жылы кеткені белгілі. Зерттеу­шілер, әсіресе, Антонио Гауди шығар­ма­шы­лығына «Гауди – тореадор искусства» атты тамаша кітап (М., «Эксмо-пресс», 2002) арнаған Гиз Ван Хенсберген сәулетші өнеріне мавританиялық архитектураның өзіндік ық­палын терістемейді. Әйтсе де шын ұлыларға, нағыз данышпандарға сыртқы әсердің рөлі, тегінде, онша үлкен бола бермейтінін де ескерген жөн. Каталонияға басы бүтін беріліп, туған жерін есі кете сүйген Гауди 74 жыл жасаған өмірінде атымен  сыртқа шықпаған деуге де келеді, тіпті 1910 жылы өзінің Париждегі көрмесіне де қатыспаған, оның сыртқа жасаған жалғыз сапары – Марокко мен Андалузияға  баруы. Гауди өрнегіне готика, неоготика, мавританиялық стиль, модерн қатар әсер етті дегеннің өзінде, бұл арналар­дың бәрі оның қиял қазанында қорытылып барып, ешкімге ұқсамайтын, қайран қалды­рар­лық конструкциялар құрағанын айтпау тағы жөнсіз. Тегінде, Гаудидің ізашары да, із­басары да жоқ деуге болады. Тіпті оны басқа бір сәулетшілермен салыстыра сөйлеген сөз саптауын да сирек кездестіресіз арнаулы әде­биеттен. Архитектурада Гауди мектебі қалыптаспағаны рас, оның басты себебі ұлы шеберге еліктеудің өзі оңай еместігінде, бірақ сәулет өнерінде шабыт көзін жанды таби­ғаттың өзінен көретін жол, нақты айтқанда – кеңістіктегі геометрия құралдары арқылы сәулетшілікте төл тілін табуға тырысатындар үшін Гауди үйренерлік үздік үлгі екендігі талас тудырмайды. 1852 жылы дүниеге келген Антонио Гауди-и-Корнет – Каталонияның төл тумасы. Біз сөз еткелі отырған Саграда Фамилиа (La Sagrada Familia – Киелі Отбасы) соборына кірісерден бұрын-ақ ол кең танылған, кәсіби ортада әбден мойындалған сәулетші еді. Барселонаға барған турист атаулы бір соқпай кетпейтін керемет үйлердің бірі – Каса Висенс үйі сол кезде тұрғызылған. Киелі Отбасы құрметіне собор тұрғызу идеясы әуелде барселоналық кітап сатушы Жозеп Мария Бокабельидің ойына келеді. Киелі Отбасы храмын тұрғызу сол кездегі Каталонияның  әлеуметтік, саяси, мәдени болмысынан туын­даған рухани сұраныс еді. Каталон қауымы әлемдегі өзгерістерді зер сала қадағалай жүріп, өздерінің халықтық бірегейлігін қал­пына келтіру қадамдарына кірісіп жатқан кез болатын. Осындай тұста халық үшін салы­нып, халықтың өзі салған собор құрылысы басталған. Киелі Отбасы соборы әуелден жұртшылықтың садақа ақшасына тұрғызыл­ған, әлі күнге дейінгі жұмысының бәрі сада­қа­ның арқасында атқарылып келеді. Соны­мен, собор идеясының иесі бір күні түс көреді. Түсінде болашақ храмды тұрғызу көкпеңбек көзді, бойы орташадан аласа жігітке тапсырылған екен. Ертеңінде қала құры­лысы мәселелерімен айналысатын кеңсеге барса, алдынан дәл түнде түсінде көрген адам шыға келеді. Ол – 31 жастағы архитектор Антонио Гауди болатын. Саграда Фамилиа – Гауди өнерінің шыңы. Бұлай деп айту да аздық етеді. Саграда Фамилиа – Гауди өмірінің бар мәні. Гете «Фаусты» қалай жазса, Гауди де өз соборын солай тұр­ғызған дей аламыз.  Осынау ұлы туындысына ол өмірінің қырық жыл­дан астам уақытын ар­наған, соның ішінде кейінгі 12 жылда (1914-1926) басқа тапсырыс, ұсыныс атаулының бәрін жиып қойып жұмыс істеген, тіпті кейінгі кезде са­лынып жатқан ғима­раттың ішіне көшіп кіріп алыпты. Гауди – отбасын құрмай, перзентсіз өткен, өзгелерге арнап қанша үй салса да өзіне жеке баспана бұйырмаған адам. Бұдан Гауди кедейлікпен өткен кісі деген ұғым тумайды. Ол өзінің жер бетіндегі мессиясын бас­қаша ұғынған. Саграда Фамилиа құрылысы бітпей қалғаны белгілі. Өзі­нің көзі тірісінде бітпейтінін Гаудидің өзі де білген екен. «Бұл ғима­рат­тың Қожайыны асық­пай­ды», деген сөзді айтқанда Гауди Жаратқанның тап­сырмасын орындап, амана­тын ақтап жүргенін аңғартқаны анық. Біз жоғарыда атап өткен «Гауди – тореадор искусства» кітабында Гауди жөнінде тіпті «работает в диалоге с Богом...» (387-бет) деген сөз де бар. Осы арада мына жайды да ескерте кетуге болар еді. Гауди – бүкіл Испа­нияны білмедік, Барселона үшін ең қасиетті тұл­ға. Бары­мыз да, нарымыз да Гауди, деп сөйлейді ката­лон­дықтар. 1998 жыл­дан бері ұлы испан архитекторын әулиелер қатарына (лик святых) қосуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Содан бері шешілмейтін ол не қылған мәселе деп қалмаңыз. Тәртіп солай. Адамды әулие кісі деп тану  Батыс әлемінде ондаған жылдар бойы қарала береді. Асығатын ештеңе жоқ. Кетер адам кетті. Енді күмәнді шешім қабылдап қоюға болмайды. Әулие атануға қаралатын адамның өмірі сол ондаған жылдар бойы егжей-тегжейлі тексеріле береді, тексеріле береді, барлық деректер жиналады, барлық деректер тексеріледі. Бір жерде болмаса бір жерде пендеге тән кемшілікке жол берген болса ол адам әулие атана алмайды. Бұрынғысындай құрметтеле беруі мүмкін. Католик дінін ұстанатындар үшін биіктік – бөлекше категория. 69 метрлік Нотр-Дам, 110 метрлік Қасиетті Павел соборы, 137 метрлік Қасиетті Петр базиликасы, 157 метрлік Кельн соборы сияқты ғимараттар Жаратқанға жақындаудың жолын іздеуден тұрғызылған. Гауди жобасы бойынша Киелі Отбасы соборы алып ауқымымен де (ұзындығы – 94 метр, ені – 60 метр), асқақ тұрқымен де (биіктігі – 170 метр) бір көрген жанға Құдай құдіретін сезіндіріп тұруға тиіс еді. Ғимараттың қаланың кез келген жерінен көрінуін былай қойғанда, теңіз айдынында жүзіп келе жатқан кемелерге бейне бір шамшырақ сияқты әсер етуі де ойластырылған болатын. Дегенмен, Гауди тұр­ғызған храмды идеал, яғни мұрат тұтар­лық, аңсарға айналдырарлық храм санат­қы­затын қымбат қасиет оның ауқымы да, биіктігі де емес. Антонио Гауди храм ансамблінің ең басты мақсатқа – литургия рәсімдерін өткізуге мінсіз  қызмет етуін алдымен қамдаған. Бұл үшін ол өзі ойлап тапқан ең жаңа архитектуралық және көркемдік шешімдердің діни ғибадат тәжірибесімен үйлесімді шығуына қатты күш салған. Киелі Отбасы соборының сәулет өнерінің жауһар туындысы ретінде талассыз танылатынын айтудың өзі артық. Мәскеудің «Вече» баспасы шығарған «100 великих чудес света» кітабынан да Саграда Фамилиаға арналған бірнеше бетті табасыз. «Самые красивые и знаменитые храмы, монастыри» кітабы (М., «Аванта», 2005) бұл ғимаратты «самое значительное и невероятное сооружение ХХ века» деп бағалайды. Мұның сыры, біздіңше, Гауди ғимара­ты­ның өнер туындысы ауқымынан асып, өмір­дің өзіне айналған өзгеше қасиетінде. Гауди соборды Жаңа Өсиеттің архитектуралық баяны, тастағы уағыз ретінде өріп шыққан. Көптеген кітаптарда Гауди туындысының мис­тикалық сипаты атап айтылады. Шынын­да да, Барселона соборы қолдан тұрғызыл­мағандай, осы күйінде жерді жарып, әлде бір жанартаулық сілкіністен атылған күйінде тас болып қатып қалғандай әсер етеді. Ондай ойға  Саграда Фамилианың құмырсқаның илеуін­дей немесе баланың теңіз жағасында ойнап жүріп, дымқыл құмды суын сорға­латып үйе салғанындай көрінетін сырт суреті де бейімдей береді. Саграда Фамилиа жаңа бой көтере бастағанда қала жұрты: «Ойбай, мынау не пәле?! Осындай шіркеу бола ма екен? Құмырсқаның илеуі ме, тас сүңгі ме, немене?» деп шуласып кеткен екен. Бүкіл собор архитектор Антонио Гаудидің өзін кәдімгі кейінгі кездің Нұқ пайғамбарындай көзге елестетеді. Нұқ пайғамбар топан судан құт­қаратын кемеге кеудесінде жаны бар жануар, аң-құс пен жәндіктердің  бәрін жұп-жұбымен мінгізді делінсе, Гауди соборында жан-жануарға қоса өсімдіктің түрлері де орын тапқан. Саграда Фамилианың қасбетіндегі (фасад) тасқа өріліп жіберілген мақұлық пен өсімдіктің арасында не жоқ дейсіз. Жы­ла­ныңыз да, кесірткеңіз де, итіңіз де, қарлығашыңыз да, тасбақаңыз да, құр­бақаңыз да, ұлуыңыз да, тауығыңыз да, қойыңыз да, бәрі тасқа жабысып алып, өріп жүр, тастан пыр етіп ұшқалы тұр, бақ­бақ, қамыс, қырыққұлақ, раушан, зәйтүн, анар, оша­ған, жүгері, бидай, жүзім, алма дейсіз бе, бәрі өсіп, бәрі пісіп тұр. Собор мұнараларының бидай сабағы күйінде жасал­ға­ны­ның әсері сондай, жаң­быр жақсылап жауып берсе, Саграда Фамилиа көк­теп, өсіп-өніп, биіктеп кететіндей әсер қалдырады. Гаудидің мен шеберха­нам­ның жанында өсіп тұрған ағаштан үйренемін деген сөзі бар екен. Сәу­летші храм күмбездерін кәдімгі пальма жапырақ­та­рына айналдырып жіберген. Рождество қасбетінің бірнеше діңмаңдайшасы (портик) бар. Біз Барселонадан ала қайтқан бейнедискіден қайталай көрге­ні­мізде  Үміт, Сенім, Мейірім діңмаңдайша­ларын­дағы мүсіндік компози­ция­лардың әсері ерекше екеніне тағы көзіміз жете түсті. Осының бәрі адам қо­лы­мен жасалған, бір оқыс қи­мыл жасасаңыз қайтадан қалпына келмейтін мате­риалға – тасқа қашалған де­генге сену қиын. Гау­ди­дің тапсы­рысы­мен жасал­ған скульп­туралық бейнелер­дің  психо­ло­гия­лық наным­дылығы қайран қалдырады. Олар­дың бәрі де натурадан көшірілген. Ирод пат­ша­ның әмірімен өлтірілген нәрестелердің аза­бын дәл бейнелеу үшін Гауди ауруханада жаңа ғана жан тапсырған сәбилердің бет жү­зі­нен гипс маскалар жасауға дейін барған екен. Әрине, Гауди жауһарының ең кереметі – Рождество қасбеті. Ондағы Үміт, Сенім, Мейірім бетше босағаларының (порталдар) әрқайсысында Христос өмірінің аса маңызды сәттері бейнеленген. Мұндағы кез келген деталь Христос ұлылығын дәріптеуге қызмет етіп тұр. Мына криптограммаға бір сәт көз салыңызшы.
1 14 14 4
11 7 6 9
8 10 10 5
13 2 3 15
Не байқайсыз? Төрт қатарда 16 сан бар. Осы 16 сан әртүрлі қиыстырудың бәрінде де тек бір санды – 33 санын шығарады екен. Ал 33 Христостың өмір сүрген жасы екенін білесіз. Орыстар сол жасты «возраст Христа» деп сөйлейді. Собордың қай тұсына қарасаңыз да құ­жынаған тіршілік, қайнаған өмір. Солар­дың бәрінің ортасы, ордасы – Адам. Мария қыздың Иисусты дүниеге әкелуінен бастап, Ии­сустың Ирод жаугерлерінің қолынан өлмеуі үшін Киелі Отбасының Египетке қашуы сияқты дін тарихынан аздап та болса хабардар әрбір адамға әсерлі сәттердің та­лайы тасқа көшіп тұр. Төменгі деңгейде орналасқан әр сцена өнердің өзгеше үлгісі. Құпиялы кешкі кеңес (Христос «Сендердің араларыңдағы біреу мені сатып кетеді» деген сөзді сол жерде айтқан), апостол Петрдің Христосты ұстап алуға кедергі келтіруге тырысуы, Иуданың Христосты сүюі (ол осы әрекетімен кімді тұтқындау керектігін көрсеткен), Пилат соты сияқты мүсіндік композициялар бөлек-бөлек тұрса да дара туынды бола алар еді. Осының бәрі тұлға мен тобыр туралы талай-талай ойға қалдырады. Саграда Фамилианың жарықтандырылуы, соған байланысты шешімдер – Гауди ұлылы­ғының даусыз айғағы. Сәулетші собордың жарығын көркемдік әсерді күшейту және храмның мистикалық рухын бадырайтып көр­сету үшін керемет пайдаланған. Төбедегі астаукеңістіктерден (неф), бұрыш-бұрыштағы қуыстардан түскен жарықтан қашып бара жатқан, ұшып бара жатқан жәндіктер мен құстарды көргенде төбе құйқамыз шымырлап кетті! Кей тұста қабырғаға жабысып, өріліп тұрған жылан опырылып түсіп, мойныңызға оратылатындай күй кешесіз. Кей тұста тасқа өрілген жүзімді жұлып алып, ауызға сал­ғы­ңыз келгендей. Ғажап әсер. Тасқа тіл бітіру де­ген осындай болмағанда қандай болсын енді. Әрине, біз Саграда Фамилиа соборының сұлулығын дәл сол діннің адамдарындай сезіне алмаспыз. Храм мұнараларындағы Матвей, Марк, Лука, Иоанн деген інжілшілердің, Кіші Иаков, Варфоломей, Фома, Филипп, Андрей, Петр, Павел, Үлкен Иаков, Матфий, Иуда, Симон, Варнава деген апостолдардың орналасу ретін білмеуіміз, содан танымай жүруіміз де заңды. Әйтсе де, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай өсиетіне ден қойсақ, христиан дініндегі архитектура­ның, скульптураның алар орны бөлекше екенін, адамның дінге келуі, дінге сенуі, дінге енуі бәрінен бұрын сұлулық жолымен болғаны жөндігін айқын ұғынамыз. Қадыр ағамен әңгіме басында айтқан сапар кезінде Испанияның бұрынғы астанасы Толедоға барғанымыз еске түсіп отыр. Бір храмнан шыққан бетте Қадекең: «Адамдар Құдайға табынған дейміз, шын мәнінде Сұлулыққа табынған ғой», деп қалды. Бұл 1989 жыл болатын. Ол сөзді сол кездегі КПСС мүшесі Қадыр Мырзалиевтің айтқаны ғой дей салу жеңіл. Мәселе шынында да діннің өзі сұлулықтың тілімен түсіндірілсе санаға сіңім­дірек бола түсетінінде. Қарап отырсаңыз, дін ғимараттарының озық үлгілерінің бәрі де өнер мен ғылымға негізделген. Ғимараты – архитектура, мүсіндері  – скульптура, суреттері – бейнелеу өнері, хоры – вокал, литур­гиясы – акустика, киім киісі – дизайн, осылай кете береді. Араб әлеміне, түрік жұртына барғанда да мешіттерден өнердің  небір ғажап үлгілерін көріп сүйсінеміз. Тіпті модерндік үлгіде тұрғызылған мешіттерді де кездестіріп жүрміз. Осы тұрғыдан қарағанда біздегі жұрт жарысып салып жатқан мешіттердің де архитектурасы белгілі бір көркемдік екшеуден өтетін шығар, олардағы акустика ғылыми тұрғыдан негізделетін шығар, тіпті  төселетін кілемдердің түстік үйлесіміне дейін ойлас­тырылатын шығар деп сенгің келеді. Саграда Фамилиа соборының бітпей қал­ға­нын әңгіменің басында айттық. 1926 жылы Антонио Гаудиді кездейсоқ трамвай қағып кетеді де, үш күннен кейін 74 жасында ауруханада көз жұмады. Гаудидің собор құрылы­сы­ның жұмысына беріліп кеткені сондай, есін біл­меген күйде ауруханаға түскенде оны ешкім де тани алмапты. Бар өмірін Құдай құді­ре­тін көрсетуге арнаған ұлы сәулетші жұрт­тың арасына көп шығып, көзге де түсе бермеген екен. Бүгінде Лондонды Биг Бен мұнарасынсыз, Флоренцияны Санта Мария дель Фьюре соборынсыз, Парижді Эйфель мұнарасынсыз көзге елестете алмайтыныңыз сияқты, Бар­селонаны да Саграда Фамилиа соборынсыз көзге елестету мүмкін емес. Бүкіл христиан әлемінен Құдайдың құдіретін дәл мұндайлық сезіндіретін сәулет ескерткішін табу қиын. Сіз Барселонадағы бұл кереметті көргенде таспен жазылған Тәуратты оқып шыққандай әсерде боласыз.