Қоғам • 18 Наурыз, 2017

Президенттер еккен көшеттер

200 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Гүл-көктеммен бірге келген Ұлыстың ұлы күнінде ат шаптырып, той тойлап қана қоймай, есті ұрпаққа өнеге болатын игі шараларды өткізу де дәстүрге айналып келеді. Солардың бірі – ағаш отырғызу.

Президенттер еккен көшеттер

«Бір тал кессең – он тал ек» дегенді ес білгелі құлағына құйып өскен халық үшін оның тәлім-тәрбиелік мәні бөлек. Осы орайда, қарапайым халықты айтпағанда, елімізге келген шетелдік мәртебелі меймандардың өзінің тал отырғызуы дәстүрге айналғанын айта кету керек.

Елордаға ат басын тіреп, Ақордаға ат байлаған білдей бір мемлекеттің тізгінін ұстаған тұлғалары қолына күрек алып, Қазақстанмен арадағы ұзақ жылдарға созылатын достықтың дәнекері болсын деген игі ниетпен қазақ топырағына ағаш отырғызғанын көріп жүрміз. Астанадағы Отан-Ана монументінің іргесіндегі алаң­да президенттер отырғызған шырша ағаш­тары жайқалып тұрғаны соның бір ай­ғағындай.

Тяньшань шыршаларының түбіндегі тақтайшаларға көз жүгіртіп шықсаңыз, біздің елге келген мемлекет басшыларының толық емес тізімін осы жерден табарыңыз хақ. Елбасы Н.Назарбаев отырғызған шыр­шамен бір қатарда ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған, Әзербайжан басшысы Илхам Әлиев, Иор­дания Хашимит Корольдігінің королі Абдолла ІІ ибн Әл-Хуссейн, Ұлыб­ри­та­ния­ның экс-премьері Дэвид Кэмерон, Германияның экс-президенті Хорс Келер сынды мемлекет басшыларының шыршалары қаздай тізіліп тұр. Италия, Украина, Словакия, Өзбекстан, Хорватия, Словения, Греция, Мысыр, Оңтүстік Корея, Польша, Вьетнам, Түрікменстан, Моңғолия сынды мемлекеттер басшыларының аты-жөндері де ағаш тақтайшаларға жазулы тұр. Ұзын саны алпысқа жуықтайды.

Ертеректе келген президенттер шыр­ша­­ларының бұтақтары отау орнындай жерге қанат жайып, 8-9 метр­ге дейін бой тү­зеп қалыпты. «Кенже» көшеттер де олар­дан қалысар емес. ҚХР-дың бұрынғы тө­рағасы Ху Цзиньтао мен қазіргі төраға Си Цзиньпиннің де Астанаға келгеніне, шырша еккендеріне қарап, екі мемлекеттің арасындағы қатынастардың тарихы ертерек басталып, қазір де қанат жайып келе жатқанын білуге болады.

Шыршалар өскен алаң­қай­дың бір бұ­ры­шында «Астана кө­гал­дан­дыру құ­рыл­ысы» АҚ мамандары жаңа кө­­шетке орын әзір­леп жатыр екен. Жан­­дарына барып, аз-кем әңгімеге тарт­тық.
Қаланы кө­гал­­данд­ыру ме­ке­месінің белді қыз­­мет­керлері Ди­дар Тел­жанов пен Руслан Қабкеновке мемлекет басшыларына тал егуге қол­ға­быс жасау таңсық жұмыс емес. Бірақ жауапкершілігі көп жұ­мыс. Екеуі талай президентке жұмыс қолғабын кигізіп, күрегін әперіп, ағашқа су құйысқан. Қарапайым жігіттер оны айтып мақтанған жоқ, өзіміз суыртпақтап сұрап алдық.

– Шыршалар қаланың сыртындағы «Зе­ленстройдың» тәлімбағында күтіп-бап­талады,– дейді Руслан. – Түбіндегі то­пырағымен бірге қазып әкелеміз. Түбіне ты­ңайтқыш дәрілерін саламыз. Пре­зиденттер еккен ағаштардың еш­қай­сысы сол­ып қалған емес. Сапалы сұрыпталған, кү­тімі жақсы көшеттер ғой.

Руслан мен Дидардың қолында кө­шет­терге топырақ салатын, қызыл бар­қыт­пен қапталған «эксклюзив» күрек, пре­­зи­дент­тер­дің есімдері жазылатын тақ­тай­ша, су құя­тын ыдыс, басқа да керек-жа­рақтары салынған жәшік бар. Екеуі жұмыс қолғабын кигізіп, күректерін әперіп, қолғабыс жасаған. Дидардың айтуынша, күн жылынғаннан кейін ағаштарды аптасына екі мәрте суарып, топырағын қопсытып тұрады.

Отан-Ана монументінен бөлек, «Ата­мекен» этномемориалдық кешені жа­нын­дағы Тутөбенің етегінде де мәртебелі мей­ман­дар еккен шыршалар самсап тұр. Ресей Пре­­зиденті В.Путин, Қыр­ғыз­стан­ның экс-­президенті А.Ақаев, Тү­рік Ре­с­­пуб­ли­ка­сының бұрынғы пре­зи­денті С.Де­ми­рел, Украинаның бұ­рын­­ғы басшы­сы Л.Кучма сынды сая­сат­кер­лердің ізі қалған жер.
Жалпы, шет мемлекет басшылары басқа ағаш емес, тяньшань шыршасын егуінің өзінде бір мән жатқандай. Әсем­дігін, аңқыған хош иісін айтпағанда, бұл – үш ғасырдан астам уақыт жасайтын, діңі екі метрге, биіктігі ондаған метрге дейін жететін ағаш. Бір бой алып кетсе, табиғаттың қатал мінезіне, топырақтың тастағына қарамастан, өршеленіп өсе береді.
«Атадан мал қалғанша тал қалсын» де­ген қағида бар. Қанат жайған Аста­на­мен бірге, президенттер еккен кө­шет­­тер де жайқалып өсіп келеді. Бұл ағаш­тар Қазақ­станның басқа мемлекеттер­мен ара­да­­ғы берік байланысының, дос­ты­ғы­ның, бау­ыр­лас­тығының белгісі сияқты.

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан

Соңғы жаңалықтар