22 Сәуір, 2011

Ардагерлер құрылтайы ел бірлігі болды тек бұйымтайы

412 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ел бірлігі, жұрт тірлігі дегенде арды алға салып, бақ пен тақ кетсе де, намысты қор­ламайтын, ұлт ұраны, ұрпақ тұрағы, әр нәрсенің бар сұрағы деп, обал мен сауапты әркез биік қоятын қазақ­стан­дық ардагерлер елордада өзде­рі­нің кезекті VІ съезін өткізді. Съезд делегаттарына арнаған Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың құттықтауын Қазақ­стан Республикасы Президенті Әкім­ші­лігі Басшысының орын­басары Мәулен Әшімбаев оқып берді. Онда Елбасы: «Қымбатты соғыс ардагерлері мен тыл ең­бек­кер­лері! Сіздерді ардагерлер ұйы­мы­ның VІ съезінің ашы­луымен шын жүректен құт­тық­таймын! Ел басына күн туған қиын-қыс­тау жылдарда сіздер Отан үшін жан аямай соғысып, ерен еңбек еттіңіздер. Тәуелсіз Қа­зақстан же­тістіктері сол ең­бектеріңіздің жемісі! Біз оны жақсы білеміз және бағалаймыз. Тәуелсіздігі­міз­дің 20 жылы бой­ында аға бу­ынның әл-ауқа­тын арттыру мен оларға әлеу­меттік қолдау көрсету ісі мемле­кеті­міздің басым бағы­ты болып келеді. Болашақта да біз бұл жұ­мысты жалғастыратын боламыз. Әрбір ардагер қамқор­лық пен ыстық ықыласқа бө­ленуі тиіс. Сіздер әрдайым елі­міздің қо­ғамдық-саяси өміріне етене ара­ласып келесіздер. Мүм­кіндікті пайдаланып, сіздерге өткен сайлауда маған қолдау көр­сет­кен­деріңіз үшін шексіз риза­шылы­ғымды білдіремін. Бұл – біздің туған еліміздің өркендеуі мен халқымыздың бақыты жо­лын­­дағы ортақ жеңісіміз! Сіз­дердің бай тәжірибелеріңіз бен ақыл-парасаттарыңыз, ұлағатты өмір­лік ұстанымдарыңыз аса бағалы мұра саналады, оны өске­лең ұр­паққа аманаттау өте ма­ңызды. Бұл орайда мен сіздерге үлкен сенім артамын. Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі үшін жасампаз еңбегімізді бірге жал­ғастыратынымызға мен кәміл се­немін! Съезге қатысу­шы­­лар­дың баршасына сәттілік, зор ден­саулық және ұзақ өмір тілеймін!»,  деп ерекше ілтипат таны­тыпты. Мәртебелі меймандар ал­дын­да Ардагерлер орталық ке­ңе­сінің төрағасы Қайырбек Сү­лей­менов есепті баяндама жасап, 5 жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы айтты. Ол зейнеткерлер мен ардагерлер Прези­денттің ең белсенді де сенімді электораты болып табылаты­нын, олар әр­дайым Отаны­мыз­дағы тұрақ­тылыққа тұтқа болып жүргенін, мемлекетіміздің ішкі, сыртқы саясатын бірауыздан қол­дай­тынын жеткізді. Үкімет­пен және жергілікті атқарушы органдармен бірлікте жұмыс істеп отыр­ғанын, ардагерлердің зейнет­ақысы жыл сайын өсіп келе жатқанын тілге тиек етіп, өткен жылы биік дәрежеде ата­лып өткен жеңістің 65 жыл­ды­ғын тойлауға мемлекеттік бюджеттен 12 миллиард теңге қа­рас­тырылып, майдангерлердің бір шоғыры  пәтер алғанын, 3 мыңға жуық азаматтың үйлері күрделі жөндеуден өткенін жеткізді. Сол секілді ардагерлер ке­ңесінің бастамасымен комму­нал­дық қыз­меттердің төмен­де­ге­нін, оның ішінде Ақтөбе об­лы­сында тыл еңбеккерлеріне 50 пайыз жеңілдік жасалып отыр­ғанын, мұндай игі іс Оңтүстік Қа­зақстан, Қостанай облыста­рын­да да бар екенін нақты мы­салдармен дәйектеді. Әсіресе, ардагерлердің жастар тәрбиесіне ерекше мән беріп, ұлттық үлгіні баянды ету жо­лындағы еңбектеріне тоқтал­ды. Кешегі кеңес дәуіріндегі ком­сомол, пионер ұйымдары жұ­мысын тоқтатқаннан кейінгі бос кеңістік кезінде жіберіп ал­ған олқылықтардың орнын тол­тыру жолында атқарылған жұ­мыстарға мысал келтіре оты­рып, әлі де болса жастар тәр­биесіне ардагерлердің жете мән беруі қажеттігін атап өтті.  Мұ­нымен қатар, тыл еңбеккер­лері­не төленетін жәрдемақы соғыс ардагерлерінен жеті есе аз екенін, тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында зейнеткерлерге та­ғайындалған ақының мардым­сыз болып шыққанын, соғыстың алдында, майдандасып жатқан тұста өмірге келген «соғыс ба­лаларына» жеңілдік жасау жағы да назардан тыс қалмауы керек екенін көлденең тартты. Төраға Қызылорда облысындағы оң өз­герістерден дерек келтіріп, Шым­­кентте ардагерлерге ар­найы такси қызмет көрсететінін айтты. Съезде Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова ардагерлерге көрсетіліп отырған қамқорлықтарға тоқталып, со­ғысқа қатысқандарға дәрі тегін берілетінін, жалпы, емделуші­лер­дің құқығы қорғалатынын, мұны әр азамат талап етуіне бола­ты­нын айтса, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитет төрағасының орын­ба­са­ры Г.Тоқсейітова зейнетақының өсу қарқынына, әлеуметтік қам­қорлықтардың көрсетіліп жат­қа­нына, зейнеткерлердің демалы­сын ұйымдастыру жұмысы жүй­елі жолға қойылғанына, Жеңіс­тің 66 жылдығына қызу әзір­ліктің басталғанына нақты дәй­ек­тер келтірді. Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов: «Облысымыз­да 52 мыңдай ардагер болса, олар 670 бастауыш ұйымда есепте тұрады. Облыста бірде-бір саяси, экономикалық, әлеу­меттік, ірілі-ұсақты шаралар ардагерлердің белсенді қаты­суын­сыз өтпейді. Соңғы жыл­дары 1600 ардагердің шипажайларда демалуына мүм­кіндік жа­салды. 47 азаматымыз үй алса, Отан соғысы кезінде 6 айдан кем емес жұмыс істеген 6 мың еңбек ардагері комму­нал­дық төлемдерден босатылды. Өткен жылы елімізде бірінші бо­лып зейнеткерлер мен мүгедек­тер­ге қызмет көрсететін әлеумет­тік ор­талық ашылды. Онда ардагерлерімізге барлық жағдай жа­сал­­ған», деді. Ол 90-шы жылдар­дың ішінде сәтсіз тағайындалған министрдің кінәсінен 1 миллион 700 мың зейнеткердің еңбегі ескерілмей, заңсыз, әділетсіз, ретсіз, жүйесіз, жөнсіз, ешкімге де түсініксіз, ақылға қонбайтын зейнетақы тағайындалғанын ай­тып, соны қайта қарау қа­жеттігін ұсынды. Павлодар облысы, Качир ауда­ны ардагерлер кеңесінің төр­айымы Лидия Балютина ауыл жастарын отаншылдық рух­та тәрбиелеу мәселесін алға тартып, ардагерлер туралы заңның созы­лып кеткенін 1991-1997 жылда­ры зейнетақы тағайындау кезіндегі кеткен олқылықтардан әлі де еңбек өтіліне сай зейнетақы ала алмай жүрген қарттардың бар екенін еске салып, тылда еңбек еткен азаматтарға көңіл аудару  қажеттігін атап өтті. Алматы қаласы, Жетісу ауда­нының әкімі Ербол Әлімқұлов аудан көлемінде ардагерлерге көр­сетіліп жатқан ізет-ілтипат­ты нақты мысалдармен алға тарт­са, «Жас Отан» жастар қа­натының атқарушы хатшысы Нұрлан Өте­шов жастар мен ардагерлер ара­сын­дағы байланыс­ты тілге тиек етсе, Петропавл қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Кухарь да алда сөйлеген әріп­тесінің сөзіне қолдау көрсетіп, еңбек өтіліне қарай зейнетақы төлеу мәсе­лесін қозғады. Ал Қостанай қаласынан келген кәсіпкер, ардагерлерге ар­налған «Ата» атты қоғамдық қор­дың төрағасы Марат Қаб­дысалықов өзінің ардагерлерге жасап отырған оңды істері ту­ралы баяндады. Ол шағын дәмхана ашқанда оған екі ардагер өздерінің ақыл-кеңестерін беріпті. Кейін әл-ауқаты артқан тұста «Ардагер» клубын ұйым­дастырып, 2003 жылы «Ата» қоғамдық қорын құрыпты. Он­дағы мақсат біздің бүгінгі ты­ныс-тіршілігіміздің бастауында тұрған аға ұрпақтың өмірін зейнетке шыққанда жақсы ұй­ым­дастырып, материалдық, мо­ральдық тұрғыда жағдай жасау екен. Ардагерлер құрылтайында де­легаттар негізінен елдік мә­селені бірінші кезекке шығарды. Бүгінгі еліміздегі жарасымды өмір салтын алдағы уақытта да баянды етіп, жас ұрпақтың са­насына сіңіріп, ойына ұялату қажеттігі, бұған әр азамат өз үлесін қосуы керектігі атап көрсетілді. Алуан түрлі сұрақ­тарға Орталық кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов тиянақты жауап қайтарды. Заң туралы байламын тарата айтып, мәселе заңда емес, Елбасының қол­дауы­мен жасалып жатқан қамқор­лықта екенін жеткізді. Құрылтай соңында ардагерлер кеңесінің жаңа құрамы, есеп комиссиясы бекітіліп, төраға­лыққа Қайырбек Сүлейменов қайта сайланды. Сүлеймен МӘМЕТ. ------------------------------------ Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ