Саясат • 17 Наурыз, 2017

Сирия дағдарысын шешуге қосылған үлес

130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұған дейін хабарланғанындай, 14-15 наурыз күндері елордада Сирия мәселелері жөніндегі Астана процесінің жоғары деңгейдегі үшінші кездесуі өтті. Келіссөздерге атысты доғару режімі бойынша кепіл-мемлекеттер – Ресей, Түркия және Иран елдерінің делегациясы, сонымен қатар, БҰҰ, Иордания және Сирия үкіметінің өкілдері қатысты. Тараптар кездесуді ұйымдастырып, келісімдерге барлық жағдай жасалғаны үшін Елбасына алғыстарын білдірді.

Сирия дағдарысын шешуге қосылған үлес

Астана төрінде тараптар атысты доғару режімінің сақталу барысы, осы режім­нің бұзылуына мониторинг жасаудың үшжақты тетік­терін жетілдіру, бітімге қосыл­ған аймақтардағы ахуал, тұт­қын­дарға қатысты мәлі­меттер алмасу мәселелері, қару­ланған оппозиция мен терро­ристердің ара-жігін анық­тауды қам­та­масыз ету мәсе­лелері тал­қыланды. Сондай-ақ, ЮНЕСКО Дүниежүзілік мәдени мұра­ларының Сирия­дағы нысандарын минадан тазартуға халықаралық қоғам­дастықтың көмегі қажеттігі сөз болды.

Екі күнге созылған келіс­сөздер қорытындысы бойынша та­раптар бірлескен мәлімдеме қабылдады. Аталған құжатта тараптар өздерінің атысты до­ғару режімінің сақталуын қол­дайтындарын жеткізді. Олар БҰҰ аясындағы Женева келіссөздерін толықтырушы әрі нығайтушы ретінде Ас­та­на процесінің маңызы жо­ғары екенін айрықша атап көр­сетті. 23 наурызда Женева келіс­сөздерінің жалғасын табатынына ризашылықтарын білдірді.

Осы келіссөздер кезінде тараптар 3-4 мамырда Ас­тана­да келесі жоғары деңгей­дегі кез­десуді өткізуге және 18-19 сәуірде Тегеранда сарап­шы­лық деңгейдегі алдын ала кон­сультация өткізуге уағда­лас­ты. Елорда төрінде екі күнге созыл­ған келіссөздерге қа­тыс­қан та­раптар осы кездесуді ұйым­дас­тырғаны үшін Қазақ­стан Пре­зиденті мен ел Үкіме­тіне алғыс білдіргенін атап өткен жөн.

Еліміздің сыртқы саясат ведомствосы хабарлағандай, Қазақстан тарапы елордада өткен кездесуді Сирия дағ­дарысын саяси реттеу про­цесіне қосылған нақты үлес деп бағалады.

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар