Аймақтар • 17 Наурыз, 2017

ОҚО-да өндіріс нысандары кәсіпкерлерге 2 айға тегін беріледі

130 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен ОҚО Кәсіпкерлер палатасы және «Ордабасы» индустриалды аймағы бірлесіп, «Шымкент шина жасау зауыты» аумағындағы өндіріс нысандарында жаңа кәсіпорындар құру жобасын қолға алды.

ОҚО-да өндіріс нысандары кәсіпкерлерге 2 айға тегін беріледі

Нәтижесінде «Атамекен-Ордабасы» индустриалды паркі құрылып, кәсіпкерлерге бірқатар тегін қызметтер жиынтығы ұсынылады.  Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың индустриалды паркке жасаған сапары барысында белгілі болды.

Аймақ басшысы Кеңес дәуірінен қалған индустриялық алпауыттың аумағындағы нысандар мен инфрақұрылымдардың жақсы сақталғанына тоқталды. Десек те, зауыттың өзін қайта іске қосу қиын шаруа. Сондықтан да, облыс басшылығы зауыттың аумағында бірқатар жаңа кәсіпорындар құру мақсатында өндіріс нысандарын кәсіпкерлерге екі айға тегін беру ісін қолға алып, жеңілдетілген баға саясатын ұсынбақ.

Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубакировтің мәлімдеуінше, «Атамекен-Ордабасы» индустриалды паркі кәсіпкерлерге заңгерлік және бухгалтерлік қызмет көрсетіп, оларды бизнес саласында оқытуды да қолға алмақ. Сондай-ақ, аталмыш мекеме кәсіп ашқысы келетіндерге ақпараттық және PR қолдау көрсетіп,  жарнамалау, қаржы көзін тартуға ат салысу, бизнес-жоспар жасау сынды тегін қызметтер жиынтығын қоса ұсынып отыр.

Қала сыртында орналасқан өндіріс орнында ауыл шаруашылығы мен тамақ өндірісінен өзге барлық салалар үшін қолайлы жағдай жасалған. Онда тауарларға арналған қойма да бар.  Бүгінде паркте 5 жоба іске асырылып жатыр. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев тегін қызметтер жиынтығын түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар