Қазақстан • 20 Наурыз, 2017

Қарағандыда Наурыз мерекесі орталық саябақта өтеді

481 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл қарағандылықтар көшпелілердің көне мейрамын қаһарлы қыс пен нәурізек көктемнің мәңгілік тартысын бейнелейтін мюзикл арқылы тамашаламақ.

Қарағандыда Наурыз мерекесі орталық саябақта өтеді

Әдеттегіден бөлек, облыс орталығындағы биылғы мерекелік шаралар жаңа алаңда – саябақта өтпек. Онда үлкен сахна орнатылып, көрермендерге арналған орындықтар қойылатын болады.

Ұлыстың ұлы күнін мерекелеуге облыстық бюджеттен, яғни мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасынан 8 млн теңге бөлініп отыр. Аталмыш іс-шараны ұйымдастыруға Алматы мен Астанадан арнайы мамандар шақырылған. Қазіргі кезде дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

«Дәстүр бойынша Наурыз кеңінен тойланады. Театрландырылған қойылым мюзикл стилінде өтеді. Бұл Көктемнің келуі мен дүниенің жаралуы, қазақ елінің құрылуы туралы ертегі. Су, ауа, от – бәрі қосылады», – дейді алматылық бұқаралық қойылымдардың жиынтық қоюшы-режиссері Аспет Жилкина.

Көрініске 600-ден астам адам қатыспақ. Оның ішінде, оқушылар мен жас әртістер, қарағандылық шығармашылық ұжымдар, театр өнерпаздары да бар. Арқа өңірі болғандықтан би мен әнге көп басымдық берілген. Мәтіндер мен музыка арнайы мюзикл үшін жазылған.

Билердің хореограф-режиссері Алматыдан шақырылып отыр. Бишілерді мюзиклға Абай атындағы қазақ ұлттық педагогика университетінің хореография кафедрасының профессоры Алмат Құрмажанов дайындап жатыр.

Қойылым барысында арнайы эффектілер қолданылмақ. Басты жаңалықтардың бірі – түрлі-түсті түтінді салют болғалы тұр.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар