Қоғам • 21 Наурыз, 2017

Қайырымдылыққа миллиард жұмсаған миллиардер

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

АҚШ-та миллиардер әрі филантроп Дэвид Рокфеллер 102 жасында қайтыс болды. Ол тарихтағы ең алғашқы доллар миллиардері, мұнай магнаты, атақты Джон Рокфеллердің немересі болатын.

Қайырымдылыққа миллиард жұмсаған миллиардер

«Бала Рокфеллер есепсіз байлық, сән-салтанатта өмір сүрді. Ол бауырларымен Нью-Йорктегі Бесінші авенюде ролик тебуге шыққанда арттарынан лимузин еріп жүретін. Шаршаған жағдайда балалар соған міне салатын» деп жазады ВВС.

Алайда, әке-шешесі балаларға ақшаның қадірін білуді үйретті, олардың бойына жауапкершілік сезімін сіңірді. Күн сайын анау-мынауға жұмсау үшін оларға 25 центтен берілетін. Алайда, балалар оның біразын болашаққа және қайырымдылыққа деп сақтап қоюы тиіс болатын.  

Дэвид Рокфеллер 1915 жылы Нью-Йоркте туды. Ол АҚШ-тың 41-ші вице-президенті Нельсон Рокфеллердің және Арканзас штатының 37-ші губернаторының інісі еді.

Дэвид Рокфеллер бизнесте болсын, қайырымдылықта болсын, әулеттің бүкіл ісін басқарды. «Американ капитализмі көптеген адамдарға көмектесті. Әлем тарихында ешбір жүйе адамдарға мұндай көмек көрсеткен жоқ» дейтін ол.

Рокфеллер кедей елдерге көмектесуді қолдады. Өйткені, жағдайлары түзелген соң олар американ тауарларын тұтынушылар санын көбейтуі тиіс еді.

Көптеген басқа миллиардерлер сияқты емес, ол табыс салығына қарсы күреспеді. «Миллиондаған доллар табысқа кенеліп, сосын қалған уақытты салық төлемеудің жолдарын табуға жұмсау ұят нәрсе» дейтін ол.

Рокфеллер әлем бойынша адамдардың тууын шектеп, бақылау керек деген көзқараста болды. Ол энергия мен суды пайдаланудың үнемі өсіп жатқаны, тұрғындар санының көбеюі салдарынан атмосферада ауаның ластануы сияқты мәселелерден қауіптенді.

Рокфеллер корпорацияларды музейлерге қаржылай көмек беруге шақырды. Оның жеке коллекциясында құны 500 млн доллар шамасында өнер туындылары болатын.  

Рокфеллер жүздеген елдің басшыларымен кездесті. Көп жерде оны мемлекет басшысы сияқты құрметтеп күтетін.  

1998 жылы оған АҚШ-тың азаматтық тұлғаларға арналған ең жоғарғы екі марапатының бірі Президенттің бостандық медалі берілді.

Дэвид Рокфеллердің аты тарихта мықты кәсіпкерден гөрі ірі филантроп, яғни қайырымдылыққа қаржы жұмсаушы қайраткер ретінде қалды.

2006 жылы The New York Times газеті Рокфеллер қайырымдылыққа барлығы 900 млн доллардың ақшасын жұмсады деген мәлімет жариялады.

Ал 2008 жылы Рокфеллер өзі оқыған Гарвард университетіне 100 млн доллар ақша сыйлады.

Дэвид Рокфеллер өзінің Нью-Йорк жанындағы иелігінде ұйқыда жатып қайтыс болды. 

Соңғы жаңалықтар