Аймақтар • 21 Наурыз, 2017

Солтүстік Қазақстанда Наурыз мерекесі атап өтілді

413 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыстың жаңадан тағайындалған әкімі Құмар Ақсақалов аға буын өкілдерімен кездескенде Наурыз мейрамын биыл аулалық аумақтар мен тұрғын-үй жайларында да қарсы алуды дәстүрге айналдырған жөн деген ой тастаған болатын.

Солтүстік  Қазақстанда Наурыз мерекесі атап өтілді

Петропавл қаласында 400-ден астам аула бар. Жақсы бастама жұртшылық тарапынан қолдау тауып, Ұлыстың Ұлы күндері 600-ге жуық қоғамдық, мәдени-спорттық шаралар қамтылды. Бір атап өтерлігі, халықтық серуендер 21 наурыз күні театрландырылған хореографиялық "Қош келдің, мерейлі Наурыз!" қойылымымен ашылып, екі күнге созылды.

Аймақ басшысы Қ. Ақсақалов солтүстікқазақстандықтарды көктемнің рухани жаңару мерекесімен құттықтап, діни және этникалық белгілеріне қарамастан барлық қазақстандықтардың ортақ мейрамына айналғанын атап өтті.

Орталық алаңда 11 киіз үйден тұратын этноауыл орналасып, олардың қатысуымен «Наурыз–көктем шуағы деген атпен концерттік, ойын-сауық және балаларға арналған «Салтымызды сақтайық!» танымдық бағдарламалар көрсетілді. Сауда орындарында ауыл шаруашылық өнімдері мен азық-түлік тағамдары арзан бағамен саудаланды. Этномәдени бірлестіктер 15 метрлік «Достық» дастарханын жайып, 10 қазан палау басып, 9 мың бауырсақ пісірді. Дәмділігі тіл үйіретін тағамдар тұрғындар мен меймандарға тегін таратылып, ұлттық әндер шырқалды. Декоративті-қолданбалы өнер туындыларын сатып алушылар қатары да қалың болды. Әсіресе,оқушылардың ағаштан жасаған бұйымдары әсемдігімен таңқалдырды. Қайырымдылық акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі жандар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы отбасылар "Невтун" аквапаркі мен аттракциондарды тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Шағын этноауылдар ықшамаудандарда, аулаларда, аудандарда бой көтеріп, Наурыз мерекесі барынша ұлттық нақышта көрініс тапты.

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті еліміз бойынша «Ұлттық киім» акциясын бірінші рет қолға алып, барлық мектептер тарапынан кең қолдау тапты.

Мерекелік шаралар ауылдарда да жалғасып, сахналық, спорттық алаңдар ұйымдастырылды. Осылайша күн мен түн теңесіп, жер-дүние жаңарып, ерекше түрге енген тамаша мезгілді солтүстікқазақстандықтар да өз мәнінде қарсы алып, шығарып салды.

 Өмір Есқали, "Егемен Қазақстан"

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар