Аймақтар • 22 Наурыз, 2017

Маңғыстау дәрігерлері Наурыз мейрамын тойлауда

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

​Ұлыстың ұлы күнін қарсы алуда Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы мен наркологиялық диспансер, Жаңаөзен қалалық №2 қалалық емхана мен облыстық Балалар үйі ұжымдары белсенділік көрсетті.

Маңғыстау дәрігерлері Наурыз мейрамын тойлауда

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы К.Оралбаеваның айтуынша, облыстық балалар ауруханасы ұжымы «Наурызым - ұлттық айшығым» байқауын жариялап, қатысушылар Қазақстанның әр өңірінің салт-дәстүрі, тарихы мен табиғи байлықтары, Ұлы Отан соғысының ардагерлер, танымал спортшылары, зиялы тұлғалары туралы танымдық сұрақтарға жауап беруден сайысқа түсті. Бас жүлдені Батыс Қазақстан туралы сұрақтарға жауап берген травмотология және лор бөлімшесі ұтып алса, 1-орынды Атырау облысы туралы сұрақтарға жауап берумен жүлдегер атанған әкімшілік тобы жеңіп алды. Ал, 2-орынды Маңғыстау облысына қатысты салт-дәстүр, мәдениетке қатысты сауалдарға жауап берумен қызықтырған жан сақтау бөлімі иеленсе, Жамбыл облысының тарихы мен мәдениетін айтқан жүйке жүйесі аурулары бөлімі жүлдегерлер тобын тиянақтады.

Наурыздың айшықты шарасы Маңғыстау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жалғасын тапты. Мұнда қонақтарды ұлттық киім киген қыздар бұрала қарсы алса, келіндер сәлем етіп, орта жастағы аналар шашу шашып қарсы алды. Ұйымдастырушылар қонақтарға өз қолдарымен дайындалған ұлттық атғам түрлерін ұсынып, концерттік бағдарламасын ұсынды және аталмыш аурухананың қызметкерлері өз араларындағы көп балалы отбасыларға қайырымдылық қолдау көрсеткен. 

150-ге жуық адам жұмыс жасайтын Маңғыстау облыстық наркологиялық диспансер ұжымы Наурыз тойдың сәнін асыра түсті. Диспансердегі 5 ұжым өзара ұлттық киімдер мен орындаушылық шеберліктерін ортаға салып, жарыс алаңына шықты. Диспансердің ардагерлерін шақырып, құрмет көрсетті. Ал, мерекені тойлауды Амал күнінен, яғни 14 наурыздан бастап кеткен Жаңаөзен қалалық №2 емханасы қызметкерлері жұмысқа ұлттық киіммен келіп, мереке қарсаңында тетарландырылған қойылымдар қойды.

Қазіргі таңда 4 жасқа дейінгі 19 бала тәрбиеленіп жатқан Балалар Үйі болса залға арнайы киіз үй тігіп, балаларға арнап дастархан жайып, сыйлықтар үлестірді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.


Соңғы жаңалықтар