Технология • 23 Наурыз, 2017

Наурыз кездесулері болашақ ғалымдар бас қосатын алаңға айналды

452 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Немересі көзі нашар көретін атасының жүріс-тұрысын же­ңілдете түсудің жолын ізде­ген. Әрине, қолқанаты болып, әрдайым қасынан табылуға дайын. Дегенмен, мектеп оқу­шысы ХХІ ғасырда мүмкіндігі шектеулі жандардың өзін өзге­лерден кем сезінбеуіне ғылым арқылы көмектесуге болады деп шешіпті.

Наурыз кездесулері болашақ ғалымдар бас қосатын алаңға айналды

 Атасының күнделікті тіршілігін терең саралай оты­рып, басынан тастамайтын та­қия­сын тиімді пайдалану жолын ойлап тапқан. Сөйтіп, робо­то­теxникаға қызығып жүрген Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Сәттіғали Жолдасбай атасының тақиясына арнайы құрылғы­лар орнату қажет деп шешеді. «Ақыл­ды тақия» атты ғылыми жобасын бастайды.Тақияның өзіне шағын сенсорлық құрыл­ғы­лар орнатады. Адамның ал­дын­да бір кедергілер болса, вибро-моторға белгі келеді екен. Сол кезде вибрация басталады. Көзі көрмейтін адам оны сезеді де, алдында кедергі бар екенін біліп тоқтайды немесе жүрген бағы­тын өзгертеді. Атасына көмек­тің осындай жолын тапқан Сәтті­ғали аталған жобаны әлеу­меттік бастама ретінде жалғас­тыруға болады деп есептейді. Яғни, осы іспетті «ақылды тақия­лар­ды» көзі нашар көретін аза­мат­тарға жасап беруге болады. 

Жалпы, Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының түрлі сала бойынша ұсынып отыр­ғаны ғылыми жобалары өте көп. Оның ішінде арнайы зерттеу­лер мен сынақтардан өтіп, өндіріс­ке енгізілгендері, сатылымға шыға­рылғандары да баршы­лық. Бір ғана зияткерлік мектеп­тер емес, өз идеяларын ғылы­ми жо­баға негіздеп жария етуге, ұсы­нуға еліміздегі барлық бі­лім ошақтарының мүмкіндігі бар. Осы орайда, яғни идея­лар­ды таратуда Наурыз кез­десу­лерінің алар орны ерек­ше. Биыл дәстүрлі Наурыз кездесу­лері ЭКСПО-2017 көрмесіне арналып отыр. Ал Шымкент қаласы физика-математика бағы­тындағы Назарбаев зият­керлік мектебінде өткен кездесуге арқау болған басты тақырып – «Ғылымның шексіз сырлары». Іс-шараның ашылуы алдында өңірлерден келген еліміздегі барлық Назарбаев зияткерлік мектептерінің өкілдері өздерінің ғылыми жобаларымен оңтүстік оқушыларын таныстырды. Мы­салы, астаналық 8-сынып оқу­шысы Қазыбек Тоқтаров эко­туризмді жақсартуға арналған «ақылды киіз үй» жобасы тура­лы жан-жақты әңгімелесе, семей­лік 10-сынып оқушысы А.Ер­ғалиев «бұлттардан электр энер­гияны және суды алу, оны қолданысқа енгізу» ғылыми жобасы туралы айтып берді.

VII Наурыз кездесуінің ашылу салтанатында Оңтүстік Қаза­қстан облысы әкімінің орын­басары Ж.Бөкенбаев бұл кез­десу­лердің өңір жастары үшін маңызы зор екенін атап өтті. Айта кетелік, осыған дейін Астана, Қарағанды, Талдықорған сынды еліміздің бірқатар облыс орталықтарында өткен Наурыз кездесулері биыл ғылымға құштар жастардың басын жетінші рет қосып отыр. Ал таңдаудың биыл оңтүстікке түсу себебін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова өңір­дің қаймағы бұзылмаған қазақ­тың ортасы екенімен және демо­гра­фиялық өсімі жоғары, мектеп­тер­дің саны көптігімен бай­ланыс­тырады.

− Наурыз кездесулеріндегі негізгі мақсаттарымыздың бірі – балаларды ғылыммен таныс­ты­ру. Назарбаев зияткер­лік мек­тептерінде «ақылды бейсенбі» жобасы шеңберінде түрлі сала бойынша шақырылған ғалымдар балаларға дәріс беретін. Осыдан 7 жыл бұрын Наурыз кездесу­лерін бастадық. Оған тек біздің мектептердің оқушылары ғана емес, жалпы білім беретін мектеп оқушыларын шақырамыз. Олар­ға қандай мектепте оқыса да ғалым бола алатынын айта­мыз. Бірақ оған еңбек, ынта, зейін және өзінің қалауы қажет екенін де жеткіземіз. Бүгінгі іс-шара барысында медицина, физика, инженерия, география, математика және өзге де ғылым салаларындағы инновациялық технологиялар бойынша панель­дік сессиялар мен сегіз лекторий өткізіледі. Негізінен Назарбаев Университеттің ғалымдары мен «Korea STEAM» (Оңтүстік Корея) Білім беру үлгілерін зерттеу тобының жетекшісі Чой Джангхун, STEAM-білім беру (Венгрия) технологиясының сарапшысы, инженер-техно­лог Акош Векчей дәріс оқитын бола­ды. Оңтүстікке келуіміздің тағы бір себебі – балаларды қазақ тілінде википедияға мақала­лар жазуда белсенділікке үндеу. Тарихи-мәдени мұралар мен қазіргі Қазақстанның табыстары туралы ой-толғамдарын қазақ тілінде жазатындардың көп бол­ғаны еліміз үшін маңыз­ды. Сондай-ақ, TEDх – «Тарату­ға тұрарлық идеялар» концеп­ция­сының алар орны ерекше. Қазақта «тоқсан ауыз сөз­дің то­бықтай түйіні» деген сөз бар. Оқушылар қысқа да нұс­қа сөй­леп үйренуі, өз ісін көрсе­те білуі қажет. Бұл орайда, олар­дың бойында ғылыми-зерт­теу, әріп­тестік қатынастар, ше­шен­дік өнерді дамытуда «Зият­керлік мектептің  TEDx» клубы жұмыс істейді. Өзін еркін көрсете алмайтын бала, өзі жасағанын ұсына алмайтын бала ертең еңбек нарығында жұ­мыссыз қалады. Осыған бай­ла­ныс­ты балаға тек білім ғана беріп қоймай, оның мінезін, жауап­кер­шілігін, еркін сөйлей алуын дамытуымыз қажет. Ортада өзінің ойын еркін жеткізе алуға, жасаған дүниесін ұсына алуға үйрететін болсақ нұр үстіне нұр. Жалпы, Наурыз кездесулері – отандық ғылымның болашақ жұлдыздарының басын қосатын заманауи жасампаз алаң, − дейді Күләш Шәмшидинова.

Наурыз кездесулері бары­сында STEAM иннова­ция­лық идеялары, оның ішінде балама­лы қуат көздері бойынша жоба жұмыстарын қорғауға және TEDx форматында баяндамалар жасалды. Сондай-ақ, болашақ ғалымдар «Химфарм» акцио­нер­лік қоғамында болып, тыныс-тіршілігімен танысты.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан» 

Соңғы жаңалықтар