
Қазақ халқы қашаннан жауынгер халық қой. Сондықтан, жекпе-жек өнері біздің қанымызға әбден сіңіп кеткен. XX ғасырдың орта тұсында қазақ даласына Шоқыр Бөлтекұлы бокс деген ұлы өнердің шыбығын қадады. Сол шыбық бүгінде мәуелі бәйтерекке айналды. Кеңес Одағы кезінің өзінде талай дарындар шықты. Ал тәуелсіздік жылдары тіптен көбейді. Бірақ, сол бокстың өзі екіге бөлінеді. Біреуі – әуесқой, екіншісі – кәсіпқой бокс. Алғашқысынан әлемдегі державалардың біріміз. Олимпия ойындарынан алтынсыз қайтқан емеспіз. Ал екіншісі енді-енді қанат жайып келеді. Тоқсаныншы жылдардың соңында жерлесіміз Василий Жиров шығып, дүниені дүр сілкінткен еді. Одан кейінгі буынның арасында Геннадий Головкин, Бейбіт Шүменов, Қанат Ислам секілді жігіттердің жұлдызы жарқырады. Қазір кәсіпқой боксқа ауысып жатқан қазақ жігіттерінің саны көп. Дегенмен, әлемдік деңгейде атағы алысқа кеткен ешкім болмай тұр. Өйткені, кәсіпқой бокс деген таза бизнес. Бұл жерде спорттық принциптен гөрі мол ақша бірінші орында тұрады. Сондықтан, әрбір жекпе-жегі үшін гонорарды көп алатындар мен жарнамасы жақсылардың танымалдылығы жоғары. Сондай-ақ, әлемнің кілең үздіктерімен жұдырықтасып, оларды жеңсең ғана мерейің асқақтайды. Кейбір жігіттер өздерінен деңгейі өте төмен Африка, Колумбия елдерінің боксшыларын ұтып, жеңістерінің санын көбейтумен шектеліп жүр. Бұл жағдай боксшыға абырой әпермейді.
Осы тұрғыдан келгенде, қазіргі кәсіпқой бокста басты жұлдызымыз Геннадий Головкиннің 160 фунт салмақ дәрежесіндегі Сауль Альварес (Канело), Билли Джо Сондерс секілді мықтыларды ұтып, абсолютті чемпион болғанын қалаймыз. Сонан соң, басқа салмаққа ауысса деген тілегіміз бар. Атақты кәсіпқой боксшылардың көбісі бірнеше салмақ дәрежесінде чемпион болып, жанкүйерлер мен мамандарды еріксіз мойындатқан. Ондай дәрежеге жетуге Головкиннің толық қауқары бар. Бастысы, промоутері сауатты жұмыс істей білуі қажет.
Енді, Геннадийдің Дэниель Джейкобспен өткізген соңғы жекпе-жегіне тоқталып өтсек.
Жерлесіміз шаршы алаңда алғаш рет 12 раундтық жекпе-жекті толығымен өткізді. Соңғы жылдары барлық қарсыластарын нокаутпен ұтып, жанкүйерлерін соған әбден үйретіп алған еді. Бұл жолы қарсыласын ұрып құлатпағаны мамандар мен көрермендерді таңғалдырғаны рас.
Жекпе-жек алдында екі боксшы салмақ өлшеген болатын. Соңғы салмақ өлшеу рәсімінде Генадийдің салмағы 159,6 фунт (72,4 кило) болса, Дэниэлдің салмағы 159,8 фунт (72,5 кило) тартты.
Алғашқы раундтарда екі боксшы бір-бірінің осал тұсын іздеп, зерттеумен болды. Төртінші кезеңде Генаның бір жойқын соққысы қарсыласын есеңгіреткен еді. Дегенмен, Джейкобс тегеурін танытып, тығырықтан жол тауып кетті. Соңғы раундтарда екі боксшы да шаршап қалды. Бірақ қарсыласына қарағанда Головкиннің көп соққы жасағаны рас. Нәтижесінде, жерлесіміз кезекті жеңісін тойлады. Бірақ, ұзаққа созылған нокауттар сериясы осы жерде тоқтады. Джейкобстың 7-8-9 раундтардағы ерекше белсенділігін айта кеткен де ләзім.
Үш төреші тиісінше, өз есептерінде 115-112, 114-113, 115-112 деп бағалаған екен. Сөйтіп, Геннадий өзінің кәсіпқой бокстағы 37-ші жеңісіне қол жеткізді. Қарағандылық өрен орта салмақ дәрежесінде WBA (Super), IBO және WBC нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағын сақтап қалды. Ол WBA (Super) белбеуін 17-ші, IBO белбеуін 15-ші және WBC белбеуін 2-ші рет қорғады.
Головкин осы жеңісі үшін 2,5 миллион доллар көлемінде сыйақы алды. Бұл оның АҚШ жеріндегі қомақты табысы. Жалпы, Геннадий спорттық мансабындағы ең ірі табысына өткен жылы Ұлыбританияда Келл Брукті жеңгенде қол жеткізген болатын (4 миллион АҚШ доллары). Жерлесімізден жеңілген Дэниель Джейкобс та сыйақыдан құр алақан қалмады. Оған 1,75 миллион доллар көлемінде гонорар берілді.
Джейкобс өзінің жеңіске жеткеніне сенімді. Төрешілердің шешімі әділетсіз деп отыр.
– Мен бұл кездесуде жеңіске жеттім. Жанкүйерлер менің бұл пікіріммен келіседі деп ойлаймын. Тым құрығанда екі раундта қарсыласымнан үздік болдым. Бірақ, бұл бокс. Әлбетте, ол маған қарағанда танымал. Сондықтан әділетсіздіктің құрбаны болдым. Головкин мен Канелоның жекпе-жегіне үлкен көлемде қаржы тігіліп отыр. Сондықтан, осы жолы ол жеңілгенде бұл кездесудің өтпей қалу ықтималдылығы жоғары болушы еді. Бұл жағдай біздің жекпе-жекке өз әсерін тигізді. Мен соңына дейін барып, оны шегінуге мәжбүр еттім. Өзімнің жеңілмегеніме сенімдімін. Қарымта қайтарғым келеді. Бірақ, оған Геннадий келісе ме, жоқ па білмеймін. Өзімнің орта салмақтағы үздік боксшы екеніме сенімдімін. Мен Головкиннен шаршы алаңда бұдан да жоғары қауқар күткен едім. Алайда, олай болмай шықты, – дейді Джейкобс.
Ал Геннадийдің пікірі мүлдем басқа. Қазақстандық өзінің күшін тексеріп көру мақсатында жекпе-жекті соңына дейін созғанын айтады.
– Бұл бокс. Маған төрешілердің шешімімен анықталатын 12 раундтық жекпе-жек қажет болды. Маған жақсы, сапалы жекпе-жектер керек. Егер Дэнни қарымта кездесуді қаласа, мен оған мүмкіндік беремін, – дейді Головкин.
Зады, Джейкобс бір өлімнен аман қалған боксшы. 2011 жылы велосипед теуіп жүрген жерінде құлап, есінен танып қалады. Ауруханаға жеткізілгенде өзінің қатерлі ісікпен ауыратынын білген. Боксшы сол аты жаман ауруды жеңіп, кәсіпқой спортқа қайта оралды. Содан кейін шаршы алаңда ешкімнен ұтылмады. Ал оның алдында ресейлік Дмитрий Пирогтан нокаут алып қалған болатын. Бұл оның карьерасындағы екінші жеңілісі. Бір қызығы, екеуінде де ТМД боксшыларына жол берген екен.
Отандық бокс жанкүйерлері Геннадий Головкиннің енді ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Астанада жекпе-жек өткізгенін қалайды. Жерлесіміз өзі де туған жері Қазақстанда жұдырықтасуға дайын екенін бірнеше рет айтқан болатын. Әзірге қарсыластарының арасынан Билли Джо Сондерстің кандидатурасы сәйкес келіп тұр. Британдық боксшы орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы, WBO International, EBU, Британия Достастығының, BBBofC чемпионы. Шаршы алаңда жеңілмей келе жатқан жампоздың бірі. Егер Сондерспен кездесіп, оны жеңсе, Головкин орта салмақтың абсолютті чемпионы атанады.
– Головкин жақын күндері 35 жасқа толады. Ол Джейкобспен кездесуінде өзінің қарапайым адам екенін көрсетті. Головкинмен жекпе-жек өткізу мен үшін арман. «Твиттерде» промоутері Том Леффлермен сөйлестім. Ол келісімшарт өткен аптада дайын болғанын айтқан еді. Қазақстанда кездесу өткізуге дайынмын. Мен онымен 11 аптадан кейін айқасуға сақадай сай екенімді айта аламын. Егер олар 5-6 аптадан кейін жекпе-жек ұйымдастырғысы келсе, келісім бермеймін. Көбі менің нокаутқа құлағанымды күтеді. Қазір мен дайындалып жүрмін. Келісімшарт осы аптаның соңына дейін жасалса деймін. Бизнестің аты бизнес. Осы айтылған мерзімде менімен жолыққысы келсе, онда жекпе-жекті бірге ұйымдастырайық. Осыған дейін олардың ұсыныстары ақылға қонбайтын еді. Сол үшін келіспей жүрдім. Егер қазіргі ұсыныстары көңілден шығады. Ал тағы бір ай күткізіп қоятын болса, онда өз жолыммен кетемін, – дейді Сондерс.
Енді Головкин мен оның командасының жауабын күту ғана қалды.
Бек ТӨЛЕУОВ,
журналист
АСТАНА