Көктемді қарсы алу салтанатына қыс бойы дайындалған халық та көктем келіп, күн көзі көріне бастағаннан-ақ бұл мезгілден ерекше бір жылылық, шуақ күтеді. Ал Ұлыстың ұлы күнінің еліміз үшін берекелі де мерекелі шақ екені анық.
Самарқанның көк тасы еріп, жер-дүние әсем күйге бөленген шақта облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешіті Әз Наурыз мерекесін ұйымдастырды. Күндердің сұлтаны жұма күні намаздан шыққан көпшілік мешіт тарапынан дайындалған арнайы ақ дастарқаннан дәм татып, наурыз көже ішті. Сондай-ақ, бұл күні мешіт ауласына сегіз қанат киіз үй тігіліп, алтыбақан құрылды. Наурыз мейрамына Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет және бірқатар мемлекеттік қызметшілер, еңбек ардагерлері арнайы қатысып, көпшілікпен бірге болды. Ал қариялар елдің тыныштығын, ауызбірлігін тілеп, қазақы салтпен бата берді.
Бұл шарада Наурыз нақыштары кеңінен көрініс тапты. Атап айтсақ, Тараз қалалық мешіттерінің жанынан құрылған арнайы топ арқан тарту, ләңгі тебу, гір тасын көтеру, қошқар палуан сынды ұлттық спорттық сайыстарда өз өнерлерін көрсетті. Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ал өңірімізге белгілі ақын-сазгерлер ән әуелетіп, күй шалқытты.
Ұлттың ұғым-түсінігінде Ұлыстың Ұлы күні қайырымдылық, мейірімділік мерекесі болып саналады. Бұл күні қайырымдылық жәрмеңкесі өткізіліп, мешіт атынан әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға кілем табысталды. Ал мешіттің қыздар, әйелдер секторы әйелдер жамағаты үшін бесік салар, тұсау кесер сынды салт-дәстүр рәсімдерін өткізіп, әжелер мектебі жастарға өнегелі өсиетін айтты. Мешіт ұстаздарының ұйымдастыруымен көпшілікке руханият тақырыбынан викториналық сұрақтар қойылып, жауап берілді.
«Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілі Данияр қажы Жұмабаев бұл іс-шара жастарымыздың ұлттық салт-дәстүрге деген құрметін арттыру үшін ұйымдастырылып отырғанын айтты. «Наурыз ешқандай да діни мейрам емес. Дін мен дәстүрдің сабақтас екенін ескерсек, бұл рухани мереке еліміз үшін де игілікті. Жастарымыз да бабадан балаға мұра болып келе жатқан әз Наурызды жан-жүрегімен түйсінсе, бұдан ұтылмасымыз анық», дейді Данияр Әлимұхаммедұлы. Шынында да бұл мереке Ұлыстың Ұлы күні ұлтқа мұра екенін тағы бір дәлелдеді.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы