Ақордада шағын құраммен өткен кездесу барысында екі елдің қатынастарындағы басты салалар бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселесі сөз болды.
Қазақстан Президенті өзбекстандық әріптесін шетелдік мәртебелі мейманға лайықты сән-салтанатпен қарсы алды. Н.Назарбаев Шавкат Мирзиеевтің президент ретінде қазақ жеріне алғаш келіп отырғанын атап өтіп, басқан қадамына сәттілік тіледі.
– Мен сізді Қазақстан жерінде шын жүректен, бауыр ретінде қарсы аламын. Бұл – президент ретіндегі алғашқы сапарыңыз. Сізді өзбек халқы президент сайлауына байланысты құттықтаймыз. Өзбекстан бізге стратегиялық әріптес, көрші әрі бауырлас ел. Біздің халқымыз сіздерге даму және береке тілейді. Болашақта да экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту ісінде біз Өзбекстанға және жеке өзіңізге сенім артамыз. Сапарыңыз табысты болуы үшін барлығын жасаймыз. Қазақстан өзінің стратегиялық серіктесі, көршісі әрі бауырласы – Өзбекстанның халқына бақ-береке тілеп, өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдіреді. Біз келешекте екіжақты байланыстар аясында жемісті қарым-қатынас орнайды деп сенеміз. Қазірдің өзінде мемлекетаралық әріптестікті нығайту бағытында нақты жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, елдеріміздің арасындағы сауда айналымының көлемі өскені айқын байқалады, шекараларымыз арқылы өткізу мүмкіндігі артып, өнімдердің жаңа түрлері жеткізілуде, – деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде, Өзбекстан Президенті Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарын тарихи сапар деп санайтынын айтты. Ол Қазақстан тарапының сый-құрметпен күтіп алғанына ризалығын білдірді.
– Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, өткен жылғы қыркүйекте Самарқандқа келгеніңізде Қазақстан мен Өзбекстан қашанда бірге болатынын айтқан едіңіз. Жақсылықты да, қайғыны да бөлісеміз деген болатынсыз. Бұл сөздер бізді жақындатты, бүкіл өзбек халқы нағыз дос әрі бауыр халықтың қолдауын сезінді. Сіз өз досыңыз, Өзбекстан Республикасының тұңғыш Президенті Ислам Кәрімовтің қабіріне арнайы келіп, құрмет білдірдіңіз. Сол сапардан бері бізде мүлдем жаңаша қарым-қатынас басталды. Соңғы бес айда бәрі қайта басталғандай болды,– деді Шавкат Мирзиеев.
Кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында екі елдің 500-ден астам кәсіпкерінің қатысуымен халықаралық бизнес-форум өтіп, алқалы жиында жалпы сомасы 1 миллиард долларды құрайтын 75 келісімшартқа қол қойылған болатын. Мемлекет басшыларының кездесуінде бұл туралы да айтылды.
Шавкат Мирзиеевтің айтуынша, Өзбекстан тарапы Қазақстанды қашанда ең жақын, ең сенімді дос деп санайды. Ел Президентінің алғашқы сапарларының бірін Астанаға жасауын да осының бір нышаны деп түсінген абзал.
– Біздің тарихи тамырымыз бүгінгі күндерімізден хабар береді. Біз кеше келіссөздерді бастадық. Бүгін болашақ қарым-қатынасымыз туралы сөз болады. Бірінші рет делегациямызбен парламент жетекшілері, қорғаныс министрлігінің жетекшілері келіп отыр. Бұл ведомстволар арасында бұрын мұндай тығыз қарым-қатынас болған емес. Өткен жылы әлем үшін тарихи құбылыс болды. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланды. Бұл бүкіл Орталық Азия мүддесі сіздің жетекшілігіңізбен қорғалатынын білдіреді. БҰҰ-дағы екі жылдық тұрақты емес мүшелік кезінде Ауғанстан бойынша шаралар қабылданады деп сенемін. Бұл сіздің бастамаларыңыз. Өзбекстан қашанда мұның бәрін қолдайды. Біздің бәріміз де сіздің бастамаларыңызды қолдаймыз,– деді Шавкат Мирзиеев.
Салтанатты кездесуден соң екі мемлекеттің делегацияларының қатысуымен кеңейтілген келіссөздер өтті. Осы жиынның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету және тату көршілікті нығайту туралы бірлескен декларацияға қол қойды.
Сондай-ақ, келіссөздер нәтижесінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов Өңіраралық ынтымақтастық туралы келісімге, 2017-2019 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық стратегиясына, Табыспен бірге қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойды.
Ал еліміздің Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Өзбекстан Сыртқы экономикалық байланыстар, инвестициялар және сауда министрі Элёр Ганиев Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы, екі елдің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Қайрат Әбдірахманов пен Абдулазиз Камилов ведомствоаралық 2017-2018 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын, Қазақстанның Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов пен Өзбекстанның Қорғаныс министрі Кабул Бердиев Қорғаныс министрліктері арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді рәсімдеді.
Қол қою рәсімінен кейін Қазақстан мен Өзбекстан президенттері бірлескен мәлімдеме жасады. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев атап өткендей, алдағы уақытта Қазақстан мен Өзбекстанның өзара тиімді ынтымақтастық қарқынын арттыра түсу керек.
– Ең алдымен Шавкат Мирзиеев мырзаға бауырлас халықтар қастер тұтатын ортақ мерекеміз – Наурыз мейрамында келіп, біздің елімізге тұңғыш мемлекеттік сапар жасағаны үшін шын көңілімнен ризашылығымды білдіремін. Мерекесі мен берекесі ортақ елдеріміздің барлық азаматтарын Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтаймын. Өзбекстан Республикасының жаңадан сайланған Президенті Қазақстанға сапармен келіп отыр. Бұл Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытып, достық байланысты нығайтуға мүмкіншілік береді, – деді Н.Назарбаев.
Елбасы келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға екі елдің үкіметтері жедел кірісіп кеткендігін де атап өтті. Н.Назарбаев мысалға келтіргендей, бүгінде екі ел кәсіпкерлерінің атсалысуымен сауда үйлері ашылды, елдеріміз арасында өзара тауар жеткізу номенкулатурасы ұлғайды. Көлік, энергетика, ғарыш, туризм салалары бойынша өзара іс-қимыл жанданып келеді. Автомобиль құрастыру саласында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін маңызды жұмыстар жүргізілді. Алдағы уақытта сауда-экономикалық бағыттағы жұмыстар әлі де ілгерілеп, өзара тиімді ынтымақтастық қарқынын арттыра түсу көзделіп отыр.
Жалпы, Өзбекстанның жаңа Президенті қазақ-өзбек сауда-саттық қатынастарының қанат жаюы үшін барлық мүмкіндіктерді жасады деуге болады. Елбасы айтып өткендей, бүгінгі күні Астана мен Ташкент екіжақты сауда-экономикалық әріптестік бойынша Орталық Азия аймағында жетекші позицияға ие болып отыр. Өткен жылдың қорытындысында тауар айналымының көлемі шамамен 2 млрд долларды құрағаны осының бір нышаны. Ал сауданың нақты көлемдегі өсімі 2016 жылы 16 пайызға артыпты. Бір айта кетерлігі, соңғы 5 айда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымының ауқымы екі тарапта да 30 пайызға ұлғайған. Қазақстанның астығы көрші елге 30 пайыз артық жеткізілсе, елімізге келіп жатқан өзбек жеміс-жидегі мен көкөнісінің көлемі 25 пайызға артқан. Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларында өзбек капиталы салынған 800-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.
Көлік-транзит саласындағы ынтымақтастық жанданып, Алматы-Ташкент бағытында жүрдек пойызы жолға шықты, жаңа әуе жолы мен автобус бағыттары да іске қосылған. Елордада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне де іргелес ел кең ауқымда қатысуға ниет білдіріп отыр.
Ақорда төріндегі келіссөздер барысында су-энергетика мәселелеріне айрықша мән беріліпті. Бұл туралы Мемлекет басшысы:
– Орталық Азияның трансшекаралық өзендері ортақ игілік екенін тағы да растадық. Біз бауырлас елдердің суды пайдалану жөніндегі ойларына толық түсіністікпен қараймыз және бұл іске аталған өзендердің төмен жағындағы елдердің мүддесіне нұқсан келтірмей қатысуға дайынбыз. Бұл суға миллиондаған адамның тағдыры тәуелді. Аймақтағы тұрақтылық, аман-саулық, тиісінше арамыздағы достық қарым-қатынас пен сенімнің нығаюы осы суға байланысты. Сондықтан оны ақылмен пайдалану қажет, – деді.
Дәл осы трансшекаралық өзендер мәселесіне қатысты Шавкат Мирзиеев өзендерде жаңа гидротехникалық құрылыстар салу мәселесі талқыланғанын жеткізді. Өзбекстан басшысының пайымдауынша, бұл жұмыс өзге де мүдделі мемлекеттердің мүдделеріне нұқсан келтірмейтін сындарлы көзқарас пен келісім негізінде, сонымен қатар халықаралық су құқының нормаларына сәйкес жасалуы тиіс. Бұл тұрғыда өзбекстандық тарап БҰҰ-ның Әмудария мен Сырдарияның су ресурстарын ұтымды әрі әділ пайдалану жөнінде халықаралық келісім жасау жөніндегі бастамасын қолдайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдемесінде айтылғандай, Шавкат Мирзиеевтің елімізге жасаған алғашқы мемлекеттік сапары ынтымақтастық пен әріптестіктің жаңа белесіне жол ашты деп санаған ләзім.
– Біздің тығыз мәдени-тарихи байланыстарымыз достық қарым-қатынасымыздың маңызды факторы саналады. Бүгінде миллионнан астам этникалық қазақ Өзбекстанда тұрып жатыр. Шамамен 500 мың өзбек екі мемлекетті де өз отандары санайды, – деп атап өтті Елбасы.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы келіссөздер барысында өзбек әріптесімен мәдени күндер өткізу жайында уағдаластық жасағандығын атап өтті. Қазақстанда өзбек этносы өкілдерінің өз мәдени орталықтары, театрлары бар екендігін, Қазақстан халқы Ассамблеясында, Қазақстан Парламентінің құрамында да мүшелері сайланғанын, қажеттілік бар жерлерде өзбек тіліндегі мектептердің жұмыс істеп тұрғанын айтты.
– Бүгінгі келіссөздер нәтижесіне мен өте жоғары баға беремін. Шавкат Мирзиеевтің елімізге алғашқы мемлекеттік сапары ынтымақтастық пен әріптестіктің жаңа белесіне жол ашты деп санаймын. Өзбекстан өсіп, өркендей берсін! Бауырлас өзбек халқына бақ, береке тілеймін! – деді Елбасы.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев өз сөзінде Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті сақтаудағы рөлін жоғары бағалап, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын тарихи оқиға деп санайтынын жеткізді. Ш.Мирзиеевтің пікірінше, еліміздің Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі Орталық Азия өңірі үшін зор маңызға ие.
– Қазақстанның БҰҰ-дағы 2 жылдық тұрақты емес мүшелігі барысында Ауғанстанға қатысты шаралар қабылданатынына сенімім мол. Ауғанстандағы тұрақтылық пен бейбітшілік Қазақстан үшін де, Өзбекстан үшін де барынша маңызды, – деді Өзбекстан Президенті.
Өзбекстан Президенті Қазақстан басшысы Н.Назарбаевты өзіне ыңғайлы кез келген уақытта Өзбекстанға сапарлап баруға шақырып, құшақ жая күтіп алуға әзір екендігін айтты.
– Сізбен жиі кездесіп, сағаттарымызды түзетіп, алға қарай ілгерілейміз деп уағдаластық. Нұрсұлтан Әбішұлы, мен Сізге өзіңізге ыңғайлы кез келген уақытта Өзбекстанға шақырамын. Сізбен Өзбекстанда кездесуге өте қуанышты боламын, – деді ол.
Жалпы, сан ғасырлық тарихи тағдыры сабақтас өріліп келе жатқан қазақ-өзбек қатынастары соңғы уақытта жаңа белеске көтерілді деуге негіз бар. Бұл, әсіресе, сауда-экономикалық қатынастарының қарқын алып, қанат жайып келе жатқанынан айқын аңғарылады. Бір-бірін сенімді серік, тату көрші және бауырлас ел деп санайтын екі мемлекеттің басшылары алдағы уақытта өзара қатынастарды одан әрі жетілдіріп, ынтымақтастықты нығайта беруге ниетті екендіктерін жеткізді.
* * *
Сондай-ақ, екі ел президенттері кеше екіжақты келіссөздерден кейін Астана қаласының көрнекті орындарын аралады. Н.Назарбаев пен Ш.Мирзиеев «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет
театрында болып, «Қыз Жібек» операсының дайындығын көрді.
Ал Назарбаев Университетте білім ордасының даму жоспарымен, өнеркәсіпті автоматтандыру зертханасымен, оқу орнының зерттеушілік жобаларымен және физика-математика зертханасымен танысты. Ш.Мирзиеев университеттің құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеев ресми ашылған «MEGA Silk Way» сауда және ойын-сауық орталығының сауда-көрме павильондарын аралап көрді. Президенттер «Cirque du Solei» әртістерінің Монте-Карлодағы халықаралық фестивалінің жеңімпаздары қойған шағын театрлық көрініс пен акробатикалық шоуды тамашалады.
Мемлекеттер басшылары қаланың көрнекті орындарын аралап көрген соң Астана ЭКСПО-2017 көрме кешені құрылысының барысымен және оның макетімен танысты.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды