Аймақтар • 24 Наурыз, 2017

Жамбыл облысында «Кеңес беру алаңы» құрылды

224 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жас­тар арасында түсіндіруге арналған «Елбасы Жолдауы – жаңғырудың жаңа кезеңі» атты жиын өтті.

Жамбыл облысында «Кеңес беру алаңы» құрылды

Шараны облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырып, жастарды Жолдауда көрсетілген негізгі мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруға атсалысуға шақырды.


Сонымен қатар, аталған жиында Тараз қаласындағы жастардың түрлі санаттарына арналған «Кеңес беру алаңы» да құрылды. Бүгінде жұмыссыз, мүмкіндігі шектеулі, сондай-ақ жеке кәсібін ашуға немесе кәсібін да­мытуға ниетті жастардың да түрлі ба­ғыт­тағы мемлекеттік қолдау тетік­терін пайда­лануға мүмкіндігі бар. Облыста әлеу­меттік және құқықтық көмекті қажет ететін жас­тар да жетерлік. Шарада осы мәсе­ле­лерге ба­сым­дық беріліп, бірқатар ойлар да айтылды. 

Ал жоғары және орта арнаулы оқу орнын бітіруші студенттердің алдында да болашақта жұмысқа орналасу мәселесі тұ­ра­ды. Жиында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай мен басқарма басшысы Мәди Мәтен жастардың түрлі мәсе­лелеріне тоқталып, нақты жоспарларды ұсынды. Мұндағы негізгі басымдық – жас­тарды жұмыспен қамтуға беріліп отыр. Сондай-ақ, жастардың кәсіпкерлік әлеуе­тін арттыру да, олардың өзін өзі жұмыс­пен қамтуға баулу да күн тәртібіндегі мәселе. Ал Мәди Мейірбекұлының айтуын­ша, болашақта біраз жас «Кеңес беру алаңы» арқылы жұмысқа орналасып, кәсібін ашып, қоғамға қызмет ететін болады. Сондай-ақ, «Кеңес беру алаңының» жұмысына облыс әкімдігінің басқармалары мен мемле­кет­тік органдар қызметкерлері, қаржы сектор­ларының мамандары да қатысты.

Айта кетейік, аталған басқарманың ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың ақпан-наурыз айларында «Елбасы Жолдауы – жаңғырудың жаңа кезеңі» атты облыстық авто­керуен облыстың барлық аудандарын­да болып, кеңес беру алаңдарын ұйымдас­тыр­ған болатын. Аталған шараға 14-29 жас ара­лы­ғындағы әрбір ауыл, елді мекендердегі түрлі санаттағы жастар қатысқан. Мұнда жал­­пы саны 3 мыңға жуық жасқа кеңес бе­ріл­ген еді.

Бүгінде елімізде жастарға арналған «Дип­­ломмен – ауылға!», «Серпін», «Биз­нес­тің жол картасы», «Жастар практикасы» сияқты ірі бағдарламалар бар. Бұл өз кезегін­де жастардың ауылшаруашылық және кәсіп­керлік бағыттарында да жұмыс істеуіне жағ­дай жасайды. Ал облыс орталығында өткен жиын­ның қорытындысы бойынша, 1000-ға жуық жасқа кеңес берілді. Келешекте де жастар «Кеңес беру алаңы» арқылы өз мәсе­лелерін шеше алатын болады.


Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»


Жамбыл облысы



Соңғы жаңалықтар