Шара Елбасы Жолдауын қолдай отырып, құжатта нысанаға алынған негізгі басымдықтарды, олардың маңызы мен мәнін жас спортшыларға түсіндіруге бағытталды. Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, макро-экономикалық тұрақтылық, адами капитал сапасын жақсарту, институттық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күрес сияқты әр басымдық бойынша жеке-жеке баяндамалар жасалды.
Аталған оқу ордасының басшысы Амалбек Тшанов жас спортшылардың болашағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуымен тығыз байланысты екенін тілге тиек етті. «Баршамызға белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз халқымен тікелей сұхбаттасты, өзінің ойын, көзқарасын айтып, алға қойған мақсаттарымен бөлісті. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Елбасының биылғы Жолдауы – өзінің тарихилығымен ерекшеленетін құжат. Елбасымыздың қай Жолдауын алып қарасақ та астарында ұлт болып ұйысу, халық болып біріге отырып қиындықтарды еңсеру идеясы жатқанын байқауға болады. Елбасының салиқалы саясаты еліміздің әлемнің 30 дамыған елінің қатарына қосылуына толық мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болуы үшін Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауда еліміздің әр азаматы табандылық танытуы қажет», деді ол өзінің сөзінде.
Аталған «Республикалық спорт колледжі» – еліміздің атын әлемге әйгілеп жүрген талай спортшыны қанаттандырған киелі шаңырақ. Ал шараға қатысқан барлық спортшы өрен өздеріне тән үрдіспен бірауыздан «Алға, Қазақстан!» деп ұрандатты.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»