Бизнес • 24 Наурыз, 2017

Қазақ-өзбек кәсіпкерлерінің уағдаластығы жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттырады

340 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Астана қаласындағы «Тәуелсіздік» сарайында Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы өтті.

Қазақ-өзбек кәсіпкерлерінің уағдаластығы жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттырады

Өз­бекстан Республикасының Президенті Шавкат Мир­зиеевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары ая­сында ұйымдастырылған шарада екі ел кәсіпкер­лерінің қатысуымен B2B форматында келіс­сөздер жүргізілді. Көпшілік оңтүстіктегі көршінің өнеркәсіптік және тұтыну тауарлары көрмесін тамашалады. Онда жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, азық-түлік, құрылыс және басқа да салалардағы жүзден астам компанияның өнімдері ұсынылған.

Басқосуда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев сөз сөйледі. Ол бұл шара­ның Қазақстан мен Өзбек­стан арасындағы эконо­­ми­калық қарым-қаты­нас­тың жаңа бастауы болаты­нына сенім білдірді. «Өзбек­­стан Президенті Шавкат Мир­­зиеевтің сапары аясын­­да бірқатар өзбек кәсіпорын­­дары Қазақстанға келді. Биз­нес форумға екі жақтан 500-ден аса кәсіпкер қаты­­сып отыр. Қос тарап өкілдері­­нің арасында құны 840 мил­­лион доллар болатын 92 келі­сімшартқа қол қойылды. Жиын­ның соңын­да құны 94 млн дол­ларлық тағы 10 құ­жатқа қол қойы­лады. Биз­нес­­мен­дер үшін маңызды құжат­тар бар», деді Нұржан Әлтаев.

Өзбекстан Сауда-өнеркәсіп палата­сының төр­ағасы Алишер Шайхов­тың мәліметінше, өзбек тара­пы Қазақстан шекара­сына жақын орналас­қан аумақтарда еркін эко­но­микалық аймақтардың жұ­мы­сын дамытпақ. «Әрине, барлық салаларда қатынас­тарды дамытуға жағдай бар екенін көріп отырмыз. Екі елдің арасында қол қой­ыл­ған 170 келісім ынтымақ­тастықты дамыту үшін өте маңызды заңнамалық негіз болып табылады. Бұл тұрғыда татулығымызды әртараптандыру үшін үлкен мүмкіндіктер бар, яғни жаңа өндірістерді Өзбекстан мен Қазақстан аумағында құру бағытында ынталандырушы қадамдар жеткілікті. Бүгінде біз Өзбекстан ау­мағында қызмет етіп жат­қан өнеркәсіптік еркін эко­но­микалық аймақтармен қатар, жаңаларын құруды жоспарлаудамыз. Олар қос ел шекарасынан алыс орналас­пайды, осы орайда сіздердің және біздің биз­нестің бірлесіп қатысуы жа­һандық нарықта бәсе­кеге қабілеттілікті арттыра түседі», деді А.Шайхов биз­­нес-форум барысында. Оның сөзінше, Қазақ­стан мен Өзбекстан ара­сын­­дағы ынты­мақтас­тық­тың оңтайлы болуы үшін атқарылатын жұ­мыс­тар өзара сәйкестік ұста­ным­дары­мен жүргізілуі тиіс. Сон­­дықтан барлық ресурстар­ды іске қосу қажеттілігі тууда. 

«Бизнес саудадан басталады. Өзбекстан мен Қа­зақстан – Жібек жолының ор­тасында болған елдер. Сол себепті логистиканы дамытып, бірлескен кəсіп­орындар құрып, үшінші ел­дердің нарығына шығуға болады», деген А.Шай­хов екі елдің сауда айна­лымын 5 миллиард дол­ларға жеткізу мүмкін еке­нін мәлімдеді. «Бизнес- форумның алдында құны 800 мил­лион доллардан асатын келісімшарттарға қол қой­дық. Кешке дейін қол қойылған келісімшарттар құны 100 миллион дол­лар­ға жетеді деп ойлаймын. Жалпы, екі елдің ара­сын­дағы сауда айналымды бес миллиард долларға жет­кізу міндеті тұр», деді ол.

Бұл ретте, инвестиция тарту мәселесіне тоқталған Өзбекстан өкілі инвестиция көлемі кәсіпкерлердің өзіне байланысты екенін, оны тарту үшін екі елдің əлеуеті же­тетіндігін тілге тиек етті.

Айта кеткен жөн, Өз­бек­стан тарапы елімізге химия тауарлары, электротехника, шарап, тері, аяқ киім жөнелтуді көздеп отыр. Ал Қазақстан көрші мемлекетке алюминий қорытпасы мен металл прокатын сатуға ниетті. Бұл жобалардың құны шамамен 30 миллион долларға тең болады. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 1,5 миллиард доллардан асқан. Сарапшылар алдағы үш жылда бұл көрсеткіш 5 миллиард долларға жетуі әбден мүмкін деп отыр.

Асхат РАЙҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»




Соңғы жаңалықтар