Парламент • 24 Наурыз, 2017

Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

148 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің мемлекеттік сапары аясында Астанаға келген Өзбекстан Олий Мажлисі Сенаты Төрағасының бірінші орынбасары Содик Сафоевпен кездесті, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.

Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Қ.Тоқаевтың пікірінше, президенттер Н.Назарбаев пен Ш.Мирзиеевтің Ақордадағы келіссөздерінің нәтижесі сапардың тарихи маңызын дәлелдеді. 

«Қазақстан мен Өзбекстан қатынастарының парла­мент­аралық өлшемі тамаша серпін алатын болды. Екі елдің парламенттері сапар барысында қол жеткен уағда­лас­тықтарды тиімді іске асыру, оның ішінде уақытылы әрі тиісті заңнамалық қолдауды қамтамасыз ету үшін бар күшін салатын болады. Одан басқа, екі елдің сенаттары арасындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Өзбекстан аймақтары арасындағы байланыстарды нығайтуға ықпал ететін болады», – деді әңгіме барысында Қ.Тоқаев.

Кездесу аясында Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі Сенаты арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Парламентаралық үнқатысуды тереңдетуге бағыт­талған бұл құжат парламенттердегі жоғарғы палата­лардың тарапынан екі елдің саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарын қолдауды көздейді.

Екі мемлекеттің Сенаттары өз құзыреттері аясында екі­жақты ынтымақтастықтың келісім-құқықтық базасын кеңей­туге ықпал етеді.

Құжатта «Тараптар жаһандық сын-қатерлермен және қауіптермен тиімді күрес жүргізуді қамтамасыз ететін құ­қық­тық кеңістік құру саласында өзара іс-қимыл жасайды», – деп атап өтілген.

Меморандум сапарлар алмасу, парламенттік шараларға қатысу, халықаралық парламенттік ұйымдарда өзара қолдау көрсету мен ұстанымдарды келісу сипатында жүзеге асады.


Соңғы жаңалықтар